ҚР Білім беру ісінің үздігі және құрметті қызметкері, зейнеткер ұстаз Зәки Ахметжан биыл 75 жасқа толады. Ол – 40 жылдан астам уақытын ұстаздыққа арнаған жан. Оның еңбекқорлығы, табандылығы кейінгі ұрпаққа үлгі. Сол себепті Зәки Ахметжанұлымен арнайы жолығып, мәнді-мағыналы әңгімелеріне құлақ түрдік.

Ардагер ұстаз 1950 жылы 25 ақпанда Атырау облысы Индер ауданының құрамындағы Өрлік ауылында дүниеге келген. Сол ауылдағы орта мектепте оқыған. Бұрынғы Гурьев (Атырау) қаласындағы ДОСААФ-та жүргізушілік курсын тәмамдап, Өрлік ауылындағы Передовик колхозында 1969 жылдың мамырына дейін шопыр болып жұмыс істеген. 1967 жылы Кеңес әскері қатарына шақырылып, Түрікменстанның Шарджау қаласында әскери борышын өтеген. Ашхабад әскери училищесін аяқтап, бөлімше басқарып, Шымкент, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарында астық жинау жұмыстарына атсалысқан. 1972 жылы Атырау облысы Индер ауданы Елтай селосындағы Мұқанғазы Сиранов (бұрынғы В. И. Ленин) атындағы орта мектепке әскери жетекші ретінде жұмысқа орналасып, АӘД (Алғашқы әскери дайындық) пәнінен сабақ берген.
– Әр адам өзінің өмір жолында биік белестерді бағындырған сәттерде белгілі бір қорытындылар жасай бастайды. Күнделікті тірлікте біз өткенді сараптай бермейміз. Сөйтіп артта қалған жылдар көмескілене береді. Адам баласын о баста жаратқанда, әрқайсысының бойына қабілет-қарым дарытады екен. Қазақтың көрнекті жазушысы Жүсіпбек Аймауытов:
«...әр адамда бір нәрсеге талап, ыңғайлы қабілеті, зеректігі болады. Біреу іскерлікке, не жазушылыққа, яки саудаға, біреу даулы сөзге ыңғайланып жаратылады» деген екен. Ал қабілет-қарымыңды ата-анаң мен ұстаздар, өскен орта ұштайды. Менің өмірім мектеппен тығыз байланысты. Маған мектеп көп нәрсені үйретті, – дейді Зәки Ахметжанұлы.
Кейіпкеріміз еңбектен қол үзбей, 1975 жылы Гурьев ауылшаруашылығы техникумын бітіріп, зоотехник мамандығын алып шыққан. Оның әуел бастағы арманы – журналист болу еді. Арманын арқалап Алатауға барғанмен, ҚазҰУ-ға оқуға түсе алмай қалған көрінеді. Алайда ол жазу-сызудан қол үзген емес. Индер аудандық «Дендер» газетінің штаттан тыс тілшісі ретінде оқу-тәрбие саласына, ауылдың тыныс-тіршілігіне, еңбек адамдарына қатысты көптеген мақала-материал жариялады. Осы тұста Зәки Ахметжанұлының оқушы күніндегі ұстазы Алпан Ыбырашұлы жүргізетін «Жас тілшілер» үйірмесіне қатысқанын айта кетейін. Ұстазынан тілшіліктің қыр-сырын үйренген ол басылым беттеріне тырнақалды мақалаларын жариялай бастаған екен.
Әңгімемізді әрі қарай жалғайық, Зәки Ахметжан қашанда үйренуге, білуге талпынды, оқуға құмартты. 1983 жылы Атырау педагогикалық институтының химия-биология факультетін бітіріп, биология пәнінің мұғалімі атанды. 1996 жылы қазанда Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері Мұқанғазы Сирановтың бюстін аталған тұлғаның өзі негізін қалаған мектептің алдына орнатуға біраз күш жұмсады. Оралдық скульптор Сағидолла Исағалиевпен келісіп, жұмысты жауапкершілікпен атқарды. Бюсттің ашылу салтанатын өткізіп, үлкен шаруа тындырды. Бүгінде дер шағында атқарылған осы бір істі Зәки Ахметжанұлы мақтанышпен еске алады. 1999-2013 жылдары Елтай ауылы Горы селолық округіндегі бастауыш «Нұр Отан» ХДП партия ұйымының төрағасы болған кейіпкеріміз қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Уақытпен санаспай, нақты нәтижеге қол жеткізе білді.
– Жаһандану заманында бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші білім деңгейімен өлшенетініне көзіміз жетті. Сол себепті білім беру жүйесін халықаралық деңгейге көтеру – кезек күттірмейтін мәселеге айналды. Бұл мәселе ұстаздар арқылы шешіледі. Себебі ұстаз – елдің ертеңгі тізгінін ұстайтын ұрпақты тәрбиелейтін тұлға. Балаларды оқыту, тәрбиелеу – ұстаздардың ұлы міндеті. Ұстаз – рухы таза, ой-өрісі биік, ұлт үшін тер төгіп, шыдамдылық пен табандылықтың үлгісін көрсететін жан. Ол қашанда бойындағы ізгі қасиеттері мен білімін ұрпақтың кәдесіне жаратып, үнемі ізденісте жүреді. Жер жүзінде ұстаздан дәріс алмаған адам жоқ шығар... «Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, басқаның бақытын аялау» депті Жан Жак Руссо. Ауыр жүкті арқалаған аға-әпкелер мен замандастарым осы мамандықты жүрек қалауымен таңдаған болар деп ойлаймын. Мұғалім атануыма себепші болған маған тәлім-тәрбие берген аға-әпкелер еді. Өрлік орта мектебіндегі ұстаздарым кішіпейіл, жаңалыққа жаны құмар, істеген ісіңді әділ бағалайтын тамаша адамдар-тұғын. Мен Алпан Ыбырашұлы, Қабыш Дәулетұлы, Бәдеш Мұқантайқызы, Бағытжан Шахметұлы, Мәруа Ғабдуллина, Мұқан Смағұлұлы, Мағрипа Іңкәрқызы және Болат Жексенбайұлын жиі еске аламын. Олар – өзім үшін ең құрметті адамдар. Олар менің өмірге деген көзқарасымды қалыптастырды, адамгершілікке баулыды, – дейді кейіпкеріміз.
Зәки Ахметжан күнделікті сабағын өткізіп қана қоймай, 2000 жылы биология пәнінен 6-11 сыныптарға арналған тест тапсырмаларынан тұратын жинақты жарыққа шығарды. 2008 жылы 8-сыныпқа арналған деңгейлік тапсырмалар мен мемлекеттік стандарт негізінде тест жұмыстарын жинақтады. «Оқушыларды шығармашылық ізденіске баулу және дарындылық қабілеттерін дамыту мен білім сапасын арттыру жолдары» атты әдістемелік кітап құрастырды. Ол – биология бойынша 6-11 сыныптарға арналған «Электрондық әдістемелік оқулықтың» авторы. 2010 жылы Атырау облыстық «Инновациялық-педогикалық идеялар» фестивалінің лауреаты болды. Облыстық білім басқармасының бұйрығы негізінде жоғары санатты әдіскер мұғалім атанды. Мұғалімдік қызмет атқара жүріп, 2013 жылы 30 тамызда зейнеткерлікке шықты. Ұстаздыққа арнаған 42 жылының 18 жылында Мұқанғазы Сиранов атындағы орта мектепте директорлық қызметті абыроймен атқарды.
– 1972-2014 жылдар аралығында Мұқанғазы Сиранов атындағы орта мектепте табан аудармай еңбек еттім. Тәжірибесі мол, білікті ұстаздармен әріптес болыппын. Осы ұжымды 1995 жылдан бастап басқардым. Білек сыбана іске кірісіп, біраз шаруа тындырдық. Мектепте 60 балаға арналған жатақхана болды. 30 га жерді алып жатқан алма бағын күтіп-баптадық. Бұдан бөлек өнер мектебін ашып, оның материалдық-техникалық әлеуетін жасақтадық. Оқушыларға сапалы білім беру мақсатында ағылшын тілі пәнін ашып, мұғалімдерді жұмысқа шақырдық. Бастауыш сынып оқушыларын ыстық тағаммен қамтыдық. 1998 жылы мектеп жеке аутономды жылу жүйесіне ауыстырылды. Қыста жылып көрмеген мектеп ғимаратында мұғалімдер мен оқушылар жұқа киіммен жүре бастады. Мектеп ауласын қоршап, төрт жақтан айналмалы есіктер қойылды. Жүздеген көшет отырғызылды. Айта берсең, көп-ақ, – дейді Зәки Ахметжанұлы.
Ардагер ұстаз 1977 жылы Қазан төңкерісінің 60 жылдығына орай Индер ауданының орталығында өткізілген шарада халық перзенті, батыр Аманкелді Имановтың рөлін ойнаған екен. 1991 жылы қайсар қолбасшы Исатай Таймановтың туғанына 100 жыл толуына орай Аққыстау ауылында ұйымдастырылған мерекелік іс-шарада көтеріліс көсемі әрі жалынды жыршы Махамбет Өтемісұлының образын сомдаған көрінеді. Бұдан Зәки Ахметжанұлының жан-жақты екенін байқаймыз. Батырлардың бейнесін сомдау үшін де қарым-қабілет керек. Аманкелді мен Махамбеттің бейнесін шынайы жеткізу кезінде оған көрген-білгенінің, естіген-түйгенінің көп көмегі болғанына сенімдіміз. Ол бұл рөлдерді сомдап шығу үшін көптеген тарихи кітаптарды, әдеби туындыларды парақтаған.
Зәки Ахметжан еңбегі еле-ніп, бірқатар марапатқа қол жеткізген. Әскери патриоттық тәрбие берудегі үздік еңбегі үшін «КСРО Қарулы Күштерінің 60 жылдығы» медалімен марапатталған. 2000 жылы ҚР Білім беру ісінің үздігі атанған. 2001 жылы Тәуелсіздіктің 10 жылдығына орай ҚР Президентінің, 2005 жылы «Отан» республикалық саяси партиясының алғысхатын иеленген. 2003 жылы Атырау облыстық білім басқармасының, 2004 жылы Индер ауданы әкімінің, 2007 жылы ҚР Білім және ғылым министрінің және «Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесінің «Құрмет грамотасы» берілді. 2010 жылы өңіріне «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі тағылған. Жуырда Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің «Алып қыран» орденімен марапатталды.
Кейіпкеріміздің зайыбы Қалима Бекешева біраз жыл есепші, іс-қағаз жүргізуші ретінде қызмет атқарған. Қазіргі таңда зейнеткер. Лауэра, Самал есімді қыздары, Бауыржан есімді ұлы бар. Зәки Ахметжан – бүгінде 4 жиеннің, 2 немеренің ардақты атасы, ақылшысы. Тұңғышы Лауэра – PhD, Астана қаласында орналасқан Мақсот Нәрікбаев атындағы университетте «Еңбек құқығы» және «HR және құқық» курстарының лекторы, «Бизнес-Сервис-Консалтинг» компаниясының директоры. Ардагер ұстаздың кіші қызы Самал – техника ғылымдарының кандидаты, Ахмет Байтұрсынов атындағы күміс медаль иегері. Оған қоса Орал қаласындағы Батыс Қазақ-стан инновациялық-технологиялық университетінің қауымдастырылған профессоры, сондай-ақ «Мұнай инженериясы» кафедрасының меңгерушісі. Ал ұлы Бауыржан – заңгер, адвокат, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі. Қазіргі таңда «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Орал қаласындағы филиалында заңгер ретінде жұмыс істейді.
Зәки Ахметжан біраз жыл бойы зерттеу жүргізіп, 2017 жылы Алматы қаласындағы «Арыс» баспасынан «Беріш-Себек шежіресі» атты кітапты жарыққа шығарды. Ондағы мақсаты – өткенді жаңғырту, өшкенді тірілту. Айта кетейік, ол 2015-2021 жылдар аралығында Батыс Қазақстан облысының орталығында орналасқан Хисмет Қапанов атындағы гимназияның мұғалімі болды. 2021-2024 жылдар аралығында «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орал қалалық филиалының басшысы ретінде жұмыс істеді. 2023 жылдан бері «Zaki Consulting» заң компаниясын басқарады. Бұл компания сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүзеге асыру және қоғамның жемқорлыққа қарсы белсенділігін арттыру, мемлекеттік сатып алуға тәуелсіз қоғамдық бақылау жасау, талдау, зерттеу, тұрғындардың құқықтық білімін арттыру мақсатында құрылған. Зәки Ахметжан 2014 жылдан бері Орал қаласында тұрады.
– Жақсы қасиет – адамның жан азығы. Өмір – ортақ, бірақ адамдар әртүрлі, пиғыл да әрқалай. Содан да болар, кейбіреуінен қағажу көресің, сені елегісі келмейтіндер де бар, желсөзге желігетіндер де жетеді, адалын айтқанды жақтырмайтын да табылады. Уақыт сыны оңай болмағанмен, тез ұмытылады. Оны ауыл-аймақтағылар білгенмен, жалпақ ел білмеуі ықтимал. Сондықтан жадымдағы жаңғырық осылайша ой түйгізді. Әрбір ата-ана ұл-қызын мұғалімге сеніп тапсырады. Сондықтан көпшіліктің аманатын арқалаған мұғалімдер тынымсыз еңбек етеді. Әрбір ұстаз салт-дәстүрімізді, мәдениетімізді, ұлттық құндылықтарымызды өскелең ұрпаққа жеткізіп, олардың өмірлік көзқарасын қалыптастыру, дүниетанымын кеңейту жолында ерінбей тер төгуі керек, – деді Зәки Ахметжан.
Мәрлен Ғилымхан,
«Орал өңірі»