Бүгін Казталов ауданына іссапармен келген Батыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллин, Батыс Қазақстан облысы ветеринария басқармасының басшысы Абзал Бралиев мал қыстату науқанымен танысып, Тереңкөл ауылдық округіне сапар шекті.

Облыстан келген басқарма басшыларын Казталов ауданы әкімінің орынбасары Рашид Иманғалиев Тереңкөл ауылдық округіне қарасты Қырықпитөк қыстағына бастап барды. Бұл қыстақ «Кеңдала» шаруа қожалығының иелігінде. Шаруашылық жетекшісі — Абуғали Ғұмаров. Абуғали Ғұмаров шаруашылығын отбасымен бірге жүргізіп отыр. Кәсіп бастаған кезден-ақ отбасымен қыстақ басында тұрады. Көмекшілері қолындағы бала-келіндер мен немерелері. Қыстаққа жақындай бергенде жапан түзде мал баққан адамдардың орны емес, басқа көрініс алдыңыздан шыға келеді. Заманауи салынған үйлер, монша, автопарк, қора-қопсы. Ал жазда келсеңіз, айнала отырғызылған тал-теректі жасыл желекке оранған. Өзіміз шетелдің киноларынан көріп жүрген «ранчо» секілді. Әрине, осындай жағдайға жету үшін қажырлы еңбек пен үлкен табандылық керек екені белгілі.
Нәпақасын мал бағудан тапқан шаруа азаматпен кездескен басқарма басшылары мал қыстауының жағдайын сұрады.
— Биылғы қыс жылы әрі жәйлі болып тұрғаны жасырын емес. Әзірге, қолдағы малымыз далада жайылып жүр. Былтырғы жылы округімізде қуаңшылық болып, мал азығын 200 шақырым жерден шауып, тасыдық. Бізге сондай да мүмкіндік туғызған ел басқарып отырған азаматтарға ризамыз. Мал азығына қатысты төленген қаражатты да алдық. «Қыстан қысылмай шығайық!» деп жем-шөбімізді молынан жинап алдық. Осылай келіп, жағдайымызды біліп жатқандарыңызға алғыс білдіремін!, - сөзін түйіндеді Абуғали ағамыз.

Жыл сайын төрт түлік малдың арқасында мол табысқа кенеліп жүрген шаруашылықтың биылғы мал қыстағы да жаман емес секілді. Даладағы малдан бөлек қораға 100 ірі қара малын бордақылауға қойған. «Кеңдала» шаруашылығының мал қыстату кезеңімен танысқан басқарма басшылары әрі қарай Жәнібек ауданына бағыт түзеді.
Нұр Рахман
Казталов ауданы