Ұлы Отан соғысында етігімен су кешкен ардагерлердің бірі Шәйда Барақбаев еді. Ол 1916 жылы 13 қазанда Гурьев облысы Қызылқоға ауданының № 12 ауылында дүниеге келген. Ауылдағы мектептен қара таныған жасөспірім 1932 жылы Гурьев қаласында мұғалімдер училищесін бітіріп, мұғалім болып жұмыс істейді. 1938 жылы 10 қазанда Қызыл Армия қатарына шақырылады. Әскери даярлықтан өтіп, 1938 жылғы 15 желтоқсанда 110-шы әуеайлақтық қызмет көрсету батальонының жанында әскери ант қабылдайды.
Осылайша әскери өмірге бейімделіп, шынығып, түрлі жаттығуларды жасап жүрген шақта тұтқиылдан екінші дүниежүзілік соғыс басталып кетеді. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап бөлімше командирі, сержант Шәйда Барақбаев СТ-35 телеграф аппаратының маманы ретінде жауынгерлік іс-қимылдардың алдыңғы шебінен табылады. Бес жылға созылған соғыс уақытында жауды еңсере қуып, Отанымызды азат ету әр жауынгердің басты арманы болғаны анық. От пен су кешкен ол бұл қан майданда қаруластарының қазасын да көрді, ерліктеріне де куә болды. Өзі де Жеңіс үшін деп қу жанын аяған жоқ. Ш.Барақбаев 1945 жылы 9 мамырда соғыстың соңына дейін соғыста болады. ҚСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Бас Қолбасшысының, Кеңес Одағының Маршалы И.В.Сталиннің бұйрығымен сержант Ш.Барақбаевқа 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезіндегі үздік жауынгерлік іс-қимылы үшін жеті рет алғыс жарияланады.
Ол майданнан 1945 жылы 11 қазанда елге оралып, Алмаз ауылына келіп, мектепте мұғалім, соңғы жылдарда жанармай құю стансасының меңгерушісі болып жұмыс істейді. Жоғары өнімді еңбегі үшін Шәйда «Еңбек ардагері» медалімен, 1985 жылы ІІ-ші дәрежелі Отан соғысы орденімен, ал Жеңістің 20,30,50 жылдықтарына орай мерекелік медальдармен, адал еңбегі үшін бірнеше рет Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Соғыс және еңбек ардагері Шәйда Барақбаев 1976 жылдан зейнетке шыққан. Әйелі Барақбаева (Бекчурина) Кашипамен бірге үш ұл және алты қыз тәрбиелеп өсірді. Ол жұмыстағы әріптестері мен ауыл тұрғындары арасында лайықты беделге және құрметке ие болып, батыр жауынгер 1997 жылы 7 наурызда дүниеден озады.
Гүлшат Ибрагимқызы
Шыңғырлау ауданы