Шыңғырлау ауданында «Бала дауысы» аудандық музыкалық байқауы бастау алды.

Жас таланттардың отын жағатын доданың мақсаты аудан балаларын өнерге баулып, сахна мәдениетіне үйрету. Жобада бекітілген тәлімгерлер - Аңсаған Хибашов, Айгерім Асанова, Айдос Исекенов қатысушылардан команда құрап, жас әншілерді әр кезеңге дайындап, жеңіске жетелейтін болады.


Байқау негізінен 5 кезеңнен тұрады. Алғашқы «Көрмей тыңдау» кезеңінде жобаға қатысуға ниет білдірген 27 өнерпаздың он бесі келесі кезеңге өтті. Іріктеу кезеңінде тәлімгерлер қатысушыларды көрмей, тек дауысына баға беру арқылы бес-бестен таңдап алды. Апта сайын үздіктердің үздігі іріктеліп, финалдық бәсекеде мықтылар анықталатын болады.

«Бала дауысы» аудандық музыкалық байқауы ауыл балаларының шығармашылық қабілетін анықтап, оны дамытып, өнерлі бүлдіршіндердің жұлдызын жағатын өнер додаларының бірі болмақ.

Әсел Әлім,
Шыңғырлау ауданы