Бәйтерек ауданында «Адал – азамат, адал – еңбек, адал – табыс» атауымен жұмысшы мамандықтарының көшбасшылары форумы өтті.
Жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы рөлін айқындап, адал еңбек арқылы жетістікке жеткен азаматтарды дәріптеуді, жастарды еңбекқорлыққа тәрбиелеуді мақсат тұтқан іс-шараға БҚО және Бөрлі, Қаратөбе, Шыңғырлау, Тасқала, Жәнібек, Теректі, Жаңақала аудандарының жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтарының басшылары қатысты.
Алғаш болып сөз кезегін алған Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжанов жұмысшы мамандықтарының маңыздылығына тоқталды.

– Президентіміздің Жолдауында 2025 жыл - Жұмысшы мамандықтар жылы деп бекітілгені белгілі. Жыл басынан бері осы бағытта түрлі іс-шаралар өтуде. Қазіргі таңда елімізде жұмысшы мамандарына сұраныс жоғары, алайда жастар тарапынан бұл салаларға бетбұрыс байқалмайды. Әр елдің экономикасын алға сүйрейтін – осы жұмысшы мамандар. Дегенмен, бүгінгі қоғамдағы көзқарастардың өзгеруі бұл мамандықтарға деген қызығушылықтың төмендеуіне себеп болып отыр. Ауданымызда да ауыл шаруашылығы саласындағы мамандарға тапшылық айқын сезілуде. Мысалы, Бейбітшілік ауылындағы «Асан ауыл» шаруашылығындағы комбайнерлар маусым кезінде 1,2 млн теңгеге дейін жалақы алса, механизаторлардың еңбекақысы 600-700 мың теңгені құрайды. Соған қарамастан жұмысқа қабілетті азаматтар 60-70 мың теңгеге оператор қызметін атқарғысы келеді. Бұл – жеңіл табысқа ұмтылудың көрінісі. Осыған байланысты жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру – біздің басты міндетіміз. Жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылықты арттыру үшін ең алдымен еңбек адамдарына құрмет көрсетуіміз қажет,-деді Марат Лұқпанұлы.

БҚО жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сәрсенбаев мемлекет тарапынан жастарға жасалып жатқан мүмкіндіктер туралы айтты.
-Қасиетті Бәйтеректегі бүгінгі кездесуде басқосқаныма бек қуаныштымын. Қасиетті дейтін себебім аудан - қойнауы кеңге, алқабы егінге толы мекен. Жұмысшы мамандықтар жылында нағыз еңбек адамын қастерлеу, жастардың арасында еңбекті дәріптеу артарына сенім мол. Елімізде жастарды қолдау шаралары аз емес. Жас маманға оқуын шетелде жалғастыруға мүмкіндік беретін «Болашақ» бағдарламасы бар. "Дипломмен ауылға" бағдарламасы ауылды көркейтуге бағытталған. Жеке кәсіп ашамын дейтін жандарға гранттар, жеңілдетілген несиелер қарастырылған. Жалпы ауылда еңбек етемін деген жанға барынша мүмкіндік жасалуда,- деді Нұрсұлтан Чапайұлы.

Жиын барысында әртүрлі салада табысқа жеткендер өздерінің тәжірибелерімен бөлісті. Олардың қатарында, талантты актер, режиссер Аман Ғұмаров, ауыл шаруашылығында табысқа жетіп жүрген жас маман, «Бәйтерек» жылыжайының қызметкері Алтын Қажымова, «Белес Агро» ЖШС-нің технологы Абзал Түрекешов, аудандық мәслихат депутаты, «Қазақстан темір жолы» АҚ бойынша «100 жаңа есім» қатарына енген, Белес станциясының басшысы Ерлан Кужумов, «Ауыл аманаты» жобасының грант иегері, «Байқоныс» ӘӨК төрағасы Сүйініш Мұхаметали, былтыр грант алған «Ғажайып шелкография» өндірісін қолға алған кәсіпкер Рита Қанатова бар.

Форумда қатысушылар спикерлерге сұрақ қойып, олардың жетістіктері мен табысқа жету жолдары туралы мәліметтер алды.
Салтанат Зұлқарнаева,
Бәйтерек ауданы
