9.02.2025, 11:00
Оқылды: 420

Тасқала ауданы: Мереке ауылында облыстық тазылар жарысы өтті

Тасқала ауданына қарасты Мереке ауылдық округінде ұлттық аңшылық өнерімізді дәріптеген «Ит – төресі тазы» атты облыстық жарыс өтті. Сайыс Мереке ауылдық округінің ұйымдастыруымен және аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен жүзеге асты.

мереке тазы сайысы (4)

Жарысқа өңіріміздің әр түкпірінен келген 40-қа жуық қазақы тазы қатысып, өзара мықтылықтарын сынады.
Ұлттық құндылықтарды насихаттау, аңшылық өнерді дәріптеу және жойылудың аз-ақ алдында тұрған тазы иттерінің тұқымын сақтап қалу мақсатында ұйымдастырылған шараның ашылуына аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Думан Ғазез арнайы қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі. «Әр ауылда аңшылыққа ерекше қызығушылығы бар азаматтар болады. Бүгінгі шараға сондай серілердің сарқытындай болған, қазақылықтың иісі аңқып тұратын азаматтар жиналып отыр. Тазы тек аңшылықтың ғана емес, тектіліктің белгісі. Сондықтан осындай жарыстарды тұрақты түрде ұйымдастырып, жастарды ұлттық құндылықтарымызға баулуымыз керек. Алдағы уақытта екі үлкен жарысты өткізуді жоспарлап отырмыз»,-деді Думан Ғазез.

мереке тазы сайысы (3)
Шараға қатысушылардың бірі, Тайпақ ауданынан келген тазы жанашыры Асхат Камешев өзінің бұл іспен он жылдан бері айналысып келе жатқанын айтты. «Қазақы тазыға үлесімді қосып жүргеніме 10 жылдың жүзі болды. Қазіргі таңда 6 тазым бар. Бүгінгі шараны ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Осындай жарыстар тазының құндылығын насихаттауға және жастарды ұлттық дәстүрге баулуға үлкен мүмкіндік береді. Осындай қазақы сайыстар жиі өтсе екен. Тазы-біздің мәдени мұрамыз, оны сақтау-әрбіріміздің парызымыз. Жыл сайын Тасқала ауданы осындай шараларды ұйымдастырып келеді. Қуаныштымын. Тазы жарысының жанашырлары көбейіп, бұл спорт түрі одан әрі дамысын»,-дейді Асхат Камешев. Шараға облыстың түкпір-түкпірінен тазы ұстаушылар қатысып, өз иттерінің шеберлігін сынады. Дегенмен сайыс тек бәсекелестікке емес, тазыларды зерттеу, олардың сапасын арттыру және бір-бірімен тәжірибе алмасу мақсатын көздеді. Бұл туралы жарысты ұйымдастырушылардың бірі Абзал Татмаков айтты. «Бүгін тазы ұстаумен айналысатын азаматтарға арналған тамаша шара өтіп жатыр. Бүгінгі сайыс жарыс ретінде емес, достық жарысы ретінде ұйымдастырып отырмыз. Негізгі мақсат – тазыларды зерттеу, оларды асылдандыру жұмыстарын талқылау, бір-бірімізбен тәжірибе бөлісу. Тазымен айналысатын жігіттер осындай басқосулар арқылы өзара танысып, тәжірибе алмасуы маңызды. Алдағы уақытта да игі шаралар жалғасын тауып, ұлттық құндылықтарымызды кеңінен насихаттайтын бастамалар көп болсын. Қолдау білдірген демеушілерге алғысымды білдіремін», -дейді Абзал Татмаков.
Шараға өңіріміздің мықты деген тазылары қатысты. Жарыстың көрігін қыздырған қатысушылар өз иттерінің ептілігі мен шапшаңдығын көрсетуге тырысты. Шара соңында ұйымдастырушылар тарапынан қатысуышларға бағалы сыйлықтар табыс етілді. Тазы-біздің баға жетпес байлығымыз, оны қорғау-баршамыздың міндетіміз. Ұлттық құндылықтарды ұлықтаған мұндай игі шаралар алдағы уақытта да жалғасын табарына сенеміз.

Болат Бек
Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале