19.02.2025, 16:15
Оқылды: 772

Жақсылық жүрген жерде тапшылық болмайды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Бұл еңбекқорлық пен кәсіпқойлық құндылықтарын нығайтуға септігін тигізетіні анық. Еңбек адамы – әлеуметтік құрылымдардың маңызды бөлшегіне айналуы тиіс. Ал еңбек адамы деген кім? Еңбек адамы дегеніміз -  ең алдымен, өзінің табысын маңдай терімен табатын, жанын салып жұмыс істейтін адам. Осы орайда, аудан жұртшылығына қарапайым еңбегімен, мейман­достығымен, қайырымды қасиетімен танылған Биғали Айтқалиевпен жүздескен болатынбыз. 

Жақсылық жүрген жерде тапшылық болмайды (1)

Биғали Далиұлы 1965 жылы 26 тамызда дүниеге келген. Қазір 59 жаста. Руы Жәдік-масқар. «Адам туған топырағына тартып туады» деген бар. Сондықтан ең алдымен өскен ауыл-аймағы жөнінде айта кетейін. Кіндік қаны тамған, дүние есігін ашқан туған жері – Бөкей ордасының малы мен жаны қатар өскен, берекесі артқан Құрманғазы совхозы. Тарихы терең әрі тағылымды жер.  1972 жылы ауылындағы 10 жылдық мектептен сауатын ашып, 82 жылы орта мектепті аяқтаған. Сол жылдары Жаңақалаға қоныс аударған ол 1982 жылдың тамыз айы мен 1983 жылдың мамыры аралығында жүргізуші курсын оқыған. 1984 жылы совет армиясына шақырту алып, Мәскеуде әскери борышын абыроймен аяқтаған жас бозбала 1986 жылы елге оралды. 1998 жылдың қаңтар айына дейін жүргізуші, сантехник қызметінде болған. 2008 жылы мектептен тыс жұмыс орталығында жылу қазандығының операторы қызметін жасап, 2009 жылдан күні бүгінге дейін Жаңақала аудандық полиция бөлімшесінде маусымдық жұмыс жасайды. Жылу қазандығының операторлығын қазан айының 15-інен сәуір айының 15-не дейін атқарса, аула сыпырушы қызметін сәуір айынан қазан айына дейін жасайтын ақсақал өз табысына еш шағым айтпады. Иә, тұрақты қызметке орналасқанына биыл 16 жыл толыпты.  Аула сыпырушының жалақысы – 85.000 теңге, ал оператор – 120.000 теңге. Сонымен қатар, қоғамдық жұмыстарға да өз үлесін қосатынын тілге тиек етті. Ол сауапты ісіне де 30 жылдай болған екен. Игі ісімен көзге түсіп, 2022 жылы Қазақстан Республикасы «Ауыл шаруашылығы ардагерлер Кеңесі» Қоғамдық бірлестігінің атынан «Құрметті ардагер» төсбелгісін алды.

WhatsApp Image 2025-02-19 at 17.06.50

Зайыбы Қызғалдақ Исатайқызымен 2007 жылы 43-ке қараған шағында отау құрып, қазір 1 ұл мен 1 қыз тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы. Жары Қызғалдақ Мәдиева 1978 жылы 24 сәуірде Жымпиты ауданында дүниеге келген. 2016 жылдан бері Жаңақала мектеп-гимназиясында кіші қызметкер болып жұмыс жасайды. Ұлы Нұрбатыр Орал қаласындағы гуманитарлық-экономикалық колледжінде информатика пәнінің 2 курс студенті. Жасы 17-де. Қызы Нұрайлым 2016 жылы 6 маусымда дүниеге келген, Жаңақала мектеп-гимназиясының 3 сынып оқушысы. Орталықтандырылған кітапхана жанынан құрылған «Жас қалам» жас ақындар клубының мүшесі. Үлгілі әрі белсенді оқушы. Бірнеше аудандық байқаулардың жүлдегері.

«Адамды адам еткен, еңбек» демекші, күнкөрістің қамын күйттеп, тіршіліктің күйбеңінен қолы бір босамайтын жандарға деген құрмет  ерекше болатыны сөзсіз. Біз міне, қаршадайымыздан сондай еңбекқор жандарды көріп өстік. Олар қоғамның жұмысы ма, елге ортақ іс пе - еш қажымайтын. Дәл сондай кейіпкеріміздің бірі Биғали ағамыздың азын-аулақ әңгімесіне де құлақ түруді жөн санадық.

- Еңбек адамы дегеніміз – өзінің адал еңбегімен жанұясын бағу, ұрпағын өсіру. Қарапайым қатардағы қызметші болғаныма еш намыстанған емеспін. Керісінше қызметкер ретінде адал нанымды тапқаныма, түзу жүріп, түзу тұрғаныма  қуанамын.  Ал, шын мәнісінде қызметі көзге көрінбейтін, халық арасында қаншама жандар бар. Қазіргі қоғамда жастары 25-30-ға жақындаса да, әлі күнге «жұмыссыз» статусында жүрген ер азаматтар бар. Еңбек ету жас талғамайды, жас-кәріе қарамайды, ниеті болған жанға екі қолға бір күрек табылады. Жас буындарға да мықтылықты, білек сыбанып кез-келген іске кірісіп кетуді, өз-өзін шыңдауды, сынақтарға сынбауды, алға қарай жылжуды үлгі етер едім. Отбасыма да үнемі осы қағиданы құлақ-қағыс етіп отырамын, - дейді Биғали Айтқалиев.

WhatsApp Image 2025-02-19 at 17.05.51

Халқымыз «Жақсылық жүрген жерде тапшылық болмайды» дейді. Ағамыз еңбекке араласқаннан ауыл-аймақтың сый-құрметіне ие абыройлы азаматқа айналды. Адам баласының көңілін қалдырмайтын кішіпейіл мінезі, елге болсын дейтін кең пейілі, ізетті ұстанымы жылдан-жылға тұлғасын асқарландырып, қадірлі аға, қоғамшыл қайраткер, абыройлы ақсақал деңгейіне көтерді. Бұл – «Жаңбырменен жер көгерер, Батаменен ер көгерер» дегендей, жасынан аузы дуалы ақсақалдардың, өзін мәпелеп өсірген ата-анасының алғысы мен ақ батасын алғанының жемісі деп есептейміз.

Жақсылық жүрген жерде тапшылық болмайды (4)

Расында, еңбек адамы, ауыл-аймаққа қадірлі тұлға – қашанда елдің құты, қоғамның басты байлығы.

Иә, бала құлақпен естігенді емес, көзбен көргенді жасайды. Сондықтан, ұрпақ тәрбиесін өзімізден бастайық.

Ақерке Мәлікқызы,

Жаңақала ауданы  

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале