Бүгін, 2 наурыз – Бөрлі ауданы Ақсай қаласы әкімін сайлау күні. Бұл Ақсай қаласындағы алғашқы қала әкімінің сайлауы. Ақсай қаласында 14 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Сайлау учаскелері таңертеңгі 07:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жұмыс жасайды. Сонымен қатар сағат 12:00-ге дейін белгілі бір себептерге байланысты үйден дауыс беруге өтініштер қабылданады.

Ақсай қаласы әкімі лауазымына 3 кандидат тіркелген. Олар – Баяндықов Арсен Толқынұлы, Ғабидуллин Ізбасар Сағынғалиұлы, Өтепбергенов Абылай Ғарифоллаұлы.
Қызылтал шағынауданында орналасқан №91 сайлау учаскесінде 07:00-де Қазақстан Республикасының Гимні орындалып, өз жұмысын бастады.

№91 сайлау учаскесінде 2763 тұрғын тіркелген. Олардың ішінде алғаш дауыс беретіндер 8, ал туған күн иелері 11. Аталған учаскенің төрағасы Айгүл Мұхамадеева. Учаскеде төраға орынбасары, хатшы, 6 комиссия мүшесі, 3 бақылаушы бар. Бақылаушылар «AMANAT»партиясы, «Ақсай-Қамқор» және «Жария» қоғамдық бірлестіктерінен.

№91 сайлау учаскесінде алғашқы болып Күміс Базарғалиева дауыс беріп, арнайы сыйлыққа ие болды.