7.03.2025, 14:45
Оқылды: 486

Сырым ауданында отбасын қолдау орталығы ашылды

 

Сырым ауданында халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жанынан “Отбасын қолдау орталығы” ашылды. Коммуналдық мемлекеттік мекеменің халықаралық әйелдер күнінің қарсаңында жұмысын бастауы тегін емес. Орталық жанұялық шиеленістен, тұрмыстық зорлық - зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге қолдау көрсетеді.

IMG_9413

ҚР Президенті Қасым - Жомарт Тоқаев 2024 жылы сәуірде тұрмыстағы зорлық-зомбылық пен педофилияға жазаны күшейтетін заң жобасына қол қойды. Оған себеп - Қазақстан қоғамында асүйдегі “жұдырық шеберлерінің” көбейіп кетуі. Ерлі - зайыптылардың  арасындағы кикілжің мен даудан үшінші тарап - балалар зардап шегіп жатыр. Отбасын қолдау орталықтарының мақсаты - тұрмыстық зорлық - зомбылықтың аса ауыр салдарының алдын алу, жәбірленушілерге уақытша пана беру, психологиялық оңалту.

Дәл осындай қамқоржайды ашу туралы Сырым ауданының әкімі Ж. Батырниязовтың 2024 жылғы 9 желтоқсанда арнайы қаулыға қол қойды.  Бүгінгі таңда мекеменік құжат жұмыстары аяқталды. Ендігі шаруа - материалдық базасын нығайту. Кеңседен бөлек, келушілерге тұрғын бөлмелері керек. Жергілікті билік осы мәселелермен айналысуда.

Орталық директоры болып мәдениет саласында бірқатар жыл еңбек еткен, партиялық жұмыстарға, жалпы ауданның қоғамдық - саяси өміріне араласып жүрген іскер әйелдердің бірі Ақкүміс Мұрадымова тағайындалды. Орталықта басшыдан бөлек әлеуметтік қызметкер, психолог, заңгер және есепші штаттары бар.

IMG_9392

Жаңа мекеменің таныстырылымына Сырым аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Амангелді Мекин, жергілікті полиция қызметінің басшысы Бекболсын Меңешов, Сырым аудандық білім беру бөлімінің қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі бастығы Гүлнұр Қуанбаева және Жымпитыдағы медицина, білім беру ұйымдарының басшылары қатысты.

Сырым аудандық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Кенжегүл Исатаеваның айтуынша, отбасын қолдау орталығы жоғарыдағы салалармен тығыз әріптестікте жұмыс атқаратын болады.

Отбасын қолдау орталықтары әйелдердің құқығын қорғау басымдық беру арқылы қит етсе бала - шағасын жинап, үйінің есігін тарс жауып шығып кететін келіншектерді “тәрбиелеп” алмай ма деген қорқыныш бар. Бұл сауалдарға әлі қайта ораламыз.

Қайткенде де, люкс - орталықтар да өзіңнің жылы үйіңді, психологтар әке мен ананы алмастыра алмайды. Жанұялар осыны түсінсе екен.

Бауыржан Ширмединұлы, 

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале