20.02.2025, 23:30
Оқылды: 750

Ұлы Жеңістің 80 жылдығы: Жәнібекте ғылыми-практикалық конференция өтті

Биыл адамзат тарихындағы ең ауыр қантөгіс соғыс, 1941-1945 жылдардағы екінші дүниежүзілік соғысының жеңіспен аяқталғанына 80 жыл толады. Бұл – батырлық пен ерліктің, қайсарлық пен бірліктің символына айналған айтулы мереке.

image-20-02-25-06-54-5

​Елге мұра, ұрпаққа ұран болған Ұлы Жеңісті ұлықтау, қан майданда оқ пен оттың арасында өмірлерін қиған және тылда жанкешті еңбектерімен жеңіске үлестерін қосқан ардагерлерімізді, есімдері ерлік шежіресінде жазылған батырларымызды құрметтеу, даңқты жолдарын үлгі-өнеге тұту бүгінгі ұрпақ парызы.
​Осы орайда Жәнібек ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен облыс бойынша алғаш рет «Тарихқа тағзым, болашаққа аманат» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

image-20-02-25-06-54-6
​Конференция басталмас бұрын конференция қатысушылары Жәнібек ауылының батыс бетінде орналасқан бауырластар зираты мен орталықтағы батырлар аллеясындағы ескерткіштерге гүл шоғын, тағзым етті.

image-20-02-25-06-54
​Әрмен қарай шара қонақтары мен аудан тұрғындары аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі, тарихи-өлкетану музей бөлімі мен аудандық мектептен тыс жұмыстар орталығының аудандық мәдениет үйінің фойесінде жасақтаған көрмесімен танысты.

image-20-02-25-06-54-9
​Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға Бөкей ордасы ауданы әкімінің орынбасары Кенесары Нұршинов, Казталов ауданының «Құрметті азаматы», еңбек ардагері Уәлиолла Әбешев, Бөкей ордасы ауданы мемлекеттік архивінің директоры Қуаныш Елемесов, Казталов аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ернар Ілиясов арнайы келіп қатысты.
​Аудан әкімі Тимур Шиниязов алғы сөз алып, конференция мақсатын айшықтады.

image-20-02-25-06-54-11
​- Құрметті халықаралық конференция қонақтары! Қадірлі жерлестер! Қасіретті Ұлы Отан соғысы тарихында Сталинград шайқасының алатын орны зор. Одан Жәнібек ауданын бөліп қарай алмаймыз. Сталинград майданының жақын тылы болған Жәнібек ауданын да соғыстың от-жалыны шарпыды. Өйткені, майданға қосымша әскери күштер, қару-жарақ, жанар - жағар май, оқ-дәрі, азық-түлік, киім-кишек Жәнібек темір жолы арқылы жіберілді. Жәнібек, Сайқын теміржол стансаларына зениттік артиллериялар мен пулеметтер орналастырылып, маңында соғыс аэродромдары жасалды, оларда майданды қамтып жүрген ұшақтар дамылдады. Сталинград майданының қажетін өтеуде Жәнібек стансасы теміржолы соғысқа дейін тәулігіне 12 эшелон өткізіп келсе, соғыс жылдарында олардың саны екі есеге дейін артты. Жау ұшақтарының бомбасы жиі тасталып, темір жол, су мұнарасы, диірмен, мекеме ғимараттары, тұрғын үйлер, егістік жерлер зардап шекті, қирады, өртенді, адамдар қаза тапты.
​Ауданымызда №1584 эвакогоспиталь орналасып, үйлердің терезелерінен жарық көрсетуге тыйым салынды, қараңғылау режимі орнатылып, аудан соғыс жағдайына көшірілді. Жәнібек жері жау бомбасынан қаза тапқан жауынгерлердің бауырластар зираты бар және «Қаһарман аудан» атанған екі ауданның бірі.
​Бүгінде Тәуелсіз Қазақстанның бейбіт аспаны, тұрақтылығы мен өркендеуінің жемісі – қастерлі Жеңіс мерекесі аясында түрлі іс-шаралар ұйымдастыру жоспары белгіленді.
​Ұйымдастырылып отырған «Тарихқа тағзым, болашаққа аманат» атты халықаралық конференцияны Жеңіс мерекесінің беташары десек болады. Тарихи танымдық шарада елдік пен ерліктің ерен іздерін салып, өркенді істерімен кеше мен бүгіннің арасын жалғап келе жатқан ауданның Отан соғысы жылдарындағы жайы баяндалып, көлемді деректермен қаныға түсеміз деген ойдамын.
​Ендеше, соғыс отына шарпылып, жаудың табаны тиген туған жердің қадіріне жетіп, ел қорғаған – даңқты ерлердің рухтарын ардақтайық, ағайын! – деді ол.

