12.03.2025, 15:45
Оқылды: 447

Облыстық бюджет – 517,3 млрд теңге

Облыстық мәслихатта IV шақырылымдағы облыстық қоғамдық кеңестің алғашқы отырысы өтті. Ең алдымен, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасын сайлау үшін кеңес мүшелері тарапынан екі кандидат ұсынылды. 

3d2bf9b1-3b40-4d1f-9a94-38e5f13cf1cc

Ұзақ жыл мемлекеттік қызметте істеген, қоғамдық жұмыстарды тиянақты атқаруда тәжірибесі мол Бауыржан Атауов көпшілік дауысқа ие болып, қоғамдық кеңестің төрағасы болып сайланды. Тағы бір айта кетерлігі, IV шақырылымдағы қоғамдық кеңес мүшелері 70 пайызға жаңарған.

Кеңес төрағасы сайланған соң, күн тәртібі бойынша кеңес ережесін бекіту мен 2025-2027 жылдарға арналған өңірлік бюджетке өзгерістер енгізу мәселесі қаралды.

Облыстық қаржы басқармасының басшысы Нұрлан Есенғалиевтің берген мәліметіне сүйенсек, 2025 жылға арналған облыстық бюджет 517,3 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде әлеуметтік салаға 5,5 млрд теңге бағыттау жоспарлануда. Мәселен, білім беруге 2 млрд, мәдениет пен спортқа 2,5 млрд, денсаулық сақтауға 743,6 млн теңге, әлеуметтік қамсыздандыруға 263,4 млн теңге қаралған.

– Жоспарланған шығыстардың негізгі бөлігі білім беру, мәдениет және спорт ұйымдарын күтіп ұстауға және ағымдағы жөндеу мен материалдық-техникалық жабдықтауға 3,5 млрд теңге бағытталған. Сондай-ақ «Еуразия» туристік кешенін күрделі жөндеуге және абаттандыруға 719,5 млн теңге,  Орал қаласы Медколледж ауданындағы 600 орындық мектептің инженерлік желілер және Сырым колледжінің 30 орындық жатақханасы құрылысын аяқтауға 234,7 млн теңге, денсаулық сақтау бойынша 5 нысанның құрылысын аяқтауға (Бөрлі ауданындағы медициналық пункт, Сырым ауданындағы дәрігерлік амбулатория, Бәйтерек ауданындағы үш медициналық пункт бойынша сыртқы инженерлік желілердің құрылысы) 109,4 млн теңге қарастырылған. Ал «А. Островский атындағы драма театры» ғимаратын және Бәйтерек ауданындағы Шолохов мұражайын күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтауға 417,1 млн, Қаратөбе ауданының Қоржын ауылында орналасқан мəдениет үйінің құры-лысын аяқтауға 532,2 млн теңге көзделді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа 17,5 млрд теңге бағыттау жоспарлануда. Оның негізгі бөлігі Орал қаласында кезекте тұрғандар үшін кредиттік тұрғын үйлерді сатып алуға 10,6 млрд, 12 ауданға халықтың әлеуметтік осал топтары үшін тұрғын үйлерді сатып алуға 1,2 млрд, Бөрлі және Казталов аудандары үшін «Қаладан – ауылға» пилоттық жобасы шеңберінде тұрғын үйлерді сатып алуға 165,6 млн теңге бағытталды, – деп атап өтті облыстық қаржы басқармасының басшысы Нұрлан Есенғалиев.

Ауыл шаруашылығы және қоршаған ортаны қорғауға 4,2 млрд теңге бағыттау жоспарлануда. Республикалық бюджеттен берілетін трансферттер есебінен «Орал қаласы Круглоозерный ауылынан жоғары Жайық-Көшім суарусуландыру жүйесіне және Жайық өзені жағалауын нығайту жұмыстары» нысанының құрылысына 2 млрд,  аудандық ветеринариялық пункттерді қызметтік аутокөліктермен қамтамасыз етуге 424,5 млн, «Батысирригация» КММ-не арнаулы техника және орман шаруашылығы мекемелеріне құрал-жабдықтар сатып алуға  406,3 млн, Жәнібек ауданындағы Жақсыбай-Сарыөзен каналын қайта құруды аяқтауға 213,9 млн теңге бағыттау жоспарлануда. Сондай-ақ көлік инфрақұрылымын қаржыландыруға 2,6 млрд теңге қарастырылған.

Кеңес мүшелерінің бірі Нұрлан Сәдір Бәйтерек ауданындағы Шолохов мұражайына күрделі жөндеу үшін бөлінген қаражатқа қатысты өз ойын білдірді.

– Шолохов мұражайын жөндеуге 200 млн теңге бөлінген. Бұл мұражай бізге қаншалықты қажет? Кезінде Кеңес үкіметінің идеологиясы бойынша керек болған шығар?! Дәл қазір саралап қарасақ, бұл кісі біздің өңірге қаншалықты еңбек сіңірді? Оның қасында бізде қазаққа еңбегі сіңген Ғұмар Қараш, Жұбан Молдағалиевтің мұражайы жоқ. Сол мұражайды жалпы өлкетану музейіне айналдыруға болмай ма? –  деген ұсынысын айтты. Нұрлан Сәдірдің бұл ұсынысына кеңес мүшелері де қолдау танытты.

IV шақырылымдағы облыстық қоғамдық кеңестің алғашқы жиналысында облыстық қаржы басқармасының баяндамасына қатысты сұрақтар қойылып, тиісті басқарма басшыларынан жауап алынды.

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале