27.02.2025, 10:30
Оқылды: 263

«Жайықты жағалай өлең өлкесіне жаңа ақын, жас ақын келе жатыр. Жол беріңдер!»

Нұрым Ғұмар – Аралтөбе ауылының баласы.
Ұстазы Арыс Мырзағалиевке ілесіп, Сырым ауданына жыр жарыстарына келіп жүргенін талай көргенбіз. Ол кезде бала – тын. Түбітмұрт көктей бере, өзі «Аға!» - деп амандаса бастады. Ілтипатты ініден айналып қана кетуші едік сол кезде.

photo-output

Кейін Нұрым төгіп өлең жаза бастады. Арыс мұғалімі көрсетті оны бізге. Аралтөбе жақтан жырдың жаңа көзі ашылғанға қуандық. Мырзағалиев мырзаның Нұрымды әдебиетке, өлеңге құмар еткені рас. Бірақ, бұл бала ананың құрсағынан ақын болып туғанға ұқсайды. Себебі, болмысынан жапырақтай жасандылық таба алмадық. Уайымдағаны да, қуанғаны да шынайы.
Кейін ақын бала Оралға оқуға кетті. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі атанды. 2023 жыл. Қателеспесем, маусымның 24-і. Түн. Нұрым қоңырау шалды.
- Аға, әскерге кеттім мен! – деді. Сапарына сәт тіледік телефонның бергі жағынан.
Ініміз қазір «Орал өңірі» газетінде журналист. Өзінің орынын тапты, жазу адамы болып келеді.
Өлеңдерінде мінез бар, тың бұрылыстар бар. Шахмат жайлы жырында «Кеудедегі мейірімді корольді қорғағандай қорғайық!» - дейді.
Кейде Сағат ақын құсап:
«Туған жерге бар десе кешем шөлді,
Сағынышқа бермеспін есемді енді» - сілтеп алады.
Қазір әдебиетпен «ауырғандардың» бірі шығар. Қайткенде де ол бір күні ақыны бар, ақынжандысы бар, ақ көйлек киген қатарластарынан маңдайы жарқырап бөлек шығады. Шықпаса – Нұрым болмағаны!
Жайықты жағалай өлең өлкесіне жаңа ақын, жас ақын келе жатыр. Жол беріңдер!

Бауыржан Ширмединұлы,
ақын,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале