Бүгін Теректі аудандық мәдени-демалыс орталығында қазақтың біртуар ақыны Мұқағали Мақатаевты еске алуға арналған «Айтатын саған сырым бұл» атты композициялық қойылым өтті.

Бұл рухани кеш ақынның шығармашылығына тағзым ету, оның мұрасын кейінгі ұрпаққа дәріптеу мақсатында ұйымдастырылды. Кеш шымылдығы Мұқағалидің өз дауысымен оқылған «Есіңе мені алғайсың» атты өлеңімен түрілді.

Сахнаға арнайы баспалдақтар қойылып, әртістер қараңғылықта орындарына жайғасқан кезде ақынның үні көрермен жүрегін тербеп, әсерлі атмосфера қалыптасты.

Қойылым барысында Мұқағалидің сөзіне жазылған әндер шырқалды. Мұқағали жырларынан үзінділер оқылып, оның өмір жолы мен шығармашылығын бейнелейтін сахналық көріністер көрсетілді. Ақынның жан дүниесін, ішкі толғанысын жеткізген әртістер көрермендерге ұмытылмас әсер сыйлады. Шараға қатысушылар Мұқағалидың мәңгі өлмес өлеңдерімен сусындап, оның поэзиясының құдіретіне тағы бір мәрте көз жеткізді.

Кешке жиналған жұртшылық Мұқағали әлеміне терең бойлап, оның поэзиясының шынайылығына тағы бір мәрте көз жеткізді. Әрбір көрініс, әрбір оқылған өлең ақын жанының шындығын ашып, көрермендерді терең ойға жетеледі.

Ақын рухына арналған бұл кеш оның мұрасын дәріптеудің, келер ұрпаққа өнеге етудің айқын көрінісі болды.
Алтынбек Қайырғалиев.
Теректі ауданы