Казталов ауданы, Жалпақтал ауылындағы Ғинаят Молдашев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде Казталов аудандық прокуратурасының ұйымдастыруымен құқықбұзушылық пен жасөспірімдер арасындағы қылмыстардың алдын алу жөнінде келелі жиын өткізілді.

Маңызы зор шараға Казталов ауданының прокуроры Бауыржан Молғалиев, аудан әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев, аудандық білім бөлімінің басшысы Самал Джангереева, Жалпақтал полиция бөлімінің бастығы Дастан Искалиев және Жалпақтал ауылындағы мекеме-ұйым басшылары мен аудандық мәслихат депуттары қатысты.

Белгіленген күн тәртібі бойынша хабарлама жасаған Казталов ауданының прокуроры Бауыржан Молғалиев, аудандық білім бөлімінің басшысы Самал Джангереева, Жалпақтал полиция бөлімінің бастығы Дастан Искалиев өз салалары бойынша құқықбұзушылық пен жасөспірімдер арасындағы қылмыстардың алдын алу жөніндегі қызметтері жайлы толық мәліметтер ұсынса, келелі жиынға қатысушы мекеме-ұйым өкілдері жасөспірімдерге қатысты өздерін мазалап жүрген сауалдарын қойып, мамандар тарапынан толыққанды жауаптар алды.

Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алудағы ата-аналардың рөлі және ұлттық тәрбие бастауы тікелей отбасынан басталатынын тілге тиек еткен жиынға қатысушылар бас қосу отырысын үлкен пікірталасқа айналдырып, ұрпақ тәрбиесінің маңыздылығын арттыра түсті. Жиын барысында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінсіз түнгі уақытта жүрмеуін қадағалау, жасөспірімдер арасындағы буллинг, кибербуллинг жайлы да кеңінен сөз қозғалып, кәмелетке толмағандар арасындағы бопсалауға жол бермеу, ұлдар тәрбиесі жөніндегі түсіндірме жұмыстарын кеңінен жүргізу сынды көптеген салмақты ойлар ортаға салынып, келелі жиынды аудан әкімінің орынбасары Серік Ерболатұлы қорытындылады.
Қыдыр Харесұлы,
Казталов ауданы