Жуырда облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің тапсырмасымен құрылған арнайы делегация Ресей Федерациясының Псков облысына қарасты Невель қаласына барды. Іссапардың мақсаты – Невель қаласында жерленген қазақтың батыр қызы, пулеметші Мәншүк Мәметованың, мерген Ыбырайым Сүлейменовтің және майданда шейіт болған қазақстандықтардың рухына Құран бағыштап, ескерткіш орнату бойынша келіссөздер жүргізу.
Биылғы қаңтардың 11-і күні ертемен Орал қаласынан аутокөлікпен шыққан делегация 36 сағат жол жүріп, келесі күні кеште Ресейдің Невель қаласына жетті. Делегация құрамында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Медхат Қамбетов, еңбек ардагері, қоғам қайраткері Табылғали Сапаров, Қазақстан Суретшілер одағының БҚО бойынша филиалының төрағасы, мүсінші Қайыр Оразғалиев, мүсінші Манас Аққожин болды. Сондай-ақ олардың қатарында «Поиск» іздеу тобының командирі Марат Аққалиев пен Батыс Қазақстан облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекцияның бөлім басшысы Абзал Байбеков және осы жолдардың ауторы да бар еді.
Жұмыс тобы алдымен 1941 жылы күзде Алматы қаласында құрылған 100-ші ұлттық атқыштар бригадасы мен Ақтөбе қаласында құрылған 101-ші ұлттық атқыштар бригадасының жеке құрамында жауға қарсы соғысып, қаза тапқан жауынгерлер рухына тағзым етті. Яғни Тверь облысы Ржев қаласындағы мемориалдық кешенге, Ржев қаласындағы «Қорған» бауырластар зиратына, Тверь облысы Оленинауданының Молодой Туд деревнясындағы бауырластар зиратына барып, Құран бағыштады. Ржевтегі мемориалдық кешенде 17 181 жауынгер жерленген екен.
12 қаңтар күні кешкісін батысқазақстандық делегацияны ресейлік «Гвоздика» іздеу тобының командирі Михаил Ясютич пен оның орынбасары Иван Малахов күтіп алып, қонақжайлық танытты. Ертеңіне, 13 қаңтар күні таңертең оларды Невель қаласының әкімі Олег Майоров қабылдады. Қала басшысы Қазақстан мен Ресей арасындағы мәңгілік достық туралы айта келіп, Ұлы Отан соғысы жылдары Невель қаласын неміс-фашист басқыншыларынан азат етуде ерлікпен қаза тапқан қазақстандық боздақтар жайлы соның ішінде Алматы қаласында жасақталған 100-ші ұлттық атқыштар бригада командирінің орынбасары, Невель қаласының тұңғыш әскери коменданты, подполковник Әбілхайыр Баймолдин, мерген Ыбырайым Сүлейменов және Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың өмірбаян деректері мен жауынгерлік жорық жолдарын айтып өтті.
– Невель қаласын жаудан азат еткен әр жауынгердің өмірі – біз үшін тарих. Невель қаласында Әбілхайыр Баймолдин атында үлкен алаң болса, мерген Ыбырайым Сүлейменов пен қазақ халқының батыр қызы Мәншүк Мәметованың атында көшелер бар. Мысалы, М. Мәметова атындағы көшеде тұратын әйел адам босанса, оның дүниеге келген перзентінің метркісінде Мәншүктің есімі жазылады. Қазақ халқының батыр қызы Мәншүк Мәметованың есімі Невель қаласының тарихында алтын әріппен жазылған, – деді Олег Майоров.
Ресей еліне делегацияны бастап барған Медхат Қамбетов пен Табылғали Сапаров кезекпен сөз алып, ел тілегін жеткізді. Делегация мүшелері қала басшысы Олег Майоровқа кәдесый ретінде «Жайық қалашығы», «Неизвестная воина Маншук» кітаптарын және «Батыс Қазақстан облысы Ұлы Отан соғысы жылдарында» тақырыбында дайындалған фотоальбомды сыйлады.
Олег Майоров және «Гвоздика» іздеу тобының жетекшісі Михаил Ясютич пен оның орынбасары Иван Малахов қазақстандық делегациямен бірге алты Алашқа ортақ батыр қыз Мәншүк Мәметова ерлікпен қаза тапқан Заиванье деревнясына жол бастап, бірге барды. Делегация құрамы қазақтың қаһарман қызы ерлікпен қаза тапқан жерге Құран бағыштап, алғашқы жерленген жеріне гүлдесте қойды. Бұл жердегі бауырластар зиратына Заиванье деревнясын азат ету кезінде қаза тапқан 325 боздақ жерленген.
– 1943 жылы 15 қазан күні осы жердегі шайқаста Мәншүк Мәметова траншея ішінде жүгіріп жүріп, неміс-фашист басқыншыларына «Максим» пулеметінен оқты қарша боратқан. Анталап алға ұмтылған жау өздеріне қарсы бірнеше нүктеден бірнеше пулеметтен оқ атылғанға траншеяда әскер көп екен деп ойласа керек. Ал шындығында сол күнгі шайқаста қазақтың қайсар қызы бір өзі сол сәтте зұлым жауға тойтарыс берген. Мәншүк Мәметова ерлікпен қаза тапқан жердегі тікенді сымдар әлі сақтаулы. Бұл тікенді сым – сол кезеңнен қалған жәдігер, – деді Иван Малахов.
«Невель қаласында 4 мектеп пен 3 балабақша бар. Біздің «Гвоздика» іздеу тобы қаладағы барлық білім ошақтарына барып, «Ерлік сабағын» өткіземіз. Басты мақсатымыз – Невель қаласын неміс-фашист басқыншыларынан азат ету кезінде ерлікпен қаза тапқан боздақтар туралы айту. Қыршын кеткен боздақтардың ерлігін насихаттау», – дейді Иван Михаилович.
Иван Михаиловичтің айтуынша, Невель ауданында 60 шақты бауырластар зираты бар. Делегация мүшелері Невель қаласының орталығындағы Кеңес жауынгерлері жерленген бауырластар зиратына ат басын бұрып, қан майданда қыршын кеткен аталарымызға Құран бағыштады. Бригада командирінің орынбасары Әбілхайыр Баймолдин, Ыбырайым Сүлейменов және пулеметші Мәншүк Мәметова жерленген осы қорымға да Құран бағыштап, гүл шоғын қойды. Содан соң Невель қаласының орталығындағы Әбілхайыр Баймолдин атындағы алаңға барып, сол жердегі қол бастаған қаһарман Әбілхайыр Баймолдиннің кеудемүсініне қалампыр гүлдерін қойды. Невель қаласындағы Мәншүк Мәметова ескерткішіне де жерлестері атынан гүлдесте қойып, батыр апамыз атындағы көшемен жүріп өттік.
Осы жерде бірнеше қала тұрғынынан Мәншүк Мәметованың өмірбаяны туралы сұрап едік, үлкендерден бастап, мектеп оқушыларына дейін сұрақтарға мүдірмей жауап берді. Тіпті азықтүлік дүкендері мен дәріхана сатушылары да Мәншүк Мәметованың өшпес ерлігі туралы айтқан сәтте таңқалдық, риза болдық. Олар қала мектептерінде «Ерлік сабағы» өтетіндігін және сұрапыл соғыс жылдары Невель қаласын зұлым жаудан азат ету барысында өз өмірін қиған қазақ ұлтының батыр ұл-қыздарын ешқашан ұмытпайтындарын айтқан сәтте көзімізге еріксіз жас келді.
Батысқазақстандық делегация 14 қаңтар күні ертемен Невель қаласынан шығып, Новосокольники ауданының Монаково елді мекеніне барды. Бұл деревняның аумағында қазақтың батыр қыздарының бірі Әлия Молда-ғұлова 1944 жылы 14 қаңтарда қаза тапқан. Араға 81 жыл салып, дәл сол күні біздің делегация Монаково елді мекенінде мерген Әлия Молдағұлова және 397 жауды о дүниеге аттандырған қазақ мергені Төлеуғали Әбдібеков жерленген бауырластар зиратына Батыс Қазақстан облысы әкімдігі және жерлестерінің атынан гүлдесте қойып, Құран бағыштап, батырлар рухына тағзым етті. Содан соң Смоленск облысы, Велиж қаласындағы «Лидова гора» мемориал кешеніндегі №1-2 бауырластар зиратына ат басын бұрды. Бұл жерде біздің Шыңғырлау ауданының тумасы Қажығали Есболатов жерленген. 2016 жылы Қажығали Есболатовтың осы жерге жерленгенін «Поиск» іздеу тобының жетекшісі Марат Аққалиев анықтап, ұрпақтарына жеткізген. 2017 жылы Қ. Есболатовтың ұрпақтары аталарының мәңгілік мекеніне келіп, Құран бағыштаған.
Қайтар жолда Иван Малахов ұялы телефонға хабарлама жазып, бізге 1917 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген Байбол Рахметов есімді аға сержанттың сүйегін тапқанын айтты. Ол әскерге Өзбек КСР-і, Шыршық қалалық әскери комиссариатынан шақырылған және 1944 жылы 26 маусым күні қаза тапқан. Ендігі мақсат – ортақ Отан үшін опат болған Байбол Рахметовтің ұрпақтарын немесе туыстарын табу. Қан майданда қыршын кеткен қайран ердің ұрпақтары табылар деген үміттеміз.
Айта кететін жайт, біздің бұл сапарымызға «Юнисерв» компаниясының басшысы Дінмұхамед Сәтбаев шағын аутобосын беріп қол ұшын созса, «Ауыл» партиясы БҚО филиалының төрағасы Темірғали Ескендіров, «Ақжол» партиясының белсенді мүшесі Асқар Мерғалиев жол шығындарын көтеріп, қолдау көрсетті. Халқымызда «Бір адамның батылдығы мың адамға жол салған, бір адамның батырлығы тұтас халықтың атын шығарған» деген дана сөз бар. Осы орайда бір өңірдің ғана емес, тұтастай қазақ елінің мақтанышына айналған Мәншүк пен Әлияның рухына тағзым ету жолында үлес қосқан кәсіпкерлерге делегация атынан ризашылығымызды білдіреміз.
Қоғам қайраткері Табылғали Сапаровтың айтуынша, бұл сапардың мәні мен маңызы бөлек.
– Сапар барысында 1943 жылы 15 қазан күні Невель қаласын жаудан азат ету кезінде ерлікпен қаза тапқан қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың жерленген жеріне тағзым етіп, Құран бағыштадық. Сонымен қатар облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің тапсырмасымен батыр қызымыз Мәншүк Маметова мен мерген Ыбырайым Сүлейменов қаза тапқан жерге ескерткіш орнату мәселесін жергілікті билікпен сөйлесіп, келісімге келдік. Алла бұйыртса, халқымыздың қаһарман қызы мен батыр атамыз қаза тапқан жерде ескерткіш бой көтеретін болады, – деді Табылғали Сатқалиұлы.
Ахмедияр Батырханов,
Орал-Невель-Орал
Невель қаласындағы М.Мәметова ескерткіші М. Мәметованың соңғы шайқасы болған жер. «Гвоздика» іздеу тобы командирінің орынбасары Иван Малахов қазақстандық делегациямен бірге Әлия Молдағұлова қаза тапқан Новосокольники ауданына қарасты Монаково елді мекеніндегі бауырластар зираты Велиж қаласындағы бауырластар зираты Ресейдегі Псков облысының Невель, Новосокольники аудандарындағы шайқастарда қаза тапқан боздақтардың тізімі
Абгашев Темирбек
Абдалимов Турдали
Абдрахманов Жаксыбек
Абдувалиев Жумабай
Абдыбеков Тулеугали
Абдыкаликов Сагимбек
Абдыраев Айткул
Абидов Аралбай
Абышев Абдыкадыр
Адамалиев Абдукерим
Азизов Толеубай
Айтмагамбетов Адылхан
Акимкулов Султанали
Аксултанов Аршабай
Актоубаев Мухамед
Акшалов Нурсалы
Алдынгаров Айткул
Аманбердиев Ораз
Амренов Султан
Бухаров Тусупкан
Галиулин Насыйбула
Далибаев Жарыскан
Дихомбаев Мурзагул
Дорбаев Кудайберды
Дуйсенбаев Искак
Дутбаев Женисбай
Есельбаев Акбай
Ердинбеков Курмантай
Ержанов Мухид
Куатов Тугелбай
Кульбаев Асыл
Культаев Сайпулла
Курмангалиев Иса
Кожабеков Кенжебек
Кожахметов Койшигара
Конусбаев Кабыл
Кошкельбаев Ордабай
Жанаев Амир
Жанзаков Дуйсен
Жантаев Ыскак
Жапаров Айназар
Жолдыбаев Мурат
Жумаев Ахмет
Жуманиязов Досжан
Зинуров Арслан
Имамбаев Еркожа
Имаралиев Ермек
Искандиров Темирхан
Исмаилов Саламат
Ишмухамбетов Аманкул
Кадыров Сексен
Кадышаев Айдар
Калмурзаев Амирбай
Карагулов Мырзабек
Махамбетов Тулеген
Мирзалиев Токтабай
Молдагулова Алия
Муртазаев Жаксылык
Мырзакулов Избасар
Назарбеков Есепберды
Найзабаев Ералы
Нургазиев Адилхан
Омарбеков Ортай
Оморкулов Сансызбай
Оморов Марат
Оспанов Табылган
Тойгамбаев Уразбай
Торгай Адылхан
Тулебаев Алпысбай
Туруспеков Сарсенбай
Тусупалиев Калтай
Умбеталиев Куанышбек
Султаналиев Абдибай
Султанов Ашимжан
Темирбеков Кенжебек
Саменов Тасыбай
Сапаров Жумабай
Сарсембаев Кали
Сасыкбаев Оспан
Сейтембаев Медет
Позылов Алибай
Разыков Аман
Рахимбердин Усен
Рахимов Каримжан
Шейренов Аязбек
Юсопов Оразхан
Хамидов Сандыбай
Чимкентбаев Айткул
Чурмахамбетов Мухтар
Мамбетбаев М.
Нуритдинов Г.
Нурмакельдиев О.
Омаров Р.
Тажибаев М.
Токтабаев О.
Абдыкаримов Б.
Айбергенов Ш.
Аксенов М. П.
Алимов А. А.
Даулбаев И.
Досембеков К.
Есжанов С.
Омаров Р.
Сериков Е. Е.
Есельбаев А.
Курманбаев Утетлеу
Мамешов Қалдаяқ
Куликов Ахметбек
Дуйсенбаев Искак
Азизов Х.
Мухтаров П. И.
Касимов Х.
Алиев М. К.
Ишанов М.
Ишанов Т.
Кадыров С.
Кожахметов К.
Карагулов М.
Касимов Х.
Газизов С.
Давлеткалиев Р.
Валиханов С.
Джанаев Д.
Елмурзаев А.
Мамашев Калдаяк
Абдалимов Т.
Абдрахманов Ж.
Абдуразыков Т.
Азизов Т.
Айтуганов З.
Атаханов С.
Ахметов А.
Ахметов Н.
Бикбаев С.
Кульбаев А.
Курбанов Х.
Маматалиев Н.
Маржабаев С.
Муртазаев Д.
Нарымов И.
Нурматов А.
Рахимов Б.
Садыков Б.
Садыков М.
Саркенов М.
Серсембаев К.
Торгай А.
Уланов И. С.
Усенов А.
Утегенов Х.
Хамидуллин Г.
Атабаев К.
Токубаев А.
Карашаев Тогатай
Бұл тізімнің жалғасын алдағы уақытта zhaikpress.kz сайтынан оқи аласыздар