28.02.2025, 10:00
Оқылды: 490

Алғыс – әлемнің нұрына бөлену

 

Алғыс айту мерекесі күні қарсаңында Жәнібек аудандық мәдениет үйінде “Алғыс - әлемнің нұрына бөлену” атты мерекелік шара өтті.

image-28-02-25-09-40-7

Өзге кештерден ерекшелігі сол, шараны өткізуге аудан көркемөнерпаздарынан бөлек Ғұмар елі құтты мекеніне айналған түрлі ұлт өкілдері ат салысып, мерекенің маңыздылығын айқындай түсті. Кештің шымылдығы тақырыпқа сай әсерлі қойылыммен ашылды. Алғы сөзін алған аудандық мәслихат төрағасы Тахир Қадимов мерекенің ұлттар достығын мығымдаудағы маңыздылығына баса тоқталып, қазақ халқының дархан даладай ақ пейілі мен бауырмалдығын паш ететіндігін тілге тиек етті. Тахир Зинұрұлы аудан тұрғындарын мерекемен құттықтай отырып, лайықты деп танылған бірқатар азамат-азаматшаларға аудан әкімінің арнайы алғысхатын табыс етті.

image-28-02-25-09-40-6

Марапат иелерінің құрметіне Аслан Боранбаев пен Қуаныш Аждуов сазды сәлемдемелерін арнаса, қазақтың қасиетті қара домбырасын жанына серік етіп, жас буынды домбыра аспабының құлағында ойнауға баулып жүрген әзірбайжан қызы Наргиза Касумова шәкіртттерімен бірге жаңа форматтағы орындауларымен көрермен қошеметіне бөленді.

image-28-02-25-09-40-3

Қаймағы бұзылмаған, алақандай ауылда тірліктері біте қайнасып кеткен қос ұлт өкілдерінің басын қосқан «Ақниет» пен «Надежда» әжелер ансамблі орындаған поппури тыңдарманның құлағына майдай жақты.

image-28-02-25-09-40

image-28-02-25-09-40-1

Жас та болса аудандық мәдениет үйінің сахнасынан тыңдарманға жаңа леп сыйлап жүрген әнші Айшат Хамзинаның шет тіліндегі әні мен биші қыздарымыздың әдемі сахналық образдары тапқан үйлесім, ақмаржандық арулардың орыс халқы биі жиналғандарға мерекелік көңіл күй сыйлай алды.

image-28-02-25-09-40-5

Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері, қаны әзірбайжан болғанымен, өнерсүйер қауымды ұлтымыздың дәстүрлі әндерімен сусындатып жүрген Тамара Кафарова және «Мәдениет саласының үздігі» Шынар Каюпованың жанды дауыстағы орындаулары әдеттегідей көрермен ықыласына бөленбей қоймады. Мерекелік концерт «Алғыс айту күнінің» гимніне айналған Айнара Нұртаеваның орындауындағы «Алғыс» әнімен шарықтау шегіне жетті.

Арай Сейфолла,

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале