Облыс әкімі Нариман Төреғалиев Бәйтерек ауданына жұмыс сапарымен келіп, Деркөл өзенінің бойында орналасқан Белес, Атамекен, Переметный, Зеленый ауылдық округтеріндегі бөгеттерді, су өткізу тұрбаларының жай-күйін тексерді. Бұл жұмыстардың мақсаты – көктемгі тасқынға қарсы дайындықтың жеткілікті деңгейде жүргізілуін қамтамасыз ету және мүмкін болатын қауіптердің алдын алу.

Бәйтерек ауданында үш ірі бөгет бар. «Қазіргі кезде оларға төніп тұрған елеулі қауіп жоқ. Ешқандай мәселе туындамасын деп, бөгеттердің бәрін ашып, дайындап қойдық. Бүгінгі күні қауіпті болуы мүмкін бөліктерін көтеріп шықтық. Кеңес үкіметі кезінде салынған дамбаларды қайта жөндеп, тасқынның алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Деркөл өзенінен 2 шақырым жоғары жаңа тоған салынды, ол даладан келетін судың бәрін жинауға мүмкіндік береді», – деді аудан әкімі Марат Тоқжанов.

Қызметтік сапары барысында алдымен Белес ауылында болған облыс әкімі Нариман Төреғалиев Деркөл өзенінен келер қауіптің алдын алу мақсатында жолды ашып, қазгидромет мамандарына судың ағысы арқылы көтерілу деңгейін анықтауға жағдай жасауды тапсырды.

- Қазіргі уақытта Деркөл өзенінің су деңгейі қауіпті межеден жоғары көрсеткішпен тұр. Бізге нақты болжам жасау үшін өзеннің ағысын анықтау керек. Ол тұрбадан аққан су мөлшерімен есептелмейді. Сондықтан жолды жырып ашу маңызды. Биылдан бастап судың ағыны арқылы деңгейін есептеп шығарып жатырмыз. 1 ақпандағы қардың мөлшері мен күтілетін жауын-шашынды ескеріп, бүгінгі болжамды беріп отырмыз. Тасқынға байланысты ақпарат та осы нәтижелер арқылы шығарылады. Мысалы, Жайық өзенінен 1300 куб.м/с су ағып өтсе, Орал қаласында су деңгейі 400-500 см-ге жетеді. Деркөл өзенінен де осыған ұқсас есеппен су деңгейінің көлемін шығару қажет, - деді Қазгидромет РМК облыстық филиалының директоры Тілеген Шапанов.

Мамандардың әдісі бойынша, қыс мезгілінде жауған қардың мөлшері есепке алынған. Қазіргі уақытта топырақтың бетінде 40-50 мм ылғал бар, сонымен қатар 2 см мұз қабаты жатыр. Ақпан және наурыз айларында күтілетін жауын-шашынды ескере отырып, су деңгейінің де өзгеруі мүмкін.
-Қазіргі кезде Деркөл өзенінен қалаға қауіп болуы да ықтимал. Осыған байланысты суды максималды көлемде өз саласымен Жайық өзеніне өткізу қажет. Бұл шаралар өзеннің су деңгейін тұрақтандыруға және тасқынның алдын алуға бағытталған. Ашылатын тұсты ағаштардан тазалау керек. Уақытша жұмыстар кезінде айналма жолды іске қосу қажет,-деді Нариман Төреғалиұлы. Белес ауылдық округінің әкімі Бақытгүл Жүнісова ауыл шаруашылығына қажетті суды қалдыру мәселесіне де мүмкіндігінше көңіл бөлінсе деген тілегін жеткізді.
Сондай-ақ дәл осындай су өткізу тұрбасын ашу жұмыстары Қайнар, Переметный ауылдарында да жүргізілмек. Қаражар ауылына өткен жылы күзде екінші су өткізу тұрбасы орнатылған. Күні бүгін мұнда іркіліс туындамаған. Облыс әкімі су өткізу тұрбаларының жеткілікті болуын тексеріп, қажет тұстарға шлюз орнатуды тапсырды.
Зеленов ауылдық округі Деркөл өзенінің бойындағы қауіпті аймақтардың бірі саналады. Осы аумақта дамбаны қайта көтеру жұмыстары жүргізілген. Зеленов ауылдық округінде 420 түтін немесе 1608 тұрғын бар. Округ әкімі Ізғали Дәулетовтің мәліметінше, ауыр техникамен көмекке келетін шаруа қожалықтарымен және дүкендермен келісім шарттар жасалған. Эвакуация орындары әзір. Мұз жару жұмыстары белсенді түрде жалғасуда. Облыс әкімі округтегі бөгеттерді тексеріп, тасқынға қарсы жұмыстарды пысықтап, 4000 құм-қапшықтарын дайындауды, оларды жылы бокстарда сақтауды, сындарлы кезеңге сақадай сай болуды міндеттеді.
Г.Баделова,
Бәйтерек ауданы