Саяхат – адамға рухани байлық сыйлап, дүниетанымын кеңейтетін ерекше тәжірибе. Ол адамның өмірге көзқарасын өзгертіп, ерекше әсерге бөлейді. Саяхат – терапия. Себебі адам жанын емдей алады. Осы және өзге де тақырып төңірегінде өңірімізден шыққан жиһанкез, психолог Динара Болатпен әңгіме өрбіткен едік.

– Сізді жиһанкез ретінде жақсы танимыз. Әуелі өзіңіз туралы, балалық шағыңыз туралы айтып өтсеңіз...
– Мен 1986 жылы жарық дүниеге келіппін. Балалық шағым Батыс Қазақстанның Жымпитысында, одан кейін Аңқаты ауылында өтті. Үйдің тұңғышы болғандықтан, ата-анама мал бағыстым, олармен бірге тіршіліктің бар қызық-шыжығын көрдім. Бірақ өкініш жоқ. Тұмса табиғаттың ортасында, нағыз қазақилықты сезініп, бейбіт кезде өстім. Одан кейін Орал қаласына қоныс аударып, №19 жалпы орта білім беретін мектепте білім алдым. Мектеп бітірген соң, М. Өтемісов атындағы БҚМУ-да педагог-психолог мамандығы бойынша оқыдым. 13 жылдан бері Астана қаласының тұрғынымын.
– Көбінесе жалғыз саяхаттайсыз, ал solo-саяхатты көпшілік қашу деп ойлайды. Сіздің ойыңызша, жалғыз саяхаттау әлденеден безу ме, әлде өзіңді тану ма?
– Соло саяхат басында мүмкін қашу да шығар. Депрессиядан, қоғамдық қысымнан, қызметтен, отбасы тірлігінен шаршағанда, бәрін тастап кетіп қалу мүмкін қашу болып саналатын шығар. Бірақ оның түбі – терапия, жалғыз қалу, өзіңе сұрақтар қою, ойлану. Сондықтан бұл бәрібір түбі өзіңді тануға алып келеді.
– Саяхатшы ғана емес, анасыз, жарсыз, жауапкершілік бар дегендей... Қат-қабат міндетті қалай үйлестіріп алып жүресіз? Жырақта жүргенде, көңіліңіз алаңдап, кінәлау сезімі мазаламай ма?
– Бір қыз, бір ұлым бар ғой. Жалпы, мен саяхат кезінде өзімді кінәлап көрген емеспін. Себебі саяхаттан келгеннен кейін ылғи балаларымның жанындамын. Олардың әңгімелерін тыңдап, ішіндегі уайымдарын бөлісіп, ұзақ уақыт қасында боламын. Саяхаттан басқа уақытты ана ретінде балаларымның жағдайын жасауға, жар ретінде үйдегі жылылықты сақтауға арнаймын. Сол сияқты жолдасым да саяхаттарыма оң көзқараста. Отбасымен де, бөлек те саяхаттай береміз. Отбасының әр мүшесінің дамуы, өз алдына бақытты болуы – үйіміздегі екі ересек үшін бірдей маңызды. Қазіргі таңда қызымның оқуына байланысты жанұямызбен Малайзия еліне қоныс аудардық. Негізінен, саяхаттап жүргеніме он жылдан асты ғой. Балаларым ешқашан маған «Сен кетіп қалдың, болмадың» деген өкпе-ренішін айтқан жоқ. Себебі мен келгенде қуанышпен, махаббатпен, сағынып келемін. Балаларымның досымын. Бақытты адам ғана бақытын бөлісе алады ғой. Олар менің бақытты екенімді көріп жүр. Бақытты ана тек қуаныш, махаббат, мейірім шуағын шашады. Олар риза.
– Қазақ қоғамына мәдени құндылық енгізуге тырысып жүргендердің қатарынансыз. Бізге әлемдік өркениетке ілесу үшін не жетіспейді?
– Ізгі қоғам құру үшін, әдемі өркениеттің бөлшегі болу үшін бізге қарапайым адами түсінік жетпейді. Бір-бірімізге деген сыйластық, жанашырлық жоқ. «Болсын», «Осы қазақ өссін» демейміз. Сөгеміз, сыртынан көп сөйлейміз. Қала берді, жеке шекарасына баса-көктеп кіре кетеміз. «Тұрмысқа шық», «Үйлен», «Тез балалы бол» деп қыспаққа аламыз. «Ажырасқан әйел» деп алалаймыз. Ең кемінде, зиянымызды тигізбеуді үйрену керек бізге.
– Барған елдеріңіздің ішіндегі ең сүйіктісі қайсысы? Қай елге қайта-қайта барудан жалықпас едіңіз, қай елде тұрақтап қалар едіңіз және неге?
– Барған елдерімнің ішіндегі ең сүйіктісі – Жапония. Себебі адамға қатынасы, өмірлік ұстанымдары мен пәлсапасымен ұнайды. Және сол елде тұрақтап қалар едім. Одан бөлек, жайлы атмосфера, азық-түліктің арзандығы, тұрғындардың жүріптұруы үшін қолайлылығы, табиғаты үшін мен Тайланд немесе Индонезияда тұруды таңдар едім. Қытай да ұнайды. Бірақ ол үшін толық қытай тілін меңгеріп алуым керек. Олар көп жағдайда ағылшын тілінде сөйлемейді. Әйтпесе, керемет дамып жатқан ел.
– Тым болмаса, жылына бір рет отбасылық саяхатқа шығу үшін қазақ нені доғаруы, нені қолға алуы керек?
– Әуелі шығындарды реттеу керек. Қазақта артық шығын, қонақтық, той деген көп. Болмаса, мақтан үшін алынатын дүние де аз емес. Сол шығындар азайса және ата-ананың ойында балалардың бақытты шағы, жарқын естеліктері, ата-анасымен көбірек уақыт өткізсін, олардың дамуы, дүниетанымы кеңейсін деген түсінік тұрса, онда жылына отбасылық саяхатқа міндетті түрде шығар еді.
– Еліміздегі туризмді дамытуға не кедергі деп ойлайсыз?
– Отандық туризм мәдениеттен басталады. Ал біздегі мәдениеттің дәретхананы дұрыстап салуға да дәрмені жетпей тұр. Ел кезіп жүрген адам кафе, жолдың бойында, орталық саябақта, барған жерінде лас дәретхананы көргенде, келесіде бұл елге келгісі келмейді. Дәретхана түзелсе, одан кейін адамдардың туристерге дұрыс қатынасы, мемлекет тарапынан дұрыс жол салу, пойыздарды жаңалау, қонақүйлер бәсекелестігін реттеуді қолға алу қажет.

– Психолог ретінде қоғамдағы көп ажырасудың себебі неде деп ойлайсыз? Жаңадан отбасы болған екі жасқа қандай кеңес берер едіңіз?
– Жас отбасы үшін біздің елде артық міндет көп. Отбасы тек екі адамнан құралады. Сол екі адамның жас әлемі аяққа нық тұрып кетуіне мүмкіндік жоқ. Көп жағдайда бір-бірін танып, бір-біріне үйренісіп, бірге мақсат құрудың орнына, ата-ене, туыс сияқты мәселелермен алысып жүруге мәжбүр. Түрлі ортада тәрбиеленген екі тұлға үшін бір шаңырақты бөлу де бастапқыда оңай емес. Сол үшін «Балам бақытты болсын» деген ата-аналарға жастарға біраз еркіндік беріңіздер дегім келеді. Ал отбасын құрған жастарға алғашында түсіністік пен жылылық қана керек.
– Бала тәрбиелеудегі көзқарасыңыз да мүлде бөлек секілді. Өзіңіз айтпақшы, парыздан емес, махаббаттан туатын қамқорлыққа жету үшін ата-ана не істеуі керек?
– Махаббат қана махаббат тудырады. Сол себепті жұмысбастылық, туыстардың көңілін табу, жақсы келін, мықты жігіт боп көрінуді ысырып қойып, ең алдымен бала алдындағы міндетті, бақытты балалық шақ туралы естелігін қалай қалыптастыруды ойлау керек.
– Қазақ әйелдерінің бар ғұмыры ұрпақ тәрбиелеу мен қазан-ошақ басында өтіп кетеді. Осыны қайтсек өзгерте аламыз? Әйел өзін жоғалтып алмауы үшін не істеуі қажет?
– Ең әуелі, қыз бала тәрбиелеп отырған аналардың басындағы әйел туралы түсінік өзгеру керек. Оларды ұятқа қалдырмайтын келінді емес, өз өмірін өзі жасай алатын, арман-мақсатына адал болатын, әдемі ғұмыр иесі болатындай білімді, өзіне сенімді, жан-жақты дамыған мықты қыз тәрбиесі маңызды екенін түсінулері керек. Одан кейін әйелдің де адам екенін біздің қоғам ұғынуы қажет. Ол – ешкімнің меншігі емес. Оның да ойы, көзқарасы, қалаулары бар. Ол тек үйдің қабырғасымен шектелмейді. Әйел өзін жоғалтып алмауы үшін «алтын ортаны» білу қажет. Тұрмыс пен махаббатқа қатты батып кетуге болмайды. Кез келген жерде суық сананы іске қоса білсең, «алтын ортаны» сақтап қала аласың.
– Ең аяулы арманыңыз қандай?
– Мен үнемі айтамын ғой, әдемі қартаюды армандаймын деп. Расымен, әдемі әрі тыныш қарттық өмір туралы көп ойлаймын. Және өмірін әдемі сүре алған, өкініші жоқ адам ретінде өмірден өтсем деймін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Жанерке Ғинаят,
«Орал өңірі»