28.02.2025, 9:15
Оқылды: 668

Бөкейде қайырымдылық балы өтті

Көзі қарақты оқырман Назарбаев зияткерлік мектебінде Шәмші әндерін ұлықтайтын «Ән-ғұмыр» қайырымдылық балы дәстүрлі түрде өтетінінен хабардар. Осы шара дәл бүгін Бөкей ордасы ауданында да өтті. Игі шара М-С. Бабажанов атындағы мектеп ұжымының бастамасымен, аудан әкімдігінің қолдауымен өткізілді.

IMG-20250227-WA0155

Қасиетті Рамазан қарсаңында ұйымдастырылған қайырымдылық балының да басты мақсаты - мұқтаж жандарға қаржылық қолдау көрсету, көңіліне қуаныш сыйлау, жақсы жандарды игілікті іске жұмылдыру.

IMG-20250227-WA0149
Шара шымылдығы аудан әкімі Нұрлыбек Даумовтың сөзімен ашылды.
- «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» дейтін қазақ халқы үшін қайырымдылық жасау қанға сіңген қасиет.
М-С. Бабажанов мектебінің бастамасын қолдап, шақыртуды қабыл алғандарыңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Елдігіміздің де көрінер жері осы болса керек. Бүгінгі шарада түскен қаражат ауданымыздағы шын мұқтаж жандардың қажеттілігіне жұмсалатын болады. Қиналғанды демеп, жабыққанды қуантайық деген ниетімізді сауапқа жазсын. Табыстарыңыз толайым болсын, берекелеріңіз ортаймасын, - деп тілегін жеткізді.
Бұл кеште ән-мұрасы иісі қазақтың жүрегіне ұялаған Шәмші Қалдаяқовтың әндері жанды дауыста шырқалды.

FB_IMG_1740671101937
Бұл кеште бал мәдениетіне сай әдемі киінген мекеме басшылары, қожалық иелері мен кәсіпкерлер жұптарымен, ауданның ауданға қарасты барлық білім мекемелерінің басшыларынан бастап, шәкірттеріне дейін салтанатты жиында бас қосып, дөңгелете вальс билеп, ән тыңдап, рухани демалды.
Бұл кеште қазақ вальсінің королі Шәмші өмірінен сахналық қойылымдар көрсетіліп, ән тарихынан сыр шертілді.

FB_IMG_1740671115919
Бұл кеште мектеп оқушыларының және аудан жұртшылығына есімі етене таныс шебер Ертарғын Хасеновтің қолымен жасалған қолөнер туындылары аукционға қойылып, аудан азаматтары жоғары бағаға сатып алып, мәрттік танытты.

FB_IMG_1740671088921
Шара соңында әдемі би билеген жұптарға кештің ханзадасы мен ханшайымы ретінде арнайы марапаттар берілді.
Он лот бойынша өткен аукционда екі миллион бес жүз мың теңге қаржы түсті.
Бұл қаржы Сайқын, Бисен, Ұялы ауылдарының төрт мұқтаж отбасының қажеттілігіне бөліп беріледі деп шешілді.

FB_IMG_1740671107848
Бұдан бөлек «Ел-Дәулет» шаруа қожалығының басшысы Елтай Қонақбаев Сайқын ауылына кіреберіс көшені жарықтандыру жұмыстарын жүргізіп беретін боп, аудан әкімі Нұрлыбек Даумов, Сайқын ауылдық округінің әкімі Шыңғыс Абдоллинмен меморандумға қол қойды.

IMG-20250227-WA0137
Кәсіпкер Бердібек Мақсотов та қайырымдылық шарасынан қалыс қалмай, 100 мың теңге аударды.
Көңілге жылылық сыйлаған шуақты шара Шәмшінің «Бақыт құшағында» атты тамаша әнімен түйінделді.

Ұлпан Жакина
Суретке түсірген Жарқынай Салимова,

Бөкей орда ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале