Бүгін Жымпиты ауылында «Адал адам – адал еңбек – адал табыс» деген атаумен жұмысшы мамандықтар көшбасшыларының форумы өтті. Форум жұмысына Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов қатысты.

«Жұмыстың жаманы жоқ...»
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы «Әділетті Қазақстан: Заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады.
Жұмысшы мамандықтар жылы «жылтыр шаралармен» емес, нақты істермен айшықталса жақсы әрине. Президенттің өзі техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау мәселесін көтеріп отыр. «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз», – дегені қоғамды жаңа идеалдар қалыптастыруға – оларды еңбек адамдарының ішінен іздеуге шақырғандай.
Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов та мемлекет басшысының кәсібилілік пен еңбекқорлықты қоғамда ең жоғары орынға шығару идеясының маңыздылығына тоқталды:
- Қазір қоғамда танымал адам көп. Тіпті кейбірі ұлттың атынан сөз сөйлеп жүр. Бәрі еңбегімен танылды деу қиын. Желіде жылт еткенін де жетістік санайтындар бар. Бұл стереотипті өзгерту керек. Адал қызмет етіп, маңдай терін төккендер, кәсіби мамандар - ең құрметті адам болуға тиіс. Жастарымыз техникалық мамандықтың өкілі болудан қашпаса екен.
Жұмагелді Жолдыбайұлы балалардың мамандығы – болашақ өмірі екенін айтты:
- Техникалық және кәсіби білім беретін мекемелер еңбек нарығының нақты сұранысына бейімделіп, еліміздің жаңа экономикалық бағдарына сай болуы керек. Өмірдің өткір бір сұранысы осы. Ата-аналар және шәкірттер алған білімінің, оқыған кәсібінің сапалы, сұранысқа ие болуы үшін белгілі бір деңгейде жауапты екенін сезінсе, нұр үстіне нұр.
Жаңа технология, мамандықтар және салалар пайда болуда. Бірақ, елімізде дәстүрлі жұмысшы кадрларға тапшылықтың да бар екені анық. Осы кадрлық әлеуетті көтеруге зор күш жұмылдырылуда. Жұмыстың жаманы жоқ. Түптеп келгенде, барлық еңбек қадірлі. Өз ісін жетік меңгергендер ұлт сапасын арттырады. Сондықтан елімізде еңбек адамының мәртебесі әрқашан өзгелерден биік тұрады. Атаулы жылдың жариялануы да осы мақсатты көздейді. – деді аудан әкімі.
Иә, техникалық және кәсіптік оқыту орындары да білікті кадрлар даярлауы қажет. Бұл ретте аудан орталығындағы колледжге зор міндет жүктеледі. Түлектердің қолына диплом ұстатып, шығарып салумен білім ордасының миссиясы аяқталмайды. Ол еңбек нарығында өзінің орыны мен бағасын тапты ма? Мамандығы сұраныста бар ма? Міне, осы сауалдар бойынша талдау мен таразылау керек-ақ.
«Жас адам тәуекелден қорықпайды»
Форум жұмысына оралайық. Спикер ретінде Атырау қаласындағы ABYROI school Atyrau жеке мектебінің директоры Ақылбек Есеналин, «Сырым» МКК мекемесінің механизаторы, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденінің иегері Азамат Бақтығалиев, «Kazakhstan GIGA TRADE» ЖШС-нің директоры Ерболжан Белхайыров, блогер Эльмира Мағзомова, «Жайық СITY» құрылыс компаниясының директоры Мереке Молдағалиев қатысты.
Әр мейманның өзінің жетістік формуласы бар. Мәселен, Ақылбек Есеналин жоғары оқу орынын аяқтап, Шыңғырлау ауданына қарасты ауылдардың біріне мектепке тарих пәнінің мұғалімі болып жұмысқа барып, екі айдың ішінде мектеп директорының орынбасары лауазымына дейін көтеріледі. Қазіргі таңда Атырау қаласындағы – ABYROI scholl-дың директоры. Бренд білім ошағының оқушылары Атырау өңірінің білім беру саласында рекордтар жаңартуда. 2024 жылдың Атырау қаласы бойынша грантқа түскен 727 оқушының 125-і – «абыройлық». Әкімдік тағайындаған 35 гранттың да 13-ін Ақылбектің шәкірттері иеленген.
Ал, механизатор Азамат Бақтығалиев – «Сырым» МКҚК – де еңбек етеді. Жолдарды күтіп ұстау, су шаруашылығы, ауыл тазалығы салаларында Азекеңнің зор еңбегі бар. 2024 жылы су тасқыны уағында да озат механизатор құтқарушылар сапынан табылды. Биыл Азамат мырза Ақордадағы жиынға қатысып, ҚР Президенті Қасым – Жомарт Тоқаевтың қолынан ІІІ дәрежелі даңқ орденін алды. Бұл туралы «Сырым елі» газетіне «Трактордан түсіп Ақордаға...» деген мақала да жаздық.
««Kazakhstan GIGA TRADE» ЖШС – үйлерден бастап үлкен шаһарларға дейін жарықтандырумен айналысатын мекеме. Бұландық Ерболжан Белхайров құрған серіктестік қолтаңбасын Орал қаласының өзінен табуға болады. Күнінде бағанадан бағанаға өрмелеп жүрген электромонтер бүгінде 50 – ге жуық қызметкері бар ұжымның басшысы.

Ал, Эльмира Мағзомованы былайға жұрт «Қырдың келіні» деп таниды. Оның әлеуметтік желіде жүргізетін блогтары қырда тұратын келіннің өмірін, ауылшаруашылығымен айналысатын әулеттің еңбек тынысын суреттейді. Эльмира ерінің жайы мен енесінің бабын тапқаны былай тұрсын, үй шаруасынан тыс түздегі еңбекке араласып, азаматының мал бағу кәсібіне де қолғабыс етуге уақыт табуда. Ол – тек желіде ғана жұлдыз емес – бес бала тәрбиелеп отырған ана, сиыр сауып, одан қаймақ, май, құрт айырып, өнімдерін сатып, бірін екі еткен пысық келін. Қатысушыларға Эльмираның шынайы сұхбаты ұнады.
Ал, Мереке Молдағалиев ел жақсы біледі. Іскер жігіт, құрылыс компаниясының басшысы. Жүзеге асырған сәулетті жобалары халықтың игілігіне айналған. Бірақ, былайғы жұрт оның жылдық айналымы 10 млрд теңгені құрайтын үлкен кәсіпорынның негізін қалап, оны аяққа тұрғызу жолында қандай тәуекелдерге барғанын, қандай сындардан өткенінен хабардар емес қой. Мереке осы жайлы бүгін өзі айтты.
- Бизнесті жас кезде бастау керек. Жас адам тәуекелден қорықпайды! – деген сөзі жас буынға жігер сыйлағандай.
«Жаңа тұлғалармен танысты»
Әр спикер көңілге жазылатындай сөз айтты.
- Адал кәсіп – адал табысқа жеткізеді. Ерболжан Белхайров, Мереке Молдағалиевтердің шағын бизнес – сабақтары жастар үшін қызық, ең бастысы пайдалы болды деп ойлаймын. Блогер Эльмираға қазақ келінінің жаңа замандағы тартымды бейнесін қалыптастырғанымыз үшін алғыс айтуға тиіспіз. Ақылбек Есеналин жоғары сынып оқушыларын ойландырды. Ал, механизатор Азамат ағамыз Президенттен орден алғаны үшін масайрамай, керісінше ауданына адал еңбегімен танылуда. Жастар жаңа тұлғалармен танысты деп ойлаймын, - дейді шараны ұйымдастырушылардың бірі, Сырым аудандық мансап орталығының директоры Сәбит Өмірзақов. Спикерлерге Сырым аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы сыйлықтар табыс етті.
Сырым ауданындағы жұмысшылар жылының ашылуына орай өткен шара жұмыс орындары жәрмеңкесімен және спорттық жарыспен жалғасты. Жәрмеңкеде 12 жұмыс беруші 72 бос жұмыс орынын ұсынған.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы