Батыс Қазақстан облысында мұздың қалың қабығынан таяз су айдындарында оттегінің болмауына байланысты балықтардың қырылып қалу қаупі туындады. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитеті жазды.

ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитетінің «Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы» РММ инспекторлары облыстың су айдындарында балықтарды құтқару бойынша кешенді жұмыстар жүргізді. Қыс салыстырмалы түрде жылы болғанына қарамастан, БҚО-да су айдындарының көпшілігінде мұз қабығы 40 см-ге жетеді, бұл балықтың жаппай қырылуына әкелуі мүмкін.

Сурет: gov.kz
Бүгінгі таңда инспекторлар бірқатар кешенді жұмыстар жүргізді: 136 000 тесік тесілді, оны оттегімен байыту үшін 5000 текше метрден астам су мотопомпалармен айдалды. Бұл жұмыстар үшін тек БҚО-да ғана 657 адам және 167 бірлік техника тартылды.
Балықтың қырылып қалмауына қарсы іс-шаралар жалғасуда, таяз су айдындарына ерекше назар аударылуда.