Бәйтерек аудандық «Ауыл тынысы» газетінің алғашқы саны жарық көргеніне – 85 жыл. Мерейтой аясында газет редакциясы жыл бойы үлкенді-кішілі 85 іс-шара өткізуді жоспарлап отыр. Соның алғашқысы Дариян ауылдық округіне қарасты «Мечта» кемпингінде өтті.

Онда облыс аумағындағы БАҚ өкілдері спорт түрлерінен сынға түсті.
Іс-шараның ашылуына аудан әкімі орынбасары Ерлан Ғалиев, ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғайса-Ғали Сейтақ, «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының кеңесшісі Тоқтар Кенжеғалиев, «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының орынбасары Нұрлыбек Рахманов, БҚО өңірлік коммуникациялық қызметінің басшысы Әділет Орынбасароы, «Қазақтан» ұлттық арнасының меншікті тілшісі Ардақ Нықмұқанова, «ТДК 42» телеарнасы директорының міндетін атқарушы Эльмира Рахмешова, «Ақжайық» телеарнасының редакторы Тұрар Кенжеғалиев, аудандық газеттердің бас редакторлары, «ТүгелLive» интернет порталының жетекшісі Түгелбай Бисен қатысты.

«Ауыл тынысы» газеті редакциясының ұжымы баспасөздің маңызын айшықтайтын баннерлер іліп, қонақтарды табиғат аясында қарсы алды. Ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі орынбасары Ерлан Ғалиев аудан айнасының өңір өміріндегі рөліне тоқталды.

- Ең алдымен баршаңызды аудан әкімінің атынан газетіміздің мерейтойлық жылдың тұсаукесерімен, бүгінгі байрақты бәсекенің ашылуымен құттықтап, берекелі Бәйтерек ауданына қош келдіңіздер деймін! «Ғалымның хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді» деген қазақта керемет сөз бар. Журналистердің жазатын мақаласы, дайындайтын сюжеті, хабарлары - аудан, облыс, ел өмірінің тыныс-тіршілігін көрсетіп, мұрағаттарда тарих болып сақталатын құнды дүниелер. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ел экономикасын дамыту, халықтың әл-ауқатын артыру бағытында жергілікті жерде атқарылып жатқан жұмыстарды шынайы түрде алғашқы болып жеткізуде сіздердің орындарыңыз ерекше, үлестеріңіз зор. Қоғамдық пікірді қалыптастырушы – өздеріңіз. Сондықтанда сіздермен өткен бүгінгі сәт өте ерекше! Газет мерейтойы құтты болсын, - деді Ерлан Ерсайынұлы.
Аудандық «Ауыл тынысы» газетінің бас редакторы Сәкен Әбілхалықов алтын уақытын арнап бүгінгі іс-шараға келген барша әріптестеріне және осынау жарыстардың өтуіне қолдау көрсеткен «Жайық Пресс» медиахолдингіне, аудан әкімдігіне алғысын білдірді.

Спорттық сайыстардың «шымылдығын» шаңғы жарысы ашты. Шаңғышыларға табиғаттың өзі қолдау білдіргендей, ауа райы ашық, күн жылы болды. Нәтижесінде командалық есепте «Ақжайық» топжарса, «Жайық Пресс» пен БҚО өңірлік коммуникациялар қызметі қалған жүлделі орындарды еншіледі.
Волейбол турниріне алты команда қатысты. Барлық әріптестер тамаша ойын өрнегін көрсетіп, жеңіске деген ұмтылысын байқатты. Алаңда ойын қызықты әрі тартысты өтті. Нәтижесінде алаң иелері, яғни «Ауыл тынысы-Бәйтерек» командасы бас жүлдегер атанды, содан соң «Жайық-Пресс» пен «ТДК-42» командалары жүлдеге ілінді.
Кейін БАҚ өкілдері тир атудан сынға түсті. Сөз мергендерінің арасынан нысананы көзге ілген қырағылары да табылды. Сөйтіп «Түгелlife» І, Жайық Пресс ІІ және «Ауыл тынысы» ІІІ орындарға табан тіреді.

Төрешілердің есептеу бойынша жалпыкомандалық есепте бас жүлде «Жайық Преске» бұйырды. «БҚО өңірлік коммуникациялық қызметі» күмістен алқа тақса, «Ауыл тынысы-Бәйтерек» үштікті түйіндеді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге, жақсы ойын көрсеткен, белсенді қатысқан командаларға, жекелеген спортшыларға кубок, медальдар, грамота, алғысхаттармен бірге ақшалай сыйлықтар да табысталды.
Гүлжаз Баделова
Бәйтерек ауданы