Осыдан 36 жыл бұрын 1989 жылдың 15 ақпанында, геосаяси кордонға айналған Ауғанстаннан 10 жыл соғысудан көз ашпаған КСРО әскері шығарылды.
Ауған соғысы — КСРО Қарулы Күштерінің Ауғанстанға басып кіріп, оның ішкі істеріне қол сұғуы салдарынан тұтанған соғыс. Қазақстаннан Ауған соғысына 22 000 адам қатысып, олардың 761-і қаза тапты. 21 адам хабарсыз кетті.
Қазіргі таңда Казталов ауданында жеті Ауған соғысының ардагері бар. Олардың да қатары азайып барады. Бұл күн жанары жасқа толы жесірлер мен жетімдердің, қара жамылған аяулы аналарымыздың перзенттерін жоқтаған күн. Майдан даласындағы жанқиярлық пен қаһармандығы үшін он мыңдаған қазақстандықтар орден медальдармен марапатталды. Арада 36 жыл өтсе де, ауған соғысы өзінің ізін әлі жасырып болған жоқ. Бұл қанды іздің жасырылуы және ұмытылуы мүмкін емес. Өйткені, ол адамзат тарихында өшпестей із қалдырды.
Бүгін Казталов аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы, подполковник Біржан Баймұханов Ауған соғысының ардагерлерімен кездесті. Ол Көктерек ауылындағы Қанат Мусадиев пен Ақпәтер ауылындағы Есімжан Әлібеков арнайы іздеп барып, құттықтап, Казталов ауданы әкімінің алғысхатын табыс етті.
Оқ пен оттың ортасынан оралған ардагерлер үшін Ауған соғысы жазылмас жан жарасына айналды. Бүгінгі жас буынға ауған ардагерлерінің өжеттігін үлгі етуіміз керек.
Нұр Рахман
Казталов ауданы