23.01.2025, 12:00
Оқылды: 25

Ақжайық ауданы: Құрметтің өріндегі ақсақал

«Еңбектің наны тәтті болғанымен, тері ащы» дейді халық. Осы арқылы адал қызметтің оңайға түспейтінін, қай шаруаның да өз қиындығы болатынына меңзейді. Тағы бірде «Ердің атын еңбек шығарады» деп, маңдай тер төккен жанның әманда құрметке ие екенін айғақтайды. Иә, әр адам тек еңбегінің арқасында ғана биік белестерді бағындырады. Біздің  бүгінгі мақаламыздың кейіпкерінің еңбек жолы, жеткен жетістіктері, ауыл-ел үшін атқарған қызметі осы тектес қай-қай тәмсілдің дұрыстығын дәлелдейді.

2

Көнеккеткендік  Әбілтай Жұмағалиев  биыл жазда 84 жасқа толады. Ол – «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерінің иегері, бұл күнде немере-жиен сүйіп отырған ауыл ақсақалы, елге сыйлы жан. Сыйлы болатыны – сексеннің сеңгірінен асса да, әлі тың еңбек ардагері кейінгі жас толқыннан көрген-білгенін, өмірден түйгенін аяған емес. Өзі және қатарластарының ауылдың тірлігін дамытудағы қызметін айта келіп, тыңдаушыларға үлгі етуден жалыққан емес. Жерлестері де ауыл үлкенінің  халін сұрап, әңгмесін тыңдап қайтады.

Әбілтай аға – балалығын сұрапыл соғыс жалмаған ұрпақтың өкілі. Ұлы Жеңістің ақ таңын еліміз қарсы алғанда, ол небары 4-ақ жаста болатын. Соғыс бітті дегенмен, ойрандалған ауылдың жағдайы сол кезде тым мүшкіл еді. Елді мекендердің тірлігін түлетуге бала жастан ұл-қыздың араласқаны тарихтан аян. Әбілтай Жұмағалиев те еңбекпен ерте есейгендердің қатарынан.  Тым жастайынан еңбекке кірісіп, колхоздың тәулік бойы бітпейтін жұмыстарын жасап жүріп, ол 17 жасында  3 айлық тракторшы курсын тәмамдайды. Содан аттай қырық жыл қатарынан трактордан түспей, жер жырту, егін егу майданының алдыңғы шебінде жүрді. Егін орған кезде комбайын да жүргізгені архивтерде қатталған. Ісіне алғыр жас ауылда комсомол бригадасы құрылғанда, оның бригадирі де болады. Қайсібірін айтайық, сол кездегі ауылдың шаруасы шаш етектен-тін. Науқанға кеткеннен, үй көрмей, қос басында қонатын да кездері әлі жадында ақсақалдың.

Қыста да тракторшыға бір сәт тыным жоқ. Ауыл-қыстақтардың жолдарында қар аршу, малшы ағайынға керек-жарағын жеткізу керек. Шүкір, ұжымшардың қайнаған тірлігінде білек сыбана еңбек еткен азаматын 16 жасында бірге шаңырақ көтерген өмірлік серігі Мәрия қолдады. Заты әйел демесеңіз, ол да қызметті ерімен бірдей жасамаса, кем түспеген. Мал бордақылайтын, мал азығын дайындайтын мекемеде ерлі-зайыпты бірге оператор болып, жұмыс жасады, осылайша өнегесі өзгеге үлгі еңбекқор жұптың ел-жұрттың дамуына, ауыл тірлігінің алға басуына үлкен септік тигізгені анық.

Бүгінде Әбілтай аға мен Мәрия апа кенже ұлы Болаттың қолында тұрады. Ұлының әкесін мақтан тұтатыны әр сөзінен, ата-анасына ықылас-пейілінен анық байқалады.

Ал  кейіпкеріміздің бүгінгі жастарға айтары: «Ерінбеу керек, қандай пайда тапсаң да,  маңдай термен табу керек. Елдің амандығын тілеймін. Ауыл-аймақтың жетістіктеріне қуанамын. Өркендеңдер, өсіңдер!».

Әсет Сағындық,

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале