Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысының орынбасары, подполковник Альберт Бекмұханов пен ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыс бойынша департаменті шекара қызметі басшысының орынбасары, подполковник Мереке Аймағанбетов көктемгі әскери қызметке шақыру барысы турасында баяндама жасады.
Альберт Бекмұхановтың сөзінше, биылғы 1 наурыздан бастап жергілікті атқарушы құрылымдардың әскерге шақыру пункттерінде әкім орынбасарларының төрағалығымен қалалық және аудандық әскерге шақыру комиссиялары өз жұмысын бастады. Бұл комиссиялар 30 маусымға дейін Қарулы күштердің, Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің, Ұлттық ұланның және Мемлекеттік күзет қызметінің қатарын 600-ден астам әскерге шақырылушымен толықтыруды жоспарлап отыр.

– Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатылуға негіздері жоқ 18-27 жас аралығындағы Қазақстан азаматтары мерзімді әскери қызметке шақырылады. Әскерге шақыруға қатысты барлық қызмет электронды үкімет порталы арқылы көрсетіледі, ал бұл жұмыстарға жергілікті атқарушы құрылымдар жауапты. Әскерге шақырылушыларды хабардар ету SMS-хабарламалар тарату, сондай-ақ үй немесе қызметтік мекенжайларына жеке шақыру қағаздарын жолдау арқылы жүзеге асырылады. Қорғаныс министрлігі әскери қызметтің тартымдылығын арттыру мақсатында бірқатар ынталандыру шарасын іске асыруда. Мысалы, мерзімді әскери қызмет өткеру кезеңінде несиелік каникул беру қарастырылған. Былтыр 17 189 әскерге шақырылушының жалпы 6,6 млрд теңге қарызының төлеу мерзімі тоқтатылды. Сондай-ақ әскери қызметін толық өтеген азаматтарға жоғары оқу орындарына ҰБТ тапсырмай түсу мүмкіндігі беріледі. 2024 жылы 1500 азаматқа жоғары оқу орнына сертификат берілді. Егер әскерге шақыру барысында ақша талап ету, мәселелерді әдейі созу немесе сыбайлас жемқорлық деректері болса, «Қарулы күштер – адалдық алаңы» жобалық кеңсесіне немесе сенім телефондарына хабарласу қажет, – деді ол.

Бұған қоса, жиында шекара қызметіндегі көктемгі әскерге шақыру барысы туралы да сөз қозғалды. Жыл сайын шекарашылардың қатарын 180-нен астам сарбаз толықтырады екен.
– Шекара қызметінде борышын өтеген сарбаздар алған білімдері мен тәжірибелерінің құндылығын жақсы біледі. Сондықтан да бізден әскерге аттанған сарбаздардың 50%-ы алты айдан кейін немесе қызметін аяқтаған соң, үлкен ықыласпен шекара қызметіне қайта оралып, келісімшарт бойынша жұмысқа орналасады. Біз өз қызметкерлерімізге 300 000 теңгеден бастап жалақы төлеп, екінші деңгейлі банктер арқылы пәтер алу мүмкіндігін қарастырамыз. Толыққанды медициналық көмек пен профилактикалық тексерулермен, әскери киіммен қамтамасыз етеміз. Шекарада шыңдалған сарбаздар біздің қатарымызға қайта қосылып, ел игілігіне қызмет етуді абырой санайды. Бұл – шекара қызметінің беделі мен берік дәстүрінің айқын көрінісі, – деді М. Аймағанбетов (суретте).
Аружан Болатбекқызы,
«Орал өңірі»

Сурет: сайт архивінен