image-20-02-25-06-54-1
​Сонан соң конференция тізгінін алған тарих ғылымдарының магистрі, Орыс география қоғамының мүшесі, «Үздік өлкетанушы», «Туризм саласына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерінің иегері, Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының Қарақалпақ филиалының ізденушісі, «Ғылыми зерттеулерді қолдау қоры» жеке қорының атқарушы директоры, «Мені елден айырған саясаттың екпіні», «БҚО Шыңғырлау ауданы Ақтау ауылының 1909-1991 жылдары құжаттар жинағы» кітаптарының авторы Айболат Құрымбаев кезек-кезегімен спикерлерді сахна төріне шақырды.
​Бірінші болып Жалпақтал аудандық мемлекеттік архивінің директоры, өлкетанушы Миржан Қарабалин «Жалпақтал архивінің құжаттары сыр шертеді» атты баяндамасын назарға ұсынды. Сол сияқты Бөкей ордасы аудандық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры, өлкетанушы, соғыстан оралмаған боздақтардың жоқтаушысы Жұбан Ғұмаров «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Бөкей ордасы ауданы», РФ, Волгоград облысы, Волгоград қаласы, «Курган» іздеу тобының жетекшісі Алексей Медведев «Поисковая работа, как сохранение памяти всех народов», БҚО тарихи-өлкетану музей бөлімі М.Мәметова мемориалдық музейінің меңгерушісі, «Үздік өлкетанушы» төсбелгісінің иегері Ахмедияр Батырханов «Жәнібек ауданының Ұлы Отан соғысына тартылуы (1941-1945 жж.)» тақырыптарында баяндама жасаса, онлайн қосылған РФ, Санкт-Петербург қаласының тұрғыны Нұрлан Хамидуллин «Мақсатымыз – соғыста ерлікпен қаза тапқан Кубигенов Макаримнің есімін мәңгі есте сақтау», Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің әскери-патриоттық орталығының аға ғылыми офицері, докторант Ерлан Жиеналиев «Қазақстандықтар Еділ бойындағы шайқаста», Мәскеу облысы Павлово-Посад қалалық округі «Боец» іздеу музейінің жетекшісі, іздеу тобының командирі Зайнап Муженко Әжіхан Дүйсенов туралы кеңінен түсінік берді.

image-20-02-25-06-54-13

Сонымен қатар РФ, Волгоград облысы, Палласов ауданы, Эльтон ауылындағы «Алтын Нұр» этномәдени орталығының директоры, өлкетанушы Смағұл Мұнтаев сөз алып, орталықтың жұмысын айтып өтті.

image-20-02-25-06-54-15
​Шара соңында Бөкей ордасы ауданы әкімінің орынбасары Кенесары Нұршинов конференция туралы өз ойын айтып, жылы лебізін жеткізіп, аудан әкімі Тимур Серікұлына Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлыбек Даумовтың атынан құттықтаухат пен естелік сыйлық табыстады. Өз кезегінде аудан басшысы конференция спикерлері Ахмедияр Қуанұлы мен Алексей Викторовичтің иықтарына шапан жауып, естелік сый-сияпат тарту етті.

image-20-02-25-06-54-14
​Халықаралық ғылыми-практикалық конференция «Жәнібегім» әнімен өз мәресіне жетті.

Гүлзара Мәди
Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале