Сонау бала кезіміздің боранды қысы мен күздің қара суығында ауыл ішіндегі үйімізден тоңып – шашырап, мектепке әрең жетіп жатсақ, ширақ қимылды ақсары келген апай балаларының бірін жетектеп, бірін арқалап, ауылдан 3 шақырымдай жерде орналасқан кірпіш зауытынан жаяу келетін еді.Үсті – басын ақ қырау шалған апай балаларын мектепке қалдырып, үйіне кетіп бара жатқанда, қызық көрген балалар, терезеден қарап тұратынбыз. Ол кезде біз ол кісінің дүниеге 12 бала әкеліп, барлығын адал еңбек, маңдай терімен, арқалай жүріп өсірген алтын құрсақты Маруа ана екенін білмейтін едік.

Хисиянова Маруа Қабдоллақызы 1933 жылы 18 тамызда дүниеге келген екен. Әкесі соғыстан оралмаған Маруа апа мен інісі Қабдыкәрімді анасы Рахима асырап өсіреді. Кейін інісі де дүниеден өтсе керек, анасының сүйеніші, жалғызы болып бойжетеді. 1954 жылы Хисиянов Жұмагелді Томанұлымен тұрмыс құрып, 1955 – 1980 жылдар аралығында дүниеге 7 қыз , 5 ұл әкелген көп балалы отбасына айналады. Ел ішінде Жұматай атанып кеткен Жұмагелді әке түзде жүріп еңбек етсе, Маруа анамыз мектепте еден жуу, жүн қырқу, мал қыстақтарын сылау секілді кеңшардың жұмыстарында еңбек ете жүріп, қолының шеберлігінің арқасында құрақ көрпе тігу, түр салып, киіз басу, тоқыма тоқумен, қолдан киім тігумен айналысып, отбасының шырайын кіргізеді.
Маруа анамыз жас уақытында өте алғыр, қайратты адам болатын. Ауылдан 2-3 шақырым жерде орналасқан кірпіш зауытында тұратын үйіне дейін 70 киллорамм тұратын астықты, газ баллондарын иығына салып, жаяу көтеріп алып кете береді екен. Балаларын да жастайынан еңбекке, спортқа баулып өсірген. Маруа анамыздың өзі де спорттан құр алақан емес. Өмірдің тауқыметін қара нардай қайыспай көтере бірген қазақтың қайсар әйелі қазанға көже пісіріп, отка нан көміп,қара жұмысты қақпақылдай көріп жасайды екен. Бала кезімізде қашан көрсек те, үй шаруасына шалбарланып алып, ер адамдарша ширақ қимылдап, жүгіріп жүретін. Ата – анасының спортқа жақындығынан болса керек, бір шаңырақтан үш дене шынықтыру пәнінің мұғалімі шығыпты. Дүниеден ерте кеткен үлкен ұлы Серікқали ағай мен 1970 жылы туған ұлы Нұрлан ағай және 1967 жылы туған қызы Болғанай апай педагогикалық институттың дене шынықтыру факультетін бітірсе, қызы Уақиса Жұмагелдіқызы физика – математика пәнінің мұғалімі мамандығын меңгеріп, Айдархан жалпы орта білім беретін мектебінде 40 жылға жуық ұстаздық еңбек етіп, бүгінде зейнеткерлік демалысына шықты. Уақиса Жұмагелдіқызының ұлы Ербол Қарабасов жолдасымен Жаңақала мектеп- гимназиясында анасының ұстаздық жолын жалғастырып жатыр. Кейінгі балалары да бірі медицина, бірі педагогика, бірі типография, бірі аспаздық мамандықтарын алып, өмірден өз орындарын тауып, ұл ұясына қонып , қыз қияға ұшқан. Ортаншы ұлы Нұрмағанбет - Жұмагелдіұлы Отан алдындағы борыншын тәжік – ауған шекарасында өткізген ардагер-жауынгер. Бүгінде Алматы қаласында абыройлы еңбек етуде.

Алматы қаласында тұратын балаларына барар жолында көзіне пойыздың желі тиіп,2010 жылы қос көзінен бірдей айрылған анамызды 2019 жылы 65 жыл отасқан жолдасы Жұматай атамыздан сұм ажал айырыпты. Бүгінде 90 жастан асып отырған Маруа ананы бағып – қағуға өздері зейнеткерлік демалысқа шыққан қыздары кезектесе барып көмектеседі екен.
«Анамыз қара өлеңді аңқыта айта отырып, іс тігіп, қол диірменге бидай тартып, құрт қайнататын. Ауыл адамдарының бидайын да диірменге тартып беретін,өте еңбекқор адам болды. Арасында сол диірменді бізге де тартқызып қоятын еді.Қазіргі таңда жасы 91-ден асқан анамыз көбейту таблицасын жатқа біледі, «мама, 9*9 неше болады десек, 81 деп, мүдірместен жауап береді. Есепті ауызша шығарып отырады. 15 жылдан бері екі аяғынан жүре алмай , көзі көрмей отырса да , денсаулығы жақсы. Күн ұзағына тыным таппай , қолдарымен жаттығу жасап отырады»,- дейді қызы, бүгінде Жаңақала мектеп- гимназиясының дене шынықтыру пәнінің тәжірибелі мұғалімі, Болғанай Жұмагелдіқызы.

Ия, «сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» деген халық мақалы осындай алтын құрсақты асыл аналарымыздың абыройлы да, өнегелі өмір жолына сәйкес айтылса керек. Бұл дүние аналардың бесік жырымен , жүздерінен төгілген мейірім нұрымен жарық. Көзінің нұры тайып, шамшырағы сөнсе де, жүрегіндегі жігері мен аузындағы ақ батасы сарқылмаған Маруа анамызды келіп жеткен аналар мерекесімен шын жүрегімнен құттықтап, «Анашым, сенің көргім келеді, 100 жасқа келген тойыңды»,деген әдемі тілекті айта бергім келеді, айта бергім келеді...
Рая Жұмағалиева,
Жаңақала ауданы