20.02.2025, 23:00
Оқылды: 345

Жаңақалада іскер әйелдердің қатысуымен «Networking» өтті

Елімізде 2025 жыл – «Жұмысшы мамандықтар жылы»  деп жарияланды. Бұл бастама жастарды еңбекке баулуға, білікті мамандарды даярлауға бағытталған. Осыған орай, бүгін Жаңақала аудандық мәдени-демалыс орталығында іскер әйелдер арасында «Networking» өтті.

image-20-02-25-07-32-3

Басты мақсаты – іскер әйелдер арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, ауызбіршілікке үндеу. Жаңақала аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Светлана Бекқалиеваға сөз беріліп, аудандағы кәсіпкер әйелдердің жеткен жетістіктері мен игі істеріне тоқтала кетті. Кеш қонағы, «Brand_by_zhamilya» брендінің қалыптастырушысы, Халықаралық сән көрсетілімінің қатысушысы Жамиля Серікқызы таныстырылым жасап, мотивациялық ақыл-кеңестерін айтты. Әрі қарай, модератор Гүлназ Ғинетуллина барша меймандарды атап өтіп, өңір көлеміндегі кәсіптерін сөз қылды.

Жиынға тігінші Зарина Даумова, Бірлік ауылдық округінен наубайхана ашып, кәсібін дөңгелетіп отырған 5 баланың анасы Асемгүл Бисекенова, оң қолынан өнер тамған қырқопалық Гүлсая Жәрдемғалиева, Мәстексай ауылынан дәмхана ашып, жартылай дайындалған фабрикат өнімдерін ұсынумен айналысатын Ақмарал Алдоңғарова, «Жаңақала өнімдері» кәсібінің жетекшілері Жансая және Мөлдір ханым, «Балапан» бөбекжайының меңгерушісі Жансая Халиоллина, нотариус қызметін ұсынушы Гүлбаршын Сұрамысқызы, педагогика ғылымының магистрі, педагог-психолог Әсемгүл Қадыржанқызы, «Асыл ана» байқауының қатысушысы, шара демеушісі, жеке кәсіпкер Әсел Бақтығұмарқызы мен түрлі кәсіпті қатар алып жүрген Зарина Жаданова және «Мастерская цвета» бояулар дүкенінің басшысы Әлия Каримова, Айгерім Ауылбаева, Гүлсара Нұғманова сынды нәзік жандылар да қатысты. Иә, аталмыш жандардың барлығы Ұмай ана мен Домалақ ананың сынықтары. Бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербеткендер.
- Барлығын бір баланста ұстау, әрине, мүмкін емес. Кейде шаршайсың, кейде жалығасың. Дегенмен де, бойыңдағы еңбекқорлық уақытты бос өткізуге жол бермейді. Бала күнімізден «майсыз табада қуырып» өсіргендіктен, тәрбие мен жауапкершілікті бала-шағамнан бұрын, өзімнен бастаймын. Ал, тұтынушылар риза болуы үшін де түрлі қасиет пен мінез керек. Бастысы, өз уақытыңды өзің қалыптастырып, дұрыс қолдана білу керек. Отбасының қолдауы да ерекше мотивация береді, - дейді кәсіпкер Зарина Жаданова
Кәсіпкер Жамиля Утепқалиева жұмыс барысындағы кедергілер, жаңа істі бастау, қиындықтарға мойымау туралы баяндап, жиналған нәзік жандылар тарапынан қойылған сұрақтарға да жауап берді. Содан соң, ұрпақ тәрбиелеудегі ананың орны туралы педагог психолог Әсемгүл Қадыржанқызы сөз қозғады. Мәдени-демалыс орталығының әншісі Мерей Жұмашевтың орындауындағы түрік әні «Mot», Жанболат Мусагалиевтің «Сен 18-де едің» әні шырқалғаннан кейін, 5 минуттық үзіліс жасалып, «Кофе-брейк» өтті.

image-20-02-25-07-32-2

Әрі қарай, қоғамдағы әйел рөлі, қазіргі сұлулардың беталысы, талпынысы, ана мен бала құқығы туралы әңгіме өрбіп, спикердің жұмыс барысынан бейнеүзік көрсетілді. Шара соңында, мәдени демалыс-орталығының басшысы Мұхит Батырханұлы сөз сөйлеп, барша қатысушыларға алғысын білдіріп, естелік сыйлықтар мен гүл шоқтарын табыс етті. Кеш жас композитор Махамбет Нұрахметұлының «Сүйемін қазағымның үш аруын» әнімен қорытындыланды.

Ақерке Ғилымхан,

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале