Бөкей ордасы ауданы әкімі Нұрлыбек Даумовтың төрағалығымен ағымдағы мәселелерді талқылаған жиын өтті. Жиынға тиісті сала басшылары, округ әкімдері онлайн-оффлайн форматта қатысты.

Аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ләйла Өтешова үш бірдей мәселе бойынша баяндама жасады.
Мұхитқызының айтуынша, ауданда өкпе дертіне шалдыққандар саны күрт өскен. Өкінішке қарай туберкулезге шалдыққандар қатарында төрт мектеп мұғалімі бар.
- Туберкулез көрсеткішінің көбеюіне науқастардың араласқан ортасының есуерілмеуі, аурудың қайта өршуіне науқастың өзінің немқұрайлылығы себеп боп отыр. Алты айлап ауруханада жатып, емделіп келген науқастарымыз ауылға келген соң денсаулығына көңіл бөлмей, емдік шараларын жалғастырмайды. Қыстақтарда жалдамалы жұмыста жүргендерді айтпағанда ауылда отырған науқастың өзі ауруханаға келіп, уақтылы тексерістен өтпейді, - дейді баяндамашы.
Аудан басшысы Нұрлыбек Даумов:
- Бұл мәселе тек санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының не болмаса аурухананың ғана бас ауруы болмауы керек. Туберкулездің ашық түріне шалдыққандар қоғам үшін қауіпті екенін ұмытпайық. Тиісті округ әкімдері, полиция бөлімі бірлесіп, жұмыстануымыз керек. Бұл мәселе бір күндік жиналыстың күн тәртібімен шектелмеуі керек, үнемі назарымызда болуы қажет. Науқас өзінің жұқапалы ауруға шалдыққанын біле тұрып, немқұрайлылық танытса, заң аясында жауапкершілікке тартылсын. Мұндай қатаң шара басқаларға сабақ болады, - деп бірлесіп жұмыс жасауды тапсырды.
Баяндамашы Ләйла Өтешева қозғаған екінші мәселе - кенеден жұғады аурулар.
- Далада киік өлексесі толып жатыр. Киіктен тарайтын кене - жұқпалы аурудың қоздырғышы. Төрт-бес жыл бұрын қансыраған жолаушы пойыздан түсіріліп ауруханаға жеткізілген. Науқасқа ота жасаған хирург конго-қырым геморрагиялық қызбасын жұқтырып, қайтыс болды. Кенеден жұғатын аурудың қаншалықты қауіпті екенін осыдан түсінуге болады. Малды ауыл үшін осындай жұқпалы ауру тәуекелділігі жоғары, - дейді Ләйла Мұхитқызы.
- Құтыру да күрделі мәселе. Құтырған ит қауып, тістеген жағдайда ешқандай сақтық шарасын алмай, ауруын асқындырған адамға ешқандай ем болмайды. Қандай әрекет жасасақ та құтқара алмаймыз. Сол үшін осы мәселеге сақтықпен қарауымыз керек, - дейді Ләйла Өтешева үшінші мәселе бойынша.
Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімі басшысы Мақсот Құрамшин әскерге шақыру науқаны бойынша хабарлама жасады.
Баяндамашы әскерге баруға ниеттілер санының аз екенін, патриоттық тәрбиенің осалдығын айтты.
- Бұрын ЖОО-да әскери кафедрада оқып жатқандар әскерге барудан босатылатын. Енді жастарымыз әскери кафедраны бітіргендер де екі жылға әскери қызметке алынады, - дейді Мақсот Сүндетұлы.
Осы орайда аудан әкімінің орынбасары Кенесары Нұршинов мектептегі алғашқы әскери дайындық мұғалімдерінің жұмысын ширатуды сұрады.
Ұлпан Жакина
Бөкей ордасы ауданы