28.02.2025, 9:00
Оқылды: 362

Жаңақала ауданында математикалық регата өтті

Жаңақала аудандық білім беру бөлімінің қолдауымен, Жаңақала мектеп-гимназиясы ұжымының ұйымдастыруымен аталмыш оқу ордасында білім саласының ардагері, «ҚР білім озаты» төсбелгісінің иегері, ұзақ жыл аудандық білім беру бөлімін басқарған Нұртай Мырзақұловты еске алуға арналған «Ұстаздарға ұстаз бола білген жан еді...» атты аудандық математикалық регата өтті.  Шара мақсаты – оқушылардың логикалық ойлау қабілеттерін дамытып, есептеу дағдыларын жетілдіру, топтасып жұмыс жасауды үйрету. Ұрпақтарының мұрындығымен алғаш рет оздырылған жарыста 9, 10, 11-сынып оқушылары бақ сынасты. Осы ретте Мырзақұловтар әулетінің ата-ана жолын жалғап, аманатқа адалдық танытып, саналы ғұмырларын білім беру ісіне арнаған ұстаздар династиясы екенін тілге тиек ете кеткен жөн болар.

IMG_5367

Әуелі жиылған жұрт ардагер ұстаз бен жолдасы Райса Салихқызының зиратына барып, құран бағыштады. Бір күнге жоспарланған білім додасына аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев, орынбасары Руслан Ғұмар, ұстаз, ғалым, професоор, қоғам қайраткері, «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» Ақсерік Әйтімов, ардагер ұстаздар Абай Мұхитов, Оразбай Қаленов, ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ауданымыздың құрметті азаматы Закария Сисенғали, мектеп басшылары, ұстаздар, Нұртай Мырзақұлұлының замандастары, әріптестері, шәкірттері мен ұрпақтары қатысып,  ата салтымыз бойынша ақтан ауыз етті.

IMG_5329

Шара шымылдығы Гүлбар Тұрланқызы жетекшілік ететін  жас домбырашылардың орындауындағы Құрманғазының «Балбырауын» күйімен түрілгеннен кейін, экраннан өмірі өнегеге толы тұлғаға арналған бейнебаян назарға ұсынылды. Әрмен қарай сөз тізгіні Руслан Қонысбайұлына, Ақсерік Сарыұлы мен ұлы Шыңғыс Сәрсенғалиевке берілді.

IMG_5338

Қатысушылар байқау ережесімен танысып, арнайы бекітілген кабинеттеріне жайғасқан соң, білім әлемінде өшпес қолтаңбасы  қалған Нұртай Мырзақұловтың қызмет жолына арналған конференцияға жалғасқан шараны ізін қуған шәкірті, бүгінгі таңда ардагер ұстаз Рая Қайратқызы жүргізді.

IMG_5358

Конференция барысында қонақтар Нұртай ағамыз жөнінде жылы естеліктерімен бөлісіп, математика майталманынан көп нәрсе үйренгендерін жасырмады. Сөз кезегін иемденген Закария Жүсіпқалиұлы Нұртай Мырзақұлұлымен етене араласқанын, оның кемелдігі мен іскерілігі тең  екендігін айта келіп, сөз жүзінде ғана мадақтап қоймай, жас ұрпаққа пайдалы осындай  іс-шараларды жиі ұйымдастырып, өзі тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатуға ұсынысын білдірді. Сөз соңында «үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білген азаматтың ісін жалғар ұрпақтары көбейе берсін» деген тілегін жеткізді.

IMG_5426

IMG_5409

Берілген тапсырманы орындауға білек сыбана кіріскен жас математиктерді  марапаттау рәсімі түстен кейін ұйымдастырылды. Білімі мен білігі тең түсіп, бағы мен бабы қатар шапқан үздіктерге арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Атап айтсақ, 3-орын иегерлеріне смартфон, 2-орын жүлдегерлеріне планшет, ал 1-орынның тұғырынан көрінген жас өрендерге ноутбук сыйға тартылды. Сондай-ақ арнайы аталымдарға ие болған оқушылар да ескерусіз қалмады. Белсене қатысқан оқушыларға алғысхат табыс етілді.

Шара соңында өзі өмірден өтсе де, артында өшпейтұғын із қалдырған Нұртай Мырзақұлының балалары ұйымдастыру алқасына алғыстарын білдіріп, әкелерінің рухына бағышталар білім сайыстары алдағы уақытта жалғасатынын жеткізді.

Айзада Ақбасова,

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале