24.01.2025, 10:30
Оқылды: 104

Тасқалада жолақы неге қымбат?

Аяқ астынан ауыл тұрғындары арасынан шу шықты, шу шыққанда мол шықты. Тасқала – Орал арасында 68 шақырым асфальтталған тақтайдай жолмен жүретін таксистердің әрбір адамнан алатын 1000 теңгесін көпсініп жүргенімізде пысықай таксистер аудан әкімі Т. Шәкіровке барып, қазір бензин, машинаның бөлшектері қымбат деп сылтауратып, жолақыны 1500 теңгеге көтергендерін айтқан. Қалай дейсіз ғой, айтайын. Ауыл ішінде үйінен барып отырғызса, әр адамнан 300 теңгеден, ал Оралдан  ауылға дейін 200 теңге  қосыпты.

Тасқала таксистерінің есебі түгел. Ауылдан Оралға бір үйден бір кісі барып келсе, 3 мың теңге, екі кісі 6 мың теңге, төрт кісі 12 мың теңге төлейді. Тұрғындардың көбі – жұмыссыз адамдар, зейнетақыға, жәрдемақыға, қолдағы малының қаражатына күн көріп отырғандар.

таскала жп такси

Сурет: сайт архивінен

Таксист болып жүргендердің көпшілігі – зейнеткерлер, вахтада жұмыс істейтіндер, бір күн жұмыс істеп, екі күн демалатындар, қала берді  қолы  бос, жеке көлігі  бар  кісілер.

Айталық, Орал қаласынан аудан арасының арақашықтығы 300 шақырымға таяу Тайпақ, Жаңақала, Қаратөбе, Казталов аудандарында жолақы 3000-4000 мың теңгеден аспайды. Қалаға бір рет барып келгенде 600 шақырымға жуық жол жүреді. Жолдары да ойқыл-шойқыл, шұрық-тесік, ойылып қалған.

Солай бола тұра таңғы сағат 6-7-ден жолаушыларды үйлерінен жинайды. Бірақ үйлеріне барғаны үшін ешқандай қосымша ақша сұрамайды.

Тәртіп бар жерде әділдік бар деген осы. Тасқалада таксистердің есепте тұрып, жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, салық төлейтіндері саусақпен санағандай. Арнайы есепке тіркелмеген. Кейбір таксилерге отырудың өзі жиіркенішті. Себебі іші лас, есіктері жабылмайды, пештері жұмыс істемейді, дөңгелектері ауыстырылмаған. Қауіп-қатер айтып келмейді. Адамның өмірін ақшаға сатып ала алмайсың, адам өмірінің ақшадан қымбат екенін ойдан  шығармаған  жөн.

Бір ауылда тұрғасын адамдар бір-бірімен таныс, кездескен жерде аман-саулық сұрасады. Тасқалалықтар жолақы жөнінде аудан әкімі, жауапты  мекеме  басшылары  заң  шеңберінде  шара  қолданар  деп  күтеді.

Бисенбай  Өтегенов,

зейнеткер,

Тасқала  ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале