22.01.2025, 18:00
Оқылды: 17

Ауыспалы кубок Шыңғырлауға аттанды

Теректі аудандық мәдени-демалыс орталығының кіші мәжіліс залында аудандық білім беру бөлімінің қолдауымен, аудандық оқу-ағарту және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитеті филиалының ұйымдастаруымен Салалық кәсіподақтың 100 жылдығына орай, жас педагогтар арасында «Қазақша.QUIZ» облыстық-аймақтық интеллектуалдық ойыны өтті.

Шараға Теректі ауданы әкімінің орынбасары Қалаубек Теміров, БҚО оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Марат Даупаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

472683256_2800319260149950_2816950239447518131_n

«Жастар – ел болашағы» десек, өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатып, еліміздің саяси-әлеуметтік өміріне белсене араласып жүрген ұстаздардың қоғамдағы алар орны қашан да төрде болмақ. Бүгінгідей аймақтық деңгейде өтіп жатқан сайыс секілді, кез-келген зияткерлік ойын білім саласы мамандарының кәсіби шеберлігі мен ой ұшқырлығын шыңдауға таптырмас құрал.

472198332_2800319096816633_5023108065461652665_n

Сонымен қатар, осындай шаралар ауыл, ауданаралық достықты нығайтып, әріптестік қарым-қатынас орнатып қана қоймай, жаңа жетістіктерге жетуге жол ашады. Бүгінгі шарада тек ойы озық, мықты команда жеңіске жетуіне тілекшімін», деді Қалаубек Баубекұлы.

473320281_2800319163483293_8395489631247775246_n

БҚО оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіподағының да тек еңбек дауларына араласып қана қоймай, жастардың кәсіподақ мүшелерінің белсенділігін арттыруда көптеген шаралар ұйымдастырып жүргенін тілге тиек еткен Марат Оразалыұлы сайыскерлерге сәттілік тіледі.

472339884_2800319230149953_8638799982053712559_n

Шараның шымылдығын халықаралық, республикалық дәстүрлі әншілер байқауының жеңімпазы «Телқоңыр» ансамблі ашса, Тілекші Бектұрғанова әнмен әрледі.

472427720_2800319120149964_705313169828434606_n

Кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жетілдіру және бірлігін нығайту, жастар саясатын қалыптастыру, аудандардағы ұстаздар арасындағы байланысты дамыту мақсатында өткен білімділердің бұл аймақтық сайысына Шыңғырлау, Бөрлі, Қаратөбе, Сырым, Бәйтерек және Теректі аудандарының жас педагогтары қатысып, бақ сынады.

472420436_2800319180149958_1469505164921814871_n

Зияткерлер сайысында алты ауданның командасы «Жауап», «Біз білетін ән», «Көрген кино», «Бұл кім?» және «Бұл қай қала?» кезеңдері бойынша сынға түсті. Сайыскерлер бірінші кезеңнен мүдірмей өткенмен, сөзін оқып, әнін табу сынды жарыста кез-келген әннің мәтінінен көрі әуеніне басымдық беретіндерін түсінгендей болды. Кадр қиындысынан киноның атауын табу да командаларға оңайға түспегені кезең қорытындысынан байқалса, тұлғалар есімі мен қала атауын табу да талайды тығырыққа тіреді.

Барлық кезеңнен де мүдірмеген шыңғырлаулық ұстаздар жарыс жеңімпазы атанса, Сырым ауданынан келген педагогтар екінші орын иеленді. Бәсекелестерінен бір ұпаймен ғана ұтылған теректілік зияткерлер сайысты үшінші орынмен қорытындылады.

«Теректі ауданында тек қана ұстаздар емес, мемлекеттік қызметшілер, белсенді жастар арасында «Қазақша.QUIZ» ұйымдастырылып келеді. Бүгінгі шара да өз деңгейінде өтті деп ойлаймын. Мақсатымыз – жеңімпаз анықтап, бақталастық орнату емес, облыстың жас ұстаздарының арасында достық қарым-қатынас орнату.

Идея болғанмен оны жүзеге асыру үшін қолдау да керек. Осы тұста аудандық білім бөлімі басшылығына және аудандық оқу-ағарту және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитеті филиалының төрайымы Ұлдай Сәрсеноваға алғыстан басқа айтарым жоқ», деді сайыстың жүргізушісі әрі идея авторы Үміткер Орынғалиев.

«Бүгінгі шара өте тартысты өтті. Өзге шаралардан ерекшелігі білімнің, интеллектуалдық дағдының сынға түскен сайысы болды. Сондықтан бәрімізге ұнады. Қазір той тойлайтын заман емес, ойды жетілдіретін заман, қала берді боймен емес, оймен бәсекелесетін уақыт. Менің ойымша осындай зияткерлік шаралардың көп болғаны өте дұрыс. Мұғалімдердің, ағартушылық қызметте жүрген мамандардың арасында осындай сайыстар жиі өтіп тұру керек. Сайыста республикалық, әлемдік деңгейдегі сұрақтарға жауап бере отырып, білімімізді сынға салып, жақсы әсерге бөлендік. Әлі де өзімізді жетілдірер, ізденер тұстарымыз көп», деді жеңімпаз команда мүшесі, Шыңғырлау аудандық Лұқпан Қылышев атындағы ЖОББМ-нің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Самат Байболатов.

Аймақтық сайысқа қатысқан барлық командалар естелік сыйлықтармен марапатталса, ауыспалы кубок Шыңғырлауға жол тартты. Демек, келесі аймақтық интеллектуалдық сайыс Шыңғырлау ауданында өтпек.

Шара соңында БҚО оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Марат Даупаев білім беру жүйесіндегі көп жылдық еңбегі мен кәсіподақ қозғалысын дамытуға қосқан үлесі үшін Үміткер Жұмакелдіұлын алғысхатпен жзәне естелік сыйлықпен марапттады.

Рауан Таңатжанұлы,

Теректі ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале