Бүгін Теректі ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова жұмысшы маман әйелдермен кездесті. Кездесуге ауданның дамуына үлесін қосып жүрген және көп балалы аналар қатысып еркін форматта әңгіме дүкен құрды.

«Сіздерді келе жатқан 8 наурыз - Халықаралық мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін көктемнің ең әдемі мерекесі қарсаңында бас қосып отырмыз. Әрдайым мына өмірге сән беріп, жылу таратып, қоғамда өз орындары бар әйел жандарға, алғысымды білдіремін! «Әйел – әр шаңырақтың шамшырағы, әр отбасының нұр-шуағы, демек, мемлекеттің құт-берекесі» деп әйелдер қауымының адамзат қоғамындағы мән-маңызы өте жоғары бағаланады. Сол себепті біздің елде отбасылық құндылықтар мен әйелдер мүддесі үнемі жіті назарда. Бүгінде елімізде қажетті отбасылық-гендерлік саясат жүзеге асырылуда. Отбасыға, ана мен балаға қолдау көрсетудің кешенді жүйесі қалыптасқан. Ауданымыз бойынша 785 көпбалалы аналар болса, оның арасында «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана» иегерлері 522 адам. Жалпы мәдениет, білім, денсаулық сақтау саласында 65 – 70 пайыздан астамы әйел жандар. Экономикамыздың негізі болған - шағын және орта бизнесте кәсіпкер әйелдер 50 пайызды құрайды. Жалпы облысымыз бойынша жоғары көрсеткіштң көрсетуде. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметте гендерлік құрамы жылдан жылға өзгеруде. Берілген ақпаратқа сәйкес, аудан бойынша жергілікті атқарушы органдарда 148 мемлекеттік қызметші жұмыс атқарады, оның 73-і әйел адам, яғни 50 пайызы дерлік қыз балалар дегенді көрсетеді. Олар үлкен жауапкершілік танытып, халыққа адал еңбек етуде. Шыңғыс Айтматовтың «Адамды құрметтеуден, әйелді құрметтеуден асқан бақытты көрмедім» деп тебіренуінде терең мән жатыр. Сіздер сол құрметке әбден лайықсыздар! Сіздердің өткен жолдарыңыз, өмірлік мектебіңіз бен отбасылық татулығыңыз – жастарға үлгі. Әрдайым амандықта болып, істеріңізге сәттілік тілеймін! Құрметті асыл аналар, ардақты арулар. Сіздерге еліміздің дамуына, ел бірлігін нығайтуға бағытталған еңбегіңізге алғыс айтамын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Көк байрағымыздың тұғыры биік болсын. Егеменді еліміздің келешегі кемелденсін», - деген аудан әкімі Әлия Биғазықызы жиналған нәзік жандыларға гүл шоғын ұсынып, естелік сыйлықтарын үлестірді.

Темірболат Әнуарұлы,
Теректі ауданы
