Бұрындары әкелеріміз төрт-түлікті тең өсіремін деп, табиғаттың ыстық, суығына шыдап, белін бекем буып, қорадағы тірлікке асығатын. Аналарымыз да әкелеріміздің қасында қатар жүріп, еңбек етті. Таң атысымен қорадағы таңғы қарбаласпен оянып, белін бекем буып, тіршіліктің қамына кірісетін.

Сол кездегі дәл осы уақыттағы көктемгі тіршіліктің қамы ерекше-тұғын. Мал төлдеу науқанының қыза түскен уақыты. Түрлі-түсті қошақандар мен лақтар маңырай жүгіреді...
Ақ жаулықты аналарымыз таң атқаннан күн батқанға дейін сырттан кірмей, азан-қазан қайнаған осындай тірліктің ортасында жүретін. Олар колхоздың қозысын бағып, еңбекке ерте араласты. Құдықтан қауғалап су тартып, оны иінағашпен тасып қой суарып, даладан тезек таситын аналарымызды еңбек ерте есейтті. Шымыр болды, шыңдалды.

“Ерте тұрып, таңның атқанын, төрт түлігіңді жайғап, күнделікті қызметіңді тәмамдап, күннің батқанын көрудің өзі бір бақыт” - дейді қошанкөлдік Мәриям әже. Жастайынан еңбекке ерте араласқан Мәриям әжеміздің өмірі өнегеге толы.

Мариям Қауметқызы Ғиззатова 1959 жылдың 22 тамызында Казталов ауданы Қошанкөл кеңшарына қарасты, Ордабай елді мекенінде дүниеге келген. Қошанкөл ауылдағы Ғ.Бегалиев орта мектебінде білім алып, мектепті аяқтаған соң, 1977 жылы шілде айынан бастап, Қошанкөл кеңшарының екінші бөлімшесіне әкесі Закариянов Қауметтің қасына малшы көмекшісі болып жұмысқа қабылданады. 1982 жылы 4 мамырдан бастап жолдасы Жексенбай Алпысұлы Ғиззатовтың қасына көмекші шопан болып тағайындалған. 1986 жылдың 8 қыркүйек күні жолдасының қасына көмекші малшы болып тағайындалып, 1997 жылы Қошанкөл кеңшары тарағанша малшы көмекшісі болып қызмет атқарған. Қошанкөл кеңшары таратылып, орнына Қошанкөл өндірістік кооперативі құралып, кооперативте 1997 жылдан 1999 жылы кооператив таратылғанша малшы көмекшісі болып қызмет жасады. 2005 жылы “Нұраман” шаруа қожалығына малшы көмекшісі болып қабылданып, 2017 жылға зейнетке шықты. Қазіргі уақытта да “Нұраман” шаруа қожалығының Бессалом қыстағында мал шаруашылығына қолғабыс жасап келеді. Бүгінде кейіпкеріміз әулеттің ұйытқысы болып, шаңырағының береке-бірлігін сақтаушысына айналды.

-Мал шаруашылығы атадан қалған кәсіп қой. Сондықтан шамам келгенше төрт-түлікті түгендеп, қора-қопсыны қамдап қоям. Рас, ыстық, суықта қиналасың, бірақ барлығы уақытша. Таң бозынан күн қызарып батқанша ауырмай, сырқамай еңбек еткеннің өзі бір бақыт, -дейді шаруа адамы. Алпысты алқымдаған аққұба, қарт ажарын әлі бере қоймаған ананың жүзінен тек жылылық еседі. Сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпейді дегендей, әлі де сол әдемі қалыптарынан таймаған ана ер кісідей еңбек етіп келеді. Қос алтылықты басқарған Мәриям ананың әр ісі көпке үлгі болмақ.
Совхоздан қалған сарқыт – осы кісілер… Иә, бұндай аналар қайнаған өмірдің қаһарманы дерсіз!
Жұлдыз Асқар,
Казталов ауданы