6.03.2025, 11:45
Оқылды: 421

«Шекарашы ару»

Қазақстан жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орында. Соңғы жылдары осы шегендеулі шекара бойында әскер қатарында сап түзеп, сарбаз атанған арулар көбейіп келеді. ҚР ҰҚК Шекара қызметі БҚО бойынша департаментінің әскери қызметшісі Анжела Дускаева – батыл бойжеткендердің бірі. Бала күнінен атқа мініп, спортпен шұғылданған. Бүгінде жұбайымен  иық тіресіп, Жәнібек ауданы бойынша Шекара басқармасында қызмет етеді.

WhatsApp Image 2025-03-04 at 15.44.18

– Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара бекетінде тәуліктік жасаққа түсіп, күні-түні ел күзету қандай абыройлы қызмет болса, сондай жауапкершілігі мол сала. Отбасым менімен мақтанарын есіме алсам, қызметтегі қиындықтарға оңай төтеп беремін. Өзім – Қостанай облысының тумасымен. Сол өлкеде білім алып, маман иесі атандым. Алғашқы әскери дайындық сабағы – мектеп қабырғасында жақсы көрген пәндерімнің бірі. Сабақ басталып, мұғалім сыныпқа аутомат әкелгенде, оған алғашқылардың бірі болып тұра ұмтылатын едім. «АК-74» автоматын шашып, оны қайта жинаудан жарыстарға қатысып, үздік нәтиже көрсетіп жүрдім. Мылтық атудағы мергендігім де біртіндеп шыңдала бастады. Ұстаздар қандай мамандық иесі боласыңдар дегенде, тосылмай «военный» деп айтатын болдым. Бала сенімім бойға бекіп, арманым айқындала түсті. Бірақ мүлде бөлек салада білім алуға тура келді. Өзім аңсаған мамандықта білім алмасам да, жұбайым – сол саланың қызметкері. Өмірлік серігіммен өзімнің туған мекенім Қостанайда жолықтым. Екеуміз сол жақта бір болуға серттесіп, үйлендік. Ол кезде мен есепші маман болып қызмет ететінмін, ал күйеуім ақжағалы офицер-тұғын. Жұбайымды жұмыс бабымен 2014 жылы Жәнібек ауданы бойынша шекара басқармасына жолдады. Әскери қызметтің бұйрығымен Оралға келдік. Кейін мұндағы шекара басқармасында есепші маманның жетіспейтінін естідім. Осы мамандықтағы азаматтарды келісімшарт бойынша жұмысқа шақырып жатыр екен. «Апыр-ай, бала кездегі арманым осы еді ғой!» деп, бұл мүмкіндікті қалт жібермей, әскери қызметкер атандым. Қазір жауынгерлік шенім – кіші сержант. Бұл әскери шенді 2021 жылы алдым.  Отбасында үш перзент тәрбиелеп отырмыз. Ата-анам мен қайын жұртымызға үнемі қолғабыс қыламыз. Шекара бекетіндегі жауынгерлік қызметтің еш қиындығы жоқ. Әскер сапында болу  – төзімділік пен шыдамдылықты қажет етеді, - деді шекарашы ару.

Анжела Әмірбекқызының әскери қызметке орналасқанына он жылдан асып барады. Бала күніндегі арманы Ақ Жайық өңіріне келгенде орындалған. Әрі жанұя ретінде де осы өлкеде  ұрпақ көбейтіп, тамыр жайды. Таяуда Қазақстан бойынша шекара қызметіндегі бұрымдылар  арасында «Шекара аруы» байқауына қатысып, өңір мерейін арттырды. Әлеуметтік желіде жарияланған суреті оқырман назарын аударып, көптің қолдауына ие болды.

Сұлу да қайсар, батыл бұрымдыларды келіп жеткен мейрамдарымен құттықтаймыз!

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале