Қазақта «абысын-ажын», «дос-жаран», «жекжат-жұрағат», «бала-шаға» деп қосарлана айтылатын туыстық атаулар көп. Осы сөздердің екінші тіркесі кейде ұйқас үшін айтылғанымен, көбіне біз білмейтін белгілі бір мағынаны білдіріп жатады. Мәселен, абысын-ажын – туыстық қатынасты білдіретін ұғым. Ағайынды жігіттердің әйелдері бір-біріне aбысын-ажын болады. Келін қайын ағаның әйелін «абысын», ал қайын інінің әйелін «ажын» деп атайды.
Бүгін Жаңажол ауылында жанұядағы ата-ене, абысын-келін, қайын сіңлі, қайын арасындағы қарым-қатынасты нығайту, ұлттық салт-дәстүрімізге байланысты келіннің орнының ерекше екендігін, отбасының ұйтқысы екендігін ұғындыру, келінге немесе болашақ анаға деген сыйластықты ояту, ананың өмірге деген маңыздылығын ұғындыру мақсатында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай аудандық «Абысын-ажын» байқауы ұйымдастырылды.
Алдымен Жаңажол ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Бақытжан Шабақов сөз сөйлеп, байқау қатысушыларына алғыс айтып, сәттілік тіледі. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығы бойынша «Күміс алқа» алқасымен наградталған Тұрсынгүл Сейтқамаловаға «Күміс алқа» тақты.
«Сәлем – сөздің анасы», «Ана әлдиі», «Абысын асы», «Қазақ келінінің заманауи ұлттық киімі», «Сұрақ бізден, жауап сізден» атты 5 кезеңнен тұратын байқауда 6 ауылдық округтің абысын-ажындары қатысты. Атап айтқанда Бірлік ауылынан Тама руыннан Апыровтар әулетінің келіндері, Қызылоба ауылы Алаша руынан Сағитовтер әулетінің келіндері, Жаңажол ауылы Төлеңгіт руынан Сәбиевтер әулетінің келіндері, Жаңақала ауылы Адай руынан Баймағамбеттер әулетінің келіндері, Мастексай ауылы Беріш руынан Еслямғалиевтар әулетінің келіндері, Көпжасар ауылы Қалқаман тана руынан Мухаевтар әулетінің келіндері бақтарын сынады.
Байқауға ардагер ұстаз Ажар Рысқалиева, Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы Дәурен Мерешев, «Шашбау» сұлулық салонының иесі Зульфия Қарашева, «Ұлпан» әжелер ансамблінің мүшесі Үміт Ғабдуллина, Жастар ресурстық орталығының маманы Айзада Әбілқасымова қазылық етті.
Байқау кезеңдерінде әр қатысушы өз шығармашылығын көрсетуге, сонымен қатар бір-біріне қолдау білдіру арқылы үйлесімділік пен ынтымақтастықтың маңызын көрсетуге мүмкіндік алды. Абысындар мен ажындардың арасындағы жылулық, түсіністік және ынтымақтастық насихатталып, шара қатысушылары ұмытылмас әсер қалдырды. Байқаудың әр кезеңіне тыңғылықты дайындалып өнер көрсеткен абысын-ажындар бірінен-бірі асып түсіп жатты. Алдымен байқау ұйымдастырушысы аудандық жастар ресурстық орталығы байқауға қатысушы барлық келіндерге «Әулеттің үздік келіні» атанғаны үшін Алғыс хат ұсынып, естелік сыйлықтар табыстады. Бәсекеге толы байқау қорытындысы бойынша Бас жүлде Жаңақала ауылының абысын-ажындары Баймағамбеттер әулетінің келіндері жеңіп алса, 1 орын Көпжасар ауылының Мухаевтар әулетінің, 2 орын Мастексай ауылының Еслямғалиевтар әулетінің, жүлделі 3 орынды Сәбиевтер әулетінің абысын-ажындары иеленді.
Жүлдегерлерге Дос дентль жеке кәсіпкерлігінің иесі Артур Закарин 50000 теңге қаржылай демеушілік жасаса, Жаңақала ауылының «Шашбау» сұлулық саланының иесі Зульфия Қарашева 50 000 теңгелік сертификат ұсынды. Байқауға қатысушы абысын-ажындардарға әр ауылдың демеушілері тарапынан сыйлық беріліп, алғыстарын айтты. Көрермендер тарапы да ерекшелігімен көзге түсті. Ақ жаулықты әжелер байқауды бастан аяқ тамашаласа, ауылдың әр рудың келіндері қазақы нақышта көрермендердің көркі болып отырды. Ауылдың кәсіпкер азаматтары да ұйымшылдық танытып, бас қосқан әулет келіндеріне қаржылай сый-сияапат жасады.
Бұл байқау Жаңақала ауданында әйелдер мен отбасы институтын қолдау, ұлттық дәстүрлерді жаңғырту және әйелдер қауымының бірлігін нығайту тұрғысынан маңызды қадам болды.
Сыйлыхан Жұмасалық
Жаңақала ауданы