Бүгін Жәнібек ауданындағы №1 мектеп-лицей базасында аудандық білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен ХХ «Жұлдызай-2025» республикалық мүмкіндігі шектеулі балалар шығармашылығы фестивалінің аудандық кезеңі өтті.

Байқауға қатысушылар «Вокал», «Хореография», «Аспапта орындау» аталымдары бойынша өз өнерлерін ортаға салды.
Фестивальдің ашылуында аудандық білім беру бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Жанар Жұмалиева құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға жылы лебізін білдіріп, сәттілік тіледі.

Фестивальге ауылдардан келген 10 оқушы сахна төрінде өз өнерлерін көрсетті.

Байқаудың қорытындысы бойынша «Вокал» аталымы бойынша жүлделі 2-орынды Т.Жароков атындағы орта мектебінің оқушысы Нұрлы Ғаламат алса, А.Оразбаева атындағы негізгі мектебінің оқушысы Дина Қанатбай облыстық кезеңге өтті.

«Хореография» аталымы бойынша жүлделі 3-орыннан А.Оразбаева атындағы негізгі мектебінің оқушысы Жансая Жендетқали, Х.Халиуллин атындағы орта мектебінің оқушысы Айбын Әдірхан, Ө.Сахипов атындағы орта мектебінің оқушылары Наргиза Сәбекен мен Ақниет Қадырболат көрінді. Ал жүлделі 2-орынды Т.Жароков атындағы орта мектептің оқушылары Алмат Сағынғали мен Мержан Уәли иеленді. Ғ.Абдуллин атындағы орта мектебінің оқушылары Әділхан Қадырболат пен Асылжан Уәлиолла облыстық кезеңге өтіп, аудан намысын қорғайтын болады.

Байқау соңында өнерлі балалар «Жұлдызайдың» гимнін шырқап, мәре-сәре болып, тарқасты.
Айта кету керек ХХ «Жұлдызай» республикалық мүмкіндігі шектеулі балалар шығармашылығы фестивалінің аудандық кезеңіне «БатысБизнесСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі демеушілік көрсетті.
Бану Самат,
Жәнібек ауданы