Аудандық «Ауыл тынысы» газеті ұжымы облыстық «Ақжайық» телеарнасында тікелей эфирде өтетін «Күншуақ» бағдарламасына қатысып, өздерінің басылым мерейтойына орай атқарылып жатқан жұмыстармен бөлісті. Бағдарлама барысында газеттің тарихы, қазіргі даму бағыты және заманауи медиа саласының ерекшеліктері сөз болды.

Эфир барысында аудандық «Ауыл тынысы» газетінің бас редакторы Сәкен Әбілхалықов 85 жылдық мерейтойға жоспарланған ірілі-ұсақты 85 шараның маңызды дегендерін атап өтті. Олардың қатарында Алматы қаласындағы Ұлттық музей қорынан газеттің алғашқы сандарын, онда басылған материалдарды зерттеу, сала ардагерлерімен байланыс, «Таза Қазақстан» акциясына үлес қосу мақсатында көктемде тал отырғызу, аудандағы қайырымдылық шараларына ұйытқы болу, сондай-ақ «Шың» сазды-драма театрымен бірлесіп, ми мен жүрекке салмақ салатын шығармашылық сала журналистика жайында көрермен жаңа қойылымның премьерасын ұсыну, ауданның табиғаты әдемі жерлеріне фото-тур ұйымдастыру және әлеуметтік желіде фото байқау жариялау жұмыстары жоспарланған.
Баршаға мәлім Бәйтерек ауданы - өңірдегі ең ірі аграрлы аудан, облыстың астық қамбасы. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды "Жұмысшы мамандықтар жылы" деп жариялағаны белгілі. Осының аясында диқандардың тынымсыз әрі еселі еңбегі жайында тұрақты айдар бекітіп, әр санда мазмұнды материал жазып отыру. Сонымен қатар әр округке шығып, білім ұяларында, кітапханаларда түрлі танымдық шаралар өткізу, оқырманмен кері байланыс орнату ісі жолға қойылған.
Ал газеттің құрылуы, материалдардың мазмұны, дизайны, заманауи медианың талабына сай ақпараттардың кешіктірілмей "Жайық Пресс" сайтына, әлеуметтік желіге жариялануы жөнінде газеттің жауапты хатшысы Гүлжаз Баделова баяндаса, тілші Салтанат Зұлқарнаева журналистика саласына қызығушылығы, жастар бетін ұйымдасыру кезіндегі қызықты сәттерімен бөлісті.
Басылым үшін маңызды датаға әріптестік қолдау білдіріп, тікелей эфирде облыс жұртшылығына жеткізуге мүмкіндік туғызған төл арнаның директоры Клара Қамбетоваға, ұсыныс білдірген орынбасары Гүлмира Жұмабаеваға алғыс білдіреміз! Танымдық-сазды бағдарламаны мәнді сауал, мағыналы әңгімемен өрген Күншуақ Жәми және эфирдің сапалы шығуына жауапты техникалық-шығармашылық құрамға еңбегіңіз жансын дейміз! Ал оқырмандарымызды мерейтой аясында өтетін мерекелік іс-шараларға белсене қатысуға шақырамыз.
Гүлжаз Баделова,
Бәйтерек ауданы