27.02.2025, 11:00
Оқылды: 1130

Бейбіт күннің батыры

Ақпанның 4-і күні Орал қаласындағы Әбілқайыр хан даңғылы 14-мекенжайында орналасқан тұрғын үйдегі пәтерде өрт шыққан еді.

Облыстық төтенше жағдай департаментінің өрт сөндіруші-құтқарушылары қызыл жалынға оранған тұрғын үйге алғашқылардың бірі болып жетеді. Олар өртті сөндірумен қатар, ішіндегі адамдарды құтқару жұмысымен де шұғылданды. Болған өрт оқиғасында өрт сөндіруші Қыдыркелді Жұмырбаев (суретте) тұрғын үйдің төртінші қабатындағы 2008 жылғы қыз баланы аман алып шығады. Шамасы қыз түтіннің иісінен уланса керек, шығаберіс есік жанында талып қалған екен.

WhatsApp Image 2025-02-27 at 12.25.49

– Әріптестерім өртті сөндірудің қамына кіріскен. Мен ол шақта адамдарды қауіпсіз жерге көшіру мақсатында пәтерлерді аралап кеттім. Сол мезетте қыз баланың төртінші қабаттағы баспалдақ маңында ес-түссіз жатқанын байқадым.

Қызды дереу сыртқа шығарып, оған алғашқы медициналық көмек көрсеттім.

Қызметтегі тәжірибеме сүйеніп, жасанды дем бердім. Ол есін жиған соң «Жедел жәрдем» қызметкерлеріне табыстадым. Сондай-ақ көрші пәтердегі бір тұрғынды жалын арасынан алып шықтым, – деді ол.

Бұл өрт 20 шаршы метр алаңды шарпыған. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің табанды жұмысының нәтижесінде жалын өзге аумақтарға таралмай, жедел сөндірілген. Өрт сөндірушілер келгенге дейін тұрғын үйдегі он адам, оның ішінде екі бала өз бетінше қауіпсіз жерге шығып үлгерген. Қыдыркелді Ғарифоллаұлы – облыстық ТЖД-ға қарасты №1 өрт сөндіру бөлімінде қызмет етеді.

WhatsApp Image 2025-02-27 at 12.26.39

(Дәмханадан шығарылған газ баллондары)

Қызметтік шені – кіші сержант. Аталмыш бөлімде өрт сөндіруші-құтқарушы болып қызмет етіп келе жатқанына 8 жылға жуықтапты. «Азаматтардың қауіпсіздігі – біздің басты міндетіміз. Біз бұл ісімізді ерлікке баламаймыз, қызметтік борышымыз!», – дейді Қыдыркелді   Жұмырбаев.

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале