13.03.2025, 15:45
Оқылды: 484

Шыңғырлау ауданында көктемгі қар суынан қорғану шаралары басталды

Қыстың ызғары тез қайтып, көктемнің жылымығы басталды. Қырды жауып, ауылды басып, сіресіп жатырған ақ қардың көбесі сөгіліп, босап кетті. Қар астын кеулеген су ойпаңдарға үйіріліп, суағар жерлерге ентеледі. Көктемгі қар суынан қорғану шаралары басталды. Былтырғы ерте еріген қар аудан орталығын да, ауылдарды да біраз әбігерге салған еді. Биыл бұл науқанға даярлық та, қарғын суға қарсы іс-қимылдар да ерте басталып кетті. Шыңғырлау ауданы орталығындағы су ағыны баяу және су көп жиналатын көшелердің қары шығарылып жатыр. Техникалар тоқтаусыз жұмыс жасауда.

Изображение WhatsApp 2025-03-12 в 16.25.07_9d980d2d

Қар суының алдын алу бағытындағы жасалып жатырған жұмыстар тұрғысында аудан әкімінің орынбасары Миржан Нұртазиевке жолығып бүгінгі ахуалды сұрағанбыз:

-Қазір суағар арықтар, су өткізу құбырларының барлығы аршылып қойылды. Олардың жалпы саны-126. Су тым көп жиналатын 11 көшенің қары шығарылып бітті. Жалпы көлемі 16500 текше метр қар шығарылып тасталды. 4000 метр арықтар тазартылды. 16 техника 181 адам тартылды. Барлық ауылішілік көшелер, қалаға шығар жолдар, Шыңғырлау-Сегізсай бағытындағы жолдың Ақшатқа дейінгі аралықтағы жолдары таза, қатынас бар. Ардақ-Ақтау бағыты және Ақшаттан әрі қарайғы жолдар қар еруіне байланысты әзірге қауіпті.

Аудан орталығында кезекшілік ұйымдастырылды. Кезекшілікте округ әкімдігі аппараты, ТҮ КШ, ЖК және АЖ бөлімі мен ТЖ бөлімі негізгі рөл атқарады. Қандай да бір қоңырау түскенде осы кезекші топтар жағдай орнына жетіп, ахуалды бағамдап, не істеу керектігін айтып отырады. Бұдан басқа мекемелер мен ұжымдар мамандарынан құрылған жедел қимыл тобы қажетті құтқару, қорғау, сақтап қалу жұмыстарын ұйымдастырады. Қажетті жерге инертті материалдар жеткізіп, су жолын бөгеу, жедел эвакуациялау қимылдарын жүргізеді.

Бүгінгі таңда тұрғындарға қандай қарекетті қолға алу керек деген сұрағымызға Миржан Жанғазыұлы:

-14-16 наурыз күндері аралығында ауа температурасы 10-12 градусқа көтеріледі, қардың күрт еруі болады деген ауа-райы болжамы бар, осыған байланысты барлық тұрғындарға аса сақтық керек. Біріншіден үйлерінде болуы керек, су келіп қалған жағдайда бейқам жүрмеуі керек, қаперсіз ұйықтап қалмауы тиіс. Тәуліктің қай уақытында да сергектік танытып, ауласы мен үйі, қора-жайларына сақ болуы керек. Ауласындағы қарларды шығарып тастау, жиналған суларды жыру жұмыстарын тоқтатпауы тиіс және 101 жедел желісіне қауіпті жағдайды жедел хабарлауы тиіс,-деп жауап қайтарды.

482028873_2081277532284004_2232439255692585622_n

Ауылдық жерлер де осы бағытта жұмыстанып жатыр. Барлық округтерде жолдар, ауыл көшелері, су өткізу құбырлары тазартылып, қажетті инертті материалдар, қапталған құмдар, мотопомпалар мен көліктер, тракторлар дайындалып қойылған.

Өткен жылғы тасқында Қайыңды, Ақтау және Ащысай ауылдарына қарғын су қатты жақын келген еді. Биыл да осы ауылдарға қаттырақ назар аударылатын болады.

                                                                                                                            Қаршыға Асу

 Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале