11.02.2025, 16:15
Оқылды: 410

Бәйтерек ауданы: Іскер азаматты құрметпен шығарып салды  

 

Өткен апта соңында аудан активі отырысы болды. Онда жерлестеріміз аудан әкімінің орынбасары Мұрат Залмұқановқа аймақтың дамуына қосқан айшықты үлесі үшін алғыстарын білдіріп, оны салтанатты түрде жаңа қызметіне шығарып салды.

IMG-20250211-WA0007

Айта кетелік Мұрат Дүйсенұлы мемлекеттік қызметке 26 жыл саналы ғұмырын арнаған. 1968 жылы дүниеге келген ол Батыс Қазақстан ауыл шаруашылық институтын тәмамдап, "экономист-ауыл шаруашылығы өндірісін ұйымдастырушы" мамандығын иеленеді. Еңбек жолы қарапайым механизаторлықтан бастап, түрлі басшылық қызметтерді абыроймен атқара білді. Төрт жыл Зеленый ауылдық округінің әкімі болса, 2003 жылдан бері аудан әкімдігінде қызмет атқарды. Атап айтқанда, ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісі, құжаттамалық қамтамасыз ету және қаржы-шаруашылық жұмысы бөлімінің басшысы, аудан әкімі аппаратының басшысы, 2018 жылдан бері аудан әкімінің орынбасары болды.

IMG-20250211-WA0006

Басқосу барысында аудан әкімі Марат Тоқжанов оның мемлекеттік қызметтегі жұмысын жоғары бағалап, ауданның дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті.

- Мұрат Дүйсенұлының Бәйтерек ауданын өркендету жолындағы еңбегі айрықша. Әріптестері оны еңбекқор, жауапты және табанды басшы ретінде біледі. Бәйтерек ауданында білім беру, денсаулық сақтау, жол инфрақұрылымы секілді маңызды салалардағы ірі жобаларды жүзеге асыруға ықпал етті. Әсіресе, ауданның күрделі мәселелерін шешуде еңбектеніп, көптеген қиындықтарды еңсерді. Кәсіби біліктілігі, азаматтық ұстанымы әріптестері арасында үлкен құрметке ие болды. Әкімдік қызметінде жүріп, көптеген маңызды шешім қабылдады. Оның ұйымдастырушылық қабілеті мен тәжірибесі жас мамандар үшін үлгі. Бүгінде әріптесіміз облыстық деңгейдегі жаңа лауазымға тағайындалды. Бұл оның кәсіби дамуының заңды жалғасы. Бәйтеректіктер атынан жаңа қызметімен құттықтап, алдағы ісіне сәттілік тілеймін,- деп Марат Лұқпанұлы өзінің Алғыс хатын табыстады.

IMG-20250211-WA0005

Дәл осындай ақжарма алғыс пен ізгі лебіздер легін аудандық мәслихат төрағасы Нұрлыбек Хайруллин, облыстық мәслихат депутаты әрі кәсіпкер Оганнес Миносян және округ әкімдері мен бірге қызметтес болған түрлі бөлім өкілдері жалғастырып, естелік сыйлық ұсынды.

IMG-20250211-WA0004

- Айтылған әрбір жылы лебіздеріңізге шын жүректен ризамын. Осыншама уақыт мемлекеттік қызметте жүруіме ауыл әкімі лауазымы үлкен әсер етті. Сондықтан ауыл әкімінің жұмысын жақсы түсінемін, оларды әрдайым қолдаймын. Соңғы жылдары Марат Лұқпанұлының басшылығымен ауданымызда көптеген маңызды істер жүзеге асуда. Білім беру, емдеу орындары,  жолдар салынып жатыр. Бұл жетістіктерде Марат Лұқпанұлы екеуіміздің үлестеріміз бар деп айта аламын. Себебі 2021 жылы елордаға барып, жауапты министрлікке арнайы кіріп, депутаттардың қолдауымен көптеген мәселенің оң шешім табуына мүмкіндік алдық. Көп жылдар бойы өзекті болған мектеп мәселесін шештік. Жолдарды жөндеу де алдағы екі-үш жылда толық шешімін табады деп сенемін. Бәйтеректе баға жетпес тәжірибе жинадым. Облысқа ауысқаннан кейін алғашқы күндері телефоныма келетін қоңыраулар сиреп, қызық сезімде болдым. Бой үйренген, қарбалас, қауырт жұмысты да іздеп, сағынып тұрады екенсің. Баршаңызға алғысымды білдіремін, алдағы уақытта да туған өлкем, өскен өңірім, елім үшін еңбек ете бермекпін,-деді басқосу соңында сөз алған Мұрат Дүйсенұлы.

 

Гүлім Орда,

Бәйтерек ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале