18.02.2025, 11:00
Оқылды: 182

«Еңбек еткеннің еңсесі биік»

Қазір ерлермен қатар қыз-келіншектер де «Бастау бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздерін оқып жүр.  Олар бизнес жоспарларын сәтті қорғап, грант қаражатына ие болуда.  Осындай грант алған жанның бірі – ақсайлық «Сатаева» ЖК жетекшісі Салтанат Сатаева.  Кәсіпкер дөңгелек жөндейтін орын ашып отыр. 

Ол былтыр мемлекет тағайындаған 1,5 млн теңгеге жуық қаражатқа өзінің ақшасын қосып, теңгерімдеуші білдектер, домкрат, компрессор, диагностикалық аппарат сатып алған.

Салтанат (6)

– Негізі, жұбайымның «ГАЗель» автокөліктері болған еді. Ол қайтыс болған соң, кәсібін жалғастыруыма тура келді. Ойлана келе, дөңгелек жөндейтін орын ашуды жөн көрдім. Мемлекеттен қайтарымсыз грант алғаныма қуаныштымын. Бұл – кәсіп ашқысы келетіндерге үлкен көмек. Біз негізінен «ГАЗель» автокөліктеріне қызмет көрсетеміз. Жалпы, Ақсай қаласында осындай көліктерді жөндейтін орындар тапшы. Былтыр күзде жұмысымызды бастадық. Негізі, көлікті қыс мезгіліне дайындайтын кезде келушілер көп болды. Қазір көлік қоятын орынды жалға алып отырмыз. Болашақта өзіміздің ғимаратымызды тұрғызып, бизнесті дамытсам деймін. Қарамағымда екі адам жұмыс істейді, – деді Салтанат Бақытжанқызы. Көп балалы ананың студент екі ұлы мен екі қызы бар.  Тұңғышы Мадияр Алматыда, екінші ұлы Рахат Италияда гранттық негізде оқиды. Ал Томирис пен Медина мектепте білім алып жүр. «Жеке кәсіппен айналыссаң, отбасыңа, балаларға көңіл бөлетін уақыт болады. Бірақ солай бола тұра, таңнан кешке дейін жұмыс істеу керек. Себебі еңбек еткеннің еңсесі биік болады», – деді кәсіпкер ана (суретте).

Бөрлі ауданындағы Қызылтал ауылында тұратын Нәзира Киреева үйінде тігін ательесін ашқан. Бір бөлмені жұмыс орнына айналдырған.

Киреева (3)

– Өзім секілді көп балалы ата-аналардан мемлекеттің табыс-кірісі аз отбасыларға қайтарымсыз грант беретіні жөнінде естідім. Екі жыл бұрын жұбайым қайтыс болған еді. Асыраушысынан айырылған отбасы ретінде грант алуға конкурсқа қатысып көргім келді. Бала кезімде әжем жүн түту мен иіруді, тоқу мен іс тігуді үйретті. Бұрыннан қолөнерге, ісмерлікке қызығатынмын. Бертін келе, осы салада кәсіп ашсам деп те ойладым. Алайда балалар кішкентай болған кезде, мүмкіндігім болмады. Жұбайымнан айырылған соң, қаражат керек, табыс табуыма тура келді. Әрі кішкентай баламның денсаулығына байланысты үйде отыруым қажет. Осындай қажеттілік те кәсіп ашуға итермеледі, – деді Нәзира Киреева. Отбасының шамшырағы боп отырған ана Орал қаласындағы тігінші кәсіпкерден ай жарымдай білім алады. Кейін Ақсайдағы тігін цехында жұмыс істеп, тәжірибе жинайды. Былтыр жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант тағайындайтын комиссия оның бизнес-жобасын мақұлдапты. Тағайындалған 1 млн 200 мың теңгеден астам қаражатқа JIN, Janome секілді іс машиналары мен басқа да құрал-жабдықтар сатып алған. Қазір көрші көлемнен, тума-туыстан киім-кешекті қысқартуға немесе басқалай да жөндеп беруге тапсырыс қабылдап отыр. «Қажет ине-жіпті, маталарды облыс орталығындағы дүкеннен әкелемін. Төрт баламның үлкені 20 жаста, жұмыс істеп жүр. Екінші балам студент болса, қалған екеуі мектепте оқиды. Болашақта үлкен ателье ашқым келеді», – деді  көп  балалы  ана (суретте).

Мира (18)

Ақсайлық көп балалы ана Мира Нұралиева (суретте) шешендік өнер мектебін ашқан. «Сила слова» мектебіне 10-12 жастағы бірнеше қыз бала барып жүр. Ал 9-10 жастағы ұлдарды бөлек топқа жинап жатыр. Кәсіпкер алдағы күндері 14-16 жастағы жасөспірімдерге арналған топ ашуды жоспарлап отыр. Балалардың аптасына екі рет қатысатын сабағының құны – 15 мың теңге. Бұл мектепте тіпті ересектерге де арналған топ бар екен. Бұл топта тігінші, психолог, шетелдік компанияның қызметкерлері  бар.

Мира (16)

– Шешендік өнер мектебін ашу – көптен бергі арманым. Мен бала кезімнен кітап оқығанды жақсы көрдім. Әдемі сөйлеуді өз бетімше үйренетінмін. Көпшілік алдында сөйлеу мәдениетін қалыптастыруға үйрететін кітаптарды көп оқыдым. Анам теледидардағы жаңалықтарды тыңдатып, дикторлар сияқты сөйлеу керектігін ұдайы айтып отырды. Менің ынта-жігерімді жанып, қолдау көрсетті. Мектеп ашу жөніндегі ойым былтыр жүзеге асты. Мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, бизнес бастадым. Бір млн теңгеге жуық қаражатқа проектор, компьютер, тақта, үстел мен отырғыштар және басқа қажетті заттар алдым. Балалармен жұмыс істеген ұнайды. Оларды қызықтыра білген жөн. Мектепке балаларын әкелген ата-аналарға перзенттерінің жеке тұлға ретінде қалыптасуына, еркін өсуіне бағыт беретінімді айттым. Яғни өздеріне сенімді, құқықтарын білетін азамат боп тәрбиеленеді. Олар мұндай қарым-қабілетті ең алдымен үйлерінде көрсетеді. Әке-анасына, бауырларына ой-пікірін ашық айтып үйренеді. Көпшілік алдында қысылып-қымтырылмай сөйлеуге дағдыланады. Ең бастысы, қателесуден қорықпағандары жөн. Себебі қорқыныш талантты адамдарды да бұйығы етеді. Ішкі үрейді еңсере білген жөн. Шешен сөйлеу де адамның тұлғалық қасиеттерінің көрінісі. Сөз сөйлегенде ойдың дәл, сөздің анық та шынайы болуы маңызды. Әрине, тек ішкі сезімді билеп үйреніп қоймай, сыртқы түр-әлпетті де дайындау керек. Дауыс ырғағын, киім үлгісін ретке келтірудің де маңызы зор. Жалпы тек шешендікті емес, көшбасшылық қасиетті де ашу керектігін түсіндім, – деді Мира Қуанышқалиқызы. Шәкірттері – Сабина, Адель, Александра және басқа да балауса қыздар шешендік өнер мектебінің ұнайтынын айтты. Олар мұнда келген соң ішкі сезімдерін басқаруды, ойларын мүдірмей айтуды, еркін сөйлеуді үйрене  бастадық  дейді.

«Сила слова» мектебіне келіп жүрген балаларға дәріс орысша өтеді. Алайда кәсіпкер жақын күндері қазақ тілінде сабақ беретін маманды жұмысқа қабылдаймын деді. Жалпы, екі адамға қызмет ұсынып отыр. Жалға алған қуықтай ғана бөлмеден кеңірек орынға көшпекші. Бөрлі аудандық мансап орталығының мәліметінше, былтыр 59 117 541 теңге көлемінде қайтарымсыз грант алған 47 адамның 37-сі – қыз-келіншектер. Олар үй шаруасынан бөлек, қоғамға пайдалы кәсіпті тізгіндеп отыр.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»,

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале