18.02.2025, 12:00
Оқылды: 526

Жағдайың жақсы ма, студент?

Бұған дейін ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі 2025 жылы студенттер мен колледж оқушыларының стипендиясы екі есеге, магистранттар мен докторанттардың стипендиясы 1,75 есеге артатынын мәлімдеген болатын. Білім іздеп, алып арманын үлкен шаһарға арқалап келген жастар үшін бұл – үлкен көмек. Осы орайда қаламыздың жоғары оқу орындары мен колледждерінен бүгінгі таңда студенттерге қандай қолдау барын сұрастырып, білген болатынбыз.

WhatsApp Image 2025-02-18 at 12.57.11

Мерген Сүлейменов, М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер  жөніндегі проректоры:

– Елімізде білім беру сапасын арттырумен қатар, студенттерге жан-жақты қолдау көрсету мәсе-лесіне де үлкен мән берілуде. Студенттердің білім алуына қолайлы жағдай жасау – жоғары оқу орындарының басты міндеттерінің бірі. Соның ішінде жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі ерекше назарда. Мысалы, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті студенттерге қолайлы орта қалыптастыру жолында тұрақты жұмыс атқарып келеді. 2011 жылы университет бір ғана студенттік жатақханамен студенттердің 50 пайызын қамтамасыз еткен болса, 2018 жылға қарай бұл көрсеткіш айтарлықтай жақсарды: үш студенттік жатақхана іске қосылып, жатақхана қажеттілігі 80 пайызға дейін қамтылды. Бұдан бөлек, 2023 жылы университет алғаш рет пилоттық жоба ретінде өз қаражаты есебінен 600 орындық заманауи студенттер үйін салды. Бұл – оқу орнының студенттерді қолдауға деген ұмтылысының нақты дәлелі.

Студенттерді қолдау тек жатақханамен шектелмейді. Мемлекет тарапынан шәкіртақы көлемінің ұлғаюы да жастарға үлкен қолдау болып отыр. Бүгінгі таңда бакалавриат бағдарламасы бойынша оқитын студенттердің шәкіртақысы 47 135 теңге болса, бұл сома жақын арада 52 372 теңгеге дейін артады. Ал педагогикалық бағыттағы мамандықтарды меңгеріп жатқан студенттердің шәкіртақысы қазіргі 75 600 теңгеден 84 000 теңгеге дейін ұлғаймақ. Бұл көрсеткіштер мемлекетіміздің жастарының білім алуына және тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған ерекше қамқорлығын көрсетеді.

Осылайша жатақхана санын көбейту мен шәкіртақы мөлшерін арттыру сияқты бастамалар студенттердің са­палы білім алуына қолайлы жағдай туғызумен қатар, олардың әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Бұл – жастарға үлкен мүмкіндік, еліміздің болашағына жасал­ған маңызды инвестиция еке­ні  анық.

Нұркен Ғұбашев,

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың оқу жұмыстары жөніндегі проректоры:

– Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-тех­никалық университетінде бі­лім алушыларға ҚР Үкіметінің «Мемлекеттік стипендияларды тағайындау, төлеу қағидаларын және олардың мөлшерлерін бе­кіту туралы» қаулысына сәйкес шәкіртақы тағайындалады.  Бакалавриат бағдарламасы бойынша білім алып жүрген студенттерге мемлекет тарапынан 47 135 теңге шәкіртақы төлене­ді. Оқу үлгерімі жақсы студенттерді ынталандыру мақсатында олардың шәкіртақысына 15 пайыз қосылады. Сондай-ақ 3-4 курстарда оқуға түскеннен бастап оқу үлгерімі «өте жақсы» болған білім алушылардың Президенттік шәкіртақы иегері атануға мүмкіндігі бар.  Мемлекеттік білім гранттарынан бөлек жергілікті әкімдік гранты мен университет гранты бойынша да белгілі бір мамандықтарға талапкерлер қабылданады. Айталық, биылғы оқу жылында БҚО және өзге де облыс әкімдіктері бөлген білім беру гранттары негізінде  бірқатар мамандықтар бойынша студенттер оқуға қабылданды.

Ал университет грантын спортта айтарлықтай жетістіктері бар талапкерлер иеленеді.  Сондай-ақ «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры тарапынан белгілі бір нысаналы топтарға бөлінетін білім беру гранттарын (шәкіртақысымен қоса)  иеленген талапкерлер де бар.

WhatsApp Image 2025-02-18 at 12.56.33

Сонымен қатар ҚР Қорғаныс министрлігі мен ҚР Жоғары білім және ғылым министрлігінің меморандумы аясында әскери борышын өтеп келген азаматтар үшін ауыл шаруашылығы және техникалық мамандықтарға тегін оқу үшін гранттар бөлінеді.

Ақылы негізде оқып жүрген білім алушыларды қолдау мақсатында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған студенттерге оқу ақысына 50 пайыз жеңілдік қарастырылады. Сонымен бірге ақылы бөлімде оқитын білім алушылар ірі компаниялар жариялайтын түрлі конкурстар (байқау емес) арқылы тегін оқу мүмкіндігіне қол жеткізіп жатады. Мұндай жағдайда конкурс талаптарына сәйкес келген студенттердің оқу ақысы сол компания тарапынан төленеді.

Қанат  Досмағамбетов,

Жәңгір  хан  атындағы  БҚАТУ  Жастар  бастамасын  дамыту  орталығының  директоры:

– Университетімізде 2 студенттер үйі жұмыс істеп тұр. Екі жатақхананы қосқан кездегі барлық сыйымдылығы 870 орын, қазіргі таңда орналасқандар саны 636 студент. Студенттеріміз 100% жа-тақханамен қамтылған, яғни кез келген білім  алушы студенттер үйіне орналаса алады. Санитарлық нормаға сай, әр балаға  6 шаршы метр берілгендіктен, бір бөлмеде кемінде 2 адам жатады. Ай сайынғы  төлемақысы 9000 теңгені құрайды.

Салтанат  Кенжеғалиева,

Жаһанша Досмұхамедов  атындағы жоғары педагогикалық колледждің  оқу ісі  жөніндегі орынбасары:

– Студенттерді әлеуметтік қолдау мақсатында еліміздің басшысы колледж студенттерінің мемлекеттік стипендиясын екі есеге дейін көтеруді тапсырған болатын. Қазіргі таңда берілген тапсырма орындалып, бұрын шәкіртақы 20948 теңгені құраса, ал 2024 жылдың қыркүйегінен бастап 41896 теңгені құрады. «Мемлекеттік стипендияларды  тағайындау, төлеу қағидаларын және олардың мөлшерлерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 7 ақпандағы №116 қаулысына сәйкес жүргізіледі. Мемлекеттік стипендия аралық аттестаттаудың (емтихан сессиясының) нәтижелері  бойынша «үздік», «жақсы» деген бағаға сәйкес бағалардың баламасын алған, мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алатын студенттерге, сондай-ақ мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алуға ауыстырылған студенттерге тағайындалады.

Бақытханым  Кәрімова,

Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледж  директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

– Біздің колледждің жатақханасы 320 орындық. Бүгінгі таңда өтініш берген студенттер толық орналасты. Студенттер үйі колледждің білім алушыларына тегін қызмет көрсетеді. Ең алдымен, жатақханамен  мүмкіндігі шектеулі, толық емес және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан студенттер қамтылады. Бүгінде ата-ана қамқорлығынсыз қалған бір, мүмкіндігі шектеулі үш, әкесі қайтыс болған 16 студент, анасы қайтыс болған екі студент, табыс-кірісі аз отбасыдан үш студент, көпбалалы отбасынан 63 студент жатақханада жатып, білім алады. Студенттер үйінде колледж білім алушыларының алаңсыз білім алуына барлық жағдай жасалған.  Биылғы оқу жылында 320 орын жаңа кереует және төсек жабдықтарымен қамтамасыз етілді. Жатақхана ғимараты косметикалық (сырлау немесе ұсақ жөндеу) жөндеуден өтті. 1-қабатта дәрігер бөлмесі, кір жуатын бөлмелер болса, екінші қабатта музыкалық үйірмелерге арналған сыныптар орналасқан. Қабатаралық холдарда студенттердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін тақырыптық алаңдар бар. Студенттер үйінің тұрғындарын тәрбиелеу мен бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін «Гүлзар», «Оймақ», «Көріктім», «Оқуға құштар жатақхана» үйірмелері қызмет етеді. 2024 жыл қорытындысы  бойынша қала әкімі Мұрат Бәйменовтен «Үздік жатақхана» марапатына ие болдық.

Байқағанымыздай, студенттердің жағдайы жаман емес. Асыл мұратын  ұмытпай, білім жолында талмай еңбектенуге барлық мүмкіндік бар. Керегі  ізденімпаздық  пен  табандылық  қана.

Жанерке Мерекеқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале