Жаңақала аудандық мәдени-демалыс орталығының ұйымдастыруымен «Өнерден қорқу» атты мәдени лабиринт өтті.

Анита Қанатова, Айдар Сатыбаев пен Қырымбек Тұрақбаев кеш шымылдығын ашып, есті әндер мен жаңа хит әндердің бүгінгі орындаушыларын рет ретімен таныстырды.

Әсем әуенмен әуелеген кеште шығармашылық адамдарға деген қошеметін аямаған көрермендер де толы болды. Өзге салаларда аянбай еңбек сіңіріп, мәдени іс-шараларға да белсенділігін танытатын жандар мен өнерін жасырып, өзге ортада ұяңдық танытатын тұлғалардың жаңа қырынан көрінген күні болды.

Айта кетейік, бірінен бірі өткен жұлдыздардың репертуарларының ішінде, аудандық мәдениет тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ақнұрлы Нұрғалиқызы мен Қали Жантілеуов атындағы балалар музыка мектебінің вокал сыныбының оқытушысы Аида Серікқалиеваның орындауындағы «Cheri cheri lady» әні, жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Дәурен Мерешов пен мәдени-демалыс орталығының әдістеме бөлімінің меңгерушісі Айзада Сейітованың «Үзіп ал» коверы барша жиналған қауымның көңілінен шықты.

Иә, өнер мен тұлға бетпе-бет келген кеште, сағынышын әнмен жеткізгендер де, көңілге көрік беріп, билеткендер де ортадан табылды. Жиылған жұртшылық шапалақ ұрып, өнер иелеріне гүл шоқтарын табыс етті. Ел мәдениетінің гүлденуі мен дамуына үлес қосқан барша қатысушылардың толқуы мен қобалжуы да байқалмағандай. Сахна төріне алғаш көтерілгендер де өз-өздерін еркін ұстап, жұптасып өнер көрсетіп, әмбебап жандар екендерін дәлелдеді.

Сонымен қатар, сахна сыртында да көзге көрінбейтін жұмысты бір кісідей атқарып жүрген сала қызметкерлерінің еңбегін де айта кету керек. Билет құны 500 теңге тұратын көңілді кеш көрермен көңілінен шыққаны сөзсіз. Олай деуімізге себеп, жиналғандар арасынан «енді қашан жалғасы болады?» деп сұраушылар көптеп кездесті.
Ақерке Ғилымхан,
Жаңақала ауданы