23.01.2025, 11:30
Оқылды: 28

«Бала сау болу үшін телефонды шектеу керек»

Бала мектепте сабақты меңгере алмай жүр ме? Қарапайым нәрсені жаттай алмай ма? Мектепке қосымша өзіңіз сабағымен айналыссаңыз да, жазу-сызуға қабілеті аз ба? Оның себебі біреу-ақ – балдырғанның миының жеткілікті деңгейде  жетіле алмандығынан. Тілі кеш шығатын, ақыл-ойының дамуы жағынан құрбыларынан төмендеу бүлдіршіндердің қатары, өкінішке қарай, бүгінде көбейіп келеді. «Бұл құбылыс ата-аналардың балаларға кішкентайынан тиісті дәрежеде көңіл бөлмеуінен, «тыныш отырсын» деп телефонмен алдаусыратындықтан», – дейді М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін орта мектептің педагог-психологы Қарақат Сұлтанияр. Бала бойындағы бұл кінәрат көп ата-ананы мазалағандықтан, бала жанын түсіне білетін маманмен сұхбат құрған едік. Сол әңгіме барысында мидың қалай жетілетінін зерттейтін нейропсихологияның маңызына психолог басым тоқталды.

IMG_7490

– Қарақат Асылбекқызы, нейропсихология термині көпке аса таныс емес. Сондықтан ғылымның осы саласы нені зерттейді, қандай мәселелерді қарастырады – сол жөнінде толығырақ айтып жіберсеңіз.

– Нейропсихология – бас миының локальды зақымдануына байланысты адамның жоғарғы психикалық функцияларының мидағы механизмін зерттейтін ғылым. Оның негізін қалаған орыс ғалымы Александр Лурия. Баланың миы қалай дамиды – оның өзі бөлек бір ілім. Мидың дамуының өз кезеңдері бар. Мектеп кезінде тәнтануды оқығандардың есінде – адамның миы екі жартышарға бөлінеді. Өмірге келген бойдан бастап ең алдымен баланың  оң жақ жартышары дамиды. Бұл табиғи құбылыс, оған араласа алмаймыз. Осы кезеңде баланың немен айналысқаны дұрыс? Сурет салу, секіру, ойнау, қағаз қию, ертегі тыңдау, жүгіру, өлең айту, бисермен жұмыс және т.б. Яғни шығармашылық жұмыстармен айналысу қажет. Ал, 5 жастан бастап балада сол жақ ми жартышары дамиды. Бұл кезде бала әріптерді, сандарды, жазуды, сызуды, яғни академиялық дағдыларды үйрене бастайды. Міне, осы процестерді нейропсихология зерттейді. Қарапайым тілмен айтқанда, баланың екі жақ ми жартышарларының қалыпты дамуын зерттейтін және  алдын алатын, көмектесетін ғылымдардың бірі – нейропсихология болып тұр

– Балаға нейропсихологиялық көмектің қажет екені қалай байқалады?

– Бәрі мидың дамуына байланысты. Қарапайым мысалдармен келтіріп кетейін. Әдетте ересек адам кітап (роман болсын, поэма, көркем әдебиет) оқыған, ондағы кейіпкерлерді көзімен көрмесе де, мазмұнына байланысты сюжетті ойша елестетеді. Дәлірек айтсақ, кейіпкердің образы туындап, неше түрлі оқиғалар өрбиді, құбыластар, іс-әрекеттер сомдалады. Бұл – оң жақ жартышардың жұмысының нәтижесі. Ал баланың оң жақ жартышары жетілмесе, мұндай құбылыс түзілмейді. Сондықтан бала оқыған кітаптың, ауызша айтылған сөздің мағынасын немесе өз ойын жеткізе алмай, оқиғаның мазмұнын ауызша  айтып бере алмайды.

Қарапайым сан мен әріпті үйретуде де дәл солай. Бала көрсетіп тұрған таңбаны дұрыс сала алмайды. Теріс айналдырып салады, дәптердегі жолда түзу жазу дегенді ұғынбайды. Дыбыстарды да қате айтатын балалар болады. Тағы бір байқалатын тұсы – бала тепе-теңдікті сақтап тұра алмайды. Өзінің зейінін тоқтата алмайды. Міне, бұл ең алдымен мидың оң жақ жартышарының дұрыс жетілмеуінің салдары.

Өкінішке қарай, балалардың көбі балабақшаға тілі шықпай келетіні қалыпты жағдайға айналып келе жатыр. Ата-аналары мұны еркеліктен, «әкесінің де тілі 5 жасқа дейін шықпаған» деп өздерін алдаусыратады. Негізінен, үш жастағы баланың тілі тақылдап тұру керек. Егер олай болмаса, демек баламен сол кезден бастап жұмыстану қажет. Сол бала балабақшадан шыққан соң, жасы толып мектепке келеді. Міне, нағыз қиындық осы уақытта басталады. Балабақшадай емес, мұнда белгілі бір тәртіп бар. Балдырған партаға отырып, мұғалімнің алдынан дәріс алады. Сабақ пен үзіліс, берілген тапсырмаларды орындау, әріп пен сан үйренуі қажет. Дамуында кемшілік бар ұл-қыз осы кезеңде өзге балалармен бірдей сабақты игеріп ала алмай, мұғалім де, ата-ана да біраз қиналады.

– Бала өз жасына сай дамуы үшін ата-ана не істеуі керек?

– Ұл болсын, қыз болсын, ата-анасының қимыл-қозғалысы, сөйлеу мәнері, мінез-құлқына еліктеп өсетіні ақиқат. Қазіргі таңда басты мәселе болып тұрғаны осы. Бұрындары делік, аналар көбінесе үй шаруасымен айналысып, отбасы, ошақ қасында жүретін. Оның күйбең тірлікпен жүргенде, баласымен айналысатын уақыты жоқ шығар, бірақ ұрпағы анасының не істегенін, қалай істегенін көріп өсті. Әрине, бұл барлық ана жұмысын тастап, баланың тәрбиесімен отырсын деген сөз емес. Үйде болған уақытта баласына көңіл бөліп, оны кішкентайынан шама-шарқынша үй тірлігіне араластыруы қажет. Мейлі, ол бірдеңе бүлдірер, бір нәрсені сындырар. Әйткенмен, ұл-қыз осылай үйренеді өмірге, осылай дамиды.

Қазір бесіктен белі шықпаған баланың қолына телефон ұстатып, «тыныш жатса болды» деп ата-ана өзін жұбатады. Бұл тіптен дұрыс емес, тәрбиеге мүлдем қайшы әрекет. Осыған дейін айтып кеткенімдей, ала таңнан кешке дейін телефон құшақтап жататын бүлдіршіннің қимылы азайып, оң жақ жартышардың өз уақытында жетілуіне жағдай жасалмайды. Баланың бұл кезі – көзбен көргенін қолымен ұстап, естігенін қайталайтын уақыты. Біз балдырғанның ең қылықты, тәтті осы шағын телефонмен шорт кесіп алып тастаймыз. Өйтуге әсте болмайды. Бәрі өз ретімен болуы керек. Сәби асыр салып ойнасын, жерге жалаңаяқ жүрсін, тәтті тілімен ата-анасын қуантсын. Міне, адам дамуының заңдылығы.

Тағы бір айта кетерлік жайт – бүгінде отбасындағы бала тәрбиесін көбінесе анаға артып қойғанымыз жасырын емес, әке асыраушы ретінде ғана қабылданады. Негізінде бұл да тәрбиеге зор нұқсан келтіреді. Ұл-қыз анадан жылылық, мейірім алса, әкеге қарап, жауапкершілік, табандылық, батылдыққа, еңбекқорлыққа үйренгені жөн. Мысалы делік, ер балаға қарайтын әкенің уақыты жоқ, онымен тек анасы ғана айналысады. Өсе келе мұндай баланың қыз мінезді, нәзік болатыны заңды емес пе?! Сондықтан әкелер де тәрбиеге араласып, ата-аналық міндетті тең бөліскені дұрыс.

Шынын айтайық, баланы тәрбиелегенде, оның ертең ересек азамат болатынын кішкентай кезінен ойлаған абзал. Біздің халық бағзы заманнан бері ұл-қызын «айналайынымен» қатар «жаманнан жирен, жақсыдан үйрен» деп өсірген, тәрбиеде таразы басын тең ұстаған. Сондықтан ғасырлар бойы жинақталған асыл мұрамыз болып табылатын ұлттық құндылықтарымызға оралайық.

– Психолог ретінде мектепке келген балалардың сабақ оқуға дайындығын қалай бағалайсыз?

– Әр бала әр деңгейде келеді мектепке. Бірі алғыр, жасына сай жетіліп келсе, өкінішке қарай, әріп, сан үйренуге қабілеті төмен, психологиялық дамуы жағынан әлсіз, тілі әлі толық деңгейде жетілмеген ұл-қыз да болады. Ғылыми тілмен айтқанда, мұндай баланың нейропсихологиялық дайындығы төмен деген сөз. Аталмыш термин баланың өзі туралы ақпаратты білуі, жалпы білімі, нейродинамикасы (баланың психикалық энергиясы), ұсақ және ірі моторикасының дамуы, сөйлеуі, есте сақтау қабілеті, ойлау деңгейін қамтиды. Осылардың арасында нейродинамика жөнінде көбірек ақпарат беріп кеткенді жөн көріп отырмын. Бұл – адамның психикалық энергиясы (миының тонусы, миының энергиясы). Яғни стресс жағдайларда жүйке жасушаларының қалыпты жұмыс жасау қабілеті. Оны қалай түсінуге болады. Мысалға, адам ауырып тұрған кезде де ол жұмыс жасай алады, өз қажеттілігін өтей алады, себебі оның нейродинамикасы жоғары. Нейродинамика сонымен қатар жүйке жүйесінің тежеуден қозуға тез ауысуына да жауап береді. Егер балада нейродинамика төмен болса, бала сабақ оқыған кезде, тез шаршайды.

Нейродинамиканың төмен екенін қалай байқауға болады? Бала зейінін шоғырландыра алмайды, тапсырманы кеш бастайды (ойланады, тапсырманы орындау үшін көп уақыт керек), өте тез шаршап қалады (бала 10 минуттан соң теңселеді, есінейді, орындықтан құлап қалады, көп қимылдайды), алдында тұрған заттарды көрмей қалуы мүмкін, баяу ойланады (ондай балдар мұғалімге интелектуалдық жағынан өте төмендеу болып көрінуі мүмкін, бірақ олардың интелектуалдық деңгейі қалыпты, тіпті жоғары болуы мүмкін, бұны көрсету үшін баланың энергиялық ресурстары жетпеуі мүмкін). Үй тапсырмасын аяқсыз қалдыратын, жазуы нашар, мінезі қыңыр, қалауын орындамаса, ашуланатын,  шаршап қалған кезде ұйықтай алмай қалатын, гипербелсенді, мазасыз ұл-қыздардың да нейродинамикасы төмен.

– Өзіңіз атап өткен нейродинамиканы қалай көтеруге болады?

– Ең бастысы, телефон, гаджеттерді қолдануға шектеу қою қажет. Спортпен айналыссын бала, мойнына массаж жасап, дәрумендер мен микроэлементтердің жеткілікті қабылдауын қадағалап оыру керек. Үйде ұл-қызға жайлы атмосфера тудырған да абзал, себебі отбасылық жанжалдар да баланың психикасына кері әсер етеді. Балдырғанды таза ауаға серуендетіп, жаяу көбірек жүргізіңіз, вестибулярлық жаттығуларды жасаңыз бірге. Бала кезімізде ағашқа өрмелеп, әткеншекте тербеліп, керуетте секіріп, велосипед тептік емес пе?! Содан бері ештеңе өзгерген жоқ, бүгінгі ұл-қыз да осылай ойнауы қажет. Осыған дейін айтып кеткенімдей, баланы үй жұмыстарына араластырып, ыдыс жудыртып, қар аршытып, су тасытқанның да артықтығы жоқ. Бала 20 минут сабақ оқыса, 10 минут демалуы керек. Бүлдіршінді жалпы нейропсихологиялық жағынан дамыту үшін көптеген нейрокоррекциялық жаттығулар да бар. Соларды жасатса да, нейродинамиканы арттыруға  пайдасы зор.

Жалпы, біздің жұмысымызда үлкен бір мәселе – ата-аналардың балаларының өзгелерден ерекше екенін мойындауға қарсылығы. Мұндай жағдайлар жұмыс тәжірибемде көп кездеседі. Мынаны есте ұстау керек, баланың дамуымен жұмысты мейлінше ерте бастасақ, соншалықты жемісін көреміз. Сонда ғана арнайы мамандардың, психолог, я болмаса нейропсихологтардың көмегіне қажеттілік туындамайды. Сондықтан мамандарға сүйеніп, баланың физикалық та, психологиялық та тұрғыдан сау болуын қамдаған жөн.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Ә.Серікқызы,

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале