Жәнібек ауданында алғаш рет аудандық мәдениет үйінің фойесінде он саусағынан өнер тамған, ісмер, шебер қыздардың қолынан шыққан әдемі дүниелердің сән көрсетілімі өтті.

Сәнмен киініп, талғаммен таңдай білу – бұл да үлкен өнер. Бүгінгі сән көрсетілімінің мақсаты – ауданымыздағы ісмер әйелдердің қолынан шыққан бұйымдарды насихаттай отырып, жастарымызды талғампаздыққа, әдемілікке, сұлулыққа баулу.

Сән мінбесінде алғаш рет Айдана Нарынованың ұлттық бағыттағы «Зерлі киім – зергек бала» коллекциясы мен түрлі ұзындықтағы шілтері матадан, атлас матадан тігілген кешкі көйлектер мен отбасылық мерекеге арналған ұлттық киім үлгісінде ұсынылды.

Одан соң ісмер, шебер, киім дизайнері Әлия Қадырованың коллекциясы ұсынылды. Әлия Серікқызының ұлттық және этно стильдегі киім үлгілері және қолөнер бұйымдары көрсетілді. Сондай-ақ мектеп оқушыларына арналған ұлттық ойын жобасы ұсынылды. Бұл жоба «Секіртпе» деп аталады. Ойынның түрі қазақтың ою өрнектерін жаттау есте сақтау қабілеттерін дамытуға арналған.

Және де күйгенкөлдік Ұлдай Шұғайқызының салтанатты шараға немесе театрға, тағы басқа мәдениет орындарына баруға арналған ыңғайлы әшекей бұйымдары көрсетілді.

Сән мен сымбат жарасқан шара соңында қазақ келіндерінің заманауи киім үлгілерімен қатар ақ кимешегі жарқыраған асыл әжелер де көз тоярлықтай сән үлгісін көрсете білді.
Бану Самат
Жәнібек ауданы