Бүгінде халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік салада айтарлықтай өзгерістер орын алып, осал топтарға қолдау түрлері көбейді. Ал осы істердің барлығын еліміз, облыс, аудан деңгейінде бұрынғы жұмыспен қамту орталықтарының негізінде құрылған мансап орталықтары жүзеге асыруда. Жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдау жүйесінде қандай өзгерістер бар – сол жөнінде аталған мекеменің басшысы Орынбек Жапашев газет тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.

– Алдымен біздің мекеменің мақсат-міндеттеріне тоқталып өтейін. Мансап орталығы – тұрғындарға атаулы әлеуметтік көмек көрсету бағытында қызмет етіп, жұмыспен қамтуға жәрдемдесетін бірден-бір мекеме, – деп бастады әңгімесін Орынбек Талғатұлы, – демек, мақсатымыз – жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын жүзеге асыру, жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауды ұйымдастыру және аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсету, ауданда жұмыспен қамту саясатын жүйелі түрде дамыту.
– Ауданда жұмыссыздық көрсеткіштері қандай?
– 2024 жылдың 1-қаңтарына ауданымызда 1844 адам жұмыссыз ретінде тіркеуде болса, биылғы жылдың осы кезеңіне осы санаттағы 1930 адам тіркелген. Яғни жұмыссыздық деңгейі 7,9%-ды құрап отыр. Бұл көрсеткіш неліктен өзгермейді, жұмыссыздық деңгейі неге төмендемейді деген сұрақтың туындауы орынды. Салыстырмалы түрде алатын болсақ: 2024 жылдың 1 шілдесінде 2363, 1 қазанында 2146, 24 желтоқсанында 1896 адам жұмыссыздар қатарында тіркеуде тұрған екен. Сандардың үнемі өзгеріп отыруының себебі – жұмысқа жолданғандардың орнына оқу орындарын бітіргендер, жұмыс орындарының қысқаруы салдарынан қызметсіз қалған азаматтар тіркеледі. Сонымен қатар біздің мекеме арқылы жұмыспен қамтудың белсенді шараларына жолданғандар да жұмыссыздар есебінде қала береді. Былтыр 1134 адам тұрақты және маусымдық жұмыс орындарына жолданды. Жыл басында тіркелген 1844 адамның 1134-і қызметке тұрып, есептен шықса, демек жыл соңына дейін тағы 1220 азамат қосымша тіркелген. Бұл жерде ескеруіміз қажет бір мәселе – кейбір азаматтар жұмысынан айырылу бойынша жәрдемақы алуы үшін және медициналық сақтандырылу үшін де тіркелетін болды. Жұмыссыз ретінде тіркелгенімен, іс жүзіне келгенде осы азаматтар жолданған жұмыстардан әртүрлі себептермен бас тартып жатады. Біз ұсынған қызметке бармауына қарағанда, олардың өзге жерден табыс тауып отырғаны анық.
Ауылда бос жұмыс орындары жоқ емес. Жұмыс берушілер еңбек порталына жариялаған жұмыс орындарының талаптарына сай келетін қызметкерлер табылмай жататын жағдайлар да кездесуде. Мысалы, статист маман, іс жүргізуші, мобилограф, тракторшы, көлік жүргізуші, медбике, электрик, сантехник сынды мамандық иелеріне бүгінде ауданымыздың еңбек нарығында сұранысқа ие. Осы орайда жаңадан тағайындалған басшы ретінде жұмысымның басым бағытын жаңа жұмыс орындарын ашумен ұштастырғым келетінін атап өткім келеді.
– Жұмыссыз ретінде қалай тіркелуге болады?
– Егов порталы арқылы, электрондық еңбек биржасы арқылы өтінім жолдап, округ әкімдігіне немесе мансап орталығына тікелей келу арқылы жұмыссыз ретінде тіркелуге болады. Айта кету керек, 2025 жылдың 1- қаңтарынан бастап жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу және жұмыссыз мәртебесін беру платформасына өзгерістер енгізілді. Азаматтар Егов порталымен тіркелген адамға мансап орталығы қызметкерлері СМС-хат жолдайды. Өтінім берушілер кейде осы хабарламалардан күмәнданып, жауап бермей қалады. Сол себепті жұмыссыз мәртебесін беруден бас тартуға тура келетін кездер болады. Осыған байланысты электрондық еңбек биржасы /ЭБТ/ арқылы тіркелуге кеңес береміз.
– Жұмыспен қамтудың белсенді шараларына жеке-жеке тоқталып өтсеңіз
– Қоғамдық жұмыстар – арнайы бөлінген жұмыс орындарына 12 айға дейінгі мерзімге округ әкімдіктері мен жұмыс берушілерге жолдау. Бұл шара мамандықты немесе арнайы дайындықты талап етпейді. Былтыр осы шараға аудан бойынша 535 жұмыссыз адам жолданған. Олардың ішінен 108 адам кейін тұрақты жұмысқа орналасты.
«Жастар тәжірибесі» жобасының талаптары мынадай – арнаулы орта немесе жоғары білімді аяқтағаннан кейін өз мамандығы бойынша жұмыс өтілі жоқ, оқу бітіргендеріне 5 жыл толмаған 35 жасқа дейінгі жастар жолданады. Нәтижесінде жастар өз мамандықтары бойынша тәжірибе жинақтап, болашақта тұрақты жұмысқа орналасуларына мүмкіндік алады. 2024 жылы 128 адам «Жастар тәжірибесі» жобасы арқылы түрлі қызметке жолданса, олардың 39-ы тұрақты жұмысқа орналасқан.
50 жастан асқан адамдарға арналған «Күміс жас» жобасы бар. Осы жоба аясында қызметке тұрғандардың жалақысы 3 жыл бойы субсидияланады. Дәлірек айтсам, алғашқы жылы еңбекақының 70, екінші жылы 65 және соңғы жылы 60 пайызын мансап орталығы жұмысқа орналасқан адамның есеп шотына жолданады. Аталған шара бойынша былтыр 32 азамат қызметке тартылды.
Әлеуметтік жұмыс орнына қызметке орналасқан жұмыссыз жанның еңбекақысының 35 пайызы субсидияланады. Бұл – кәсіпкерлер үшін де өте тиімді қолдау. Жұмысқа әлеуметтік жұмыс орны арқылы маман тартса, 12 ай ішінде жалақысының тек 65 пайызын ғана төлеп отырады. 65 азамат былтыр әлеуметтік жұмыс орындарына орналасып, 14-і тұрақты жұмысқа тұрды.
Мансап орталығының жұмыс аясы өте кең, тек жұмысқа орналастыруымен шектеліп қалмайды. Біз мамандығы жоқ адамдарды жұмыс берушілердің тапсырысы бойынша қысқа мерзімді оқыту курстарына да жібереміз. Оқу ақысы, жол шығыны, сонымен қатар шәкіртақы да төленеді. Бұл жерде оқу бітірген азаматтың мамандығы бойынша тұрақты жұмысқа орналасуы жөнінде алдын ала төртжақты келісім шарт жасалады. Бұл шартқа мансап орталығы, оқу орны, жұмыс беруші және мамандық алуға жолданған тұлға қол қояды. 2024 жылы 35 адам қысқа мерзімді курстарды аяқтап, жұмысқа орналасты. Олардың 24-і – газоператор, 8-і – аспаз, есепші, дефектолог, шаштараз.
Бұл жерде есту, көру қабілеттері нашар және мүгедектік арбасымен жүретін адамдарға арналған арнайы жұмыс орындарын ашу бағытында да жұмыстанып жатырмыз. Мүмкіндігі шектеулі жанға жұмыс жағдайын жасағандарға мемлекет тарапынан қолдау да бар. Айталық, жұмыс беруші мүгедектігі бар адамды жұмысқа бейімдеу үшін арнайы құрал жабдықтарын сатып алса, шығарған қаржысы мемлекет есебінен өтеледі.
Шағын кәсіпкерлікті дамыту арқылы әлеуметтік осал топтарды қолдау шарасы ретінде бизнес-идеяларға арналған грантты атап өтер едім. Былтыр, мысалы, 40 жерлесіміз 400 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде қайтарымсыз грантты иеленді. Олардың арасында сұлулық салоны, шаштараз, кондитерлік цех, фастфуд өнімдерін өндіру, жүн түту, қыз жасауын жасау, жартылай дайын өнімдер даярлау, шеге шығару және құрылыс қолғабын тігу цехтары болды. Бүгінде олар өз кәсіптерін бастап кетті. Грант алған жас кәсіпкерлердің бизнесін насихаттау мақсатында былтыр қарашада арнайы жәрмеңке өтті. Осы үрдісті игі дәстүрге айналдырғалы отырмыз.
Атаулы әлеуметтік көмек жөнінде көпшілік хабардар шығар. Қайталап айта кетейін, бұл қолдау – отбасы мүшелерінің жиынтық табысы отбасы мүшелерінің санына шаққанда 33 600 теңгеден аспаған жағдайда тоқсан сайын тағайындалатын әлеуметтік көмек түрі. Аталмыш көмекті алу үшін отбасындағы жұмыссыз адамдар тұрақты жұмыс орындарына орналасуы немесе жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысулары қажет. 2024 жылы ауданда 108 отбасына (586 адам) АӘК тағайындалса, 2025 жылдың қаңтар айында 90 өтініш түсті. Олардың ішінде 50 отбасының өтінімі мақұлданды.
Осыған дейін де газет бетінде еңбек келісімшарттарының заңдастырылмауы, конвертпен жалақы төлеу мәселесі талай мәрте көтерілген болатын. Сол әлі күнге өзекті болып отыр. Жеке сектордағы жұмыс берушілер өз жұмысшыларымен еңбек келісімшарттарын заңдастырып, жаңа жұмыс орындарын еңбек заңнамасына сай ашып жатса, аудан экономикасының көтерілуіне өз септігін тигізер еді. Ол жұмысшының өзіне де тиімді – заңды түрде қызметке орналасса, болашақ зейнетақысына қаржы құйылып, әлеуметтік тұрғыда сақтандырылып, тегін ем алуға мүмкіндік болар еді. Әттең, соны көбі әлі жіті түсіне бермейді.
Ал егер заң талабына сай қызметін ресімдеймін дегендер болса, мейлі ол жұмыс беруші болсын, жұмыс іздеуші болсынғ мансап орталығы тиісті кеңестерін беруге әрдайым дайын.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Әсел Сағын,
Ақжайық ауданы