13.03.2025, 17:45
Оқылды: 418

Бөрлі ауданындағы екі кітапхана заманауи үлгіде қайта ашылды

Бөрлі ауданының кітапқұмар оқырмандары үшін керемет жаңалық. Ауданымыздың Пугачев ауылдық және Ақсай қаласындағы №4 қалалық кітапханалары «Ауыл кітапханаларын модернизациялау» жобасы аясында жаңарып өз есіктерін оқырмандарына заманауи қалыпта айқара ашты. Жалпы модернизациялау кітапханалардың жұмысын жаңа бағытқа бұра отырып, заманауи технологияларды пайдалану мақсатында іске асырылып отырған жоба. Кітапханалардың модернизациядан өтіп, жаңаруы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Қазақстан халқына» және «Тана» қоғамдық қорларының қолдауымен, Батыс Қазақстан облысы мен Бөрлі ауданының әкімдіктерінің арқасында жүзеге асырылды.

«Қазақстан халқына» қоры, Батыс Қазақстан облысы әкімдігі және «TANA» қоғамдық қоры жүзеге асырып отырған қайырымдылық жобасы аясында облыстағы 356 кітапхананың 25-ін жаңартылып, қауымдастық орталықтарына айналдырылады.

Аталған кітапханалардың «Жаңа дәуір: жаңа қоғам – заманауи кітапхана» атты ашылу салтанатына аудан әкімдігінің аппарат басшысы Ерік Төлепқалиев, ақын, жұбантанушы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Үзілдік Елеубайқызы, Х.Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының директоры Эльвира Аманғалиева және Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебеп кітапханасының Кітапханаларды дамыту бөлімінің меңгерушісі Лаура Сатыбалдиевалар қатысып, сөз сөйлеп, жаңа кітапхананың ашылуымен құттықтады. Сондай-ақ кітапханалардың ашылу салтанатына кітапхана ісінің ардагерлері мен тұрақты оқырмандары да қатысты.

513c6cf4-a0d8-467c-aa19-853c7d6fb489

  • «Ауыл кітапханаларын модернизациялау» жобасы аясында «Тана» қоғамдық қоры БҚО кітапханаларының ішінен 25 ауылдық кітапхананы таңдап, жаңартуын қолға алды. Оның 6-ы аудандық кітапхана, 12-сі ауылдық кітапхана. 2024 жылдың желтоқсан айынан бастап Бәйтерек ауданының Рубежный, Дариян, Переметный, Теректі ауданының Подстепный, Тасқала ауданының Амангелді, Тасқала ауылдық кітапханалары модернизациядан өтті. Ал қазіргі уақытта Бөрлі ауданының Пугачев ауылдық және №4 қалалық кітапханалары модернизациядан кейін ашылуда. Бұл «Тана» қоғамдық қоры мен «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының демеушілігінің арқасында жүзеге асырылып отыр. Осы жоба арқылы кітапханалар жаңа техникамен жабдықталып, 1500-ден аса кітап қорымен, үйірмелерге арналған аспаптық құралдармен де қамтамасыз етілді, - дейді өз сөзінде Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебеп кітапханасының Кітапханаларды дамыту бөлімінің меңгерушісі Лаура Болатқызы.

Негізінен Пугачев ауылдық кітапханасы 1962 жылы ашылып, осы уақытқа дейін халық игілігі үшін қызмет етіп келеді. Аталған кітапханада 16 000-ға жуық кітап қоры мен 2000-ның аса оқырманы бар. Пугачев ауылдық кітапханасы 2012 жылы модельді кітапхана мәртебесіне ие болса, ал бүгінгі күні модернизациядан өтіп, заман талабына сай жаңарды.

ac3e0d4a-833f-4068-bd8a-e446a95242bb

Кітапхананың ашылу салтанатында кітапханашылар жаңа орталықпен таныстырып өтті. Жаңа Пугачев ауылдық кітапханасының кітап оқу залы екі бөлімнен тұрады. Орталықта «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында ел болып оқуға арналған «Қазақ әдебиетінің қос шырағы Тәкен Әлімқұлов пен Жұмекен Нәжімеденовтің шығармалары және биылғы жылы тойланатын мерейгер кітаптар бұрышы бар. Сонымен қатар оқу залында өлкеміздің тарихы туралы және «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында әртүрлі сериямен шыққан кітаптар орналасқан. Кітапхананың медиатека залы сандық технологиялар мен мультимедиалық ақпарат көздері, сапалы моноблоктар, жоғары жылдамдықты интернет және Wi-Fi қызметі қарастырылған. Жаңа орталықтың балалар бөлімінде түрлі ертегі, энциклопедия, танымдық суретті кітаптар мен комикстар бар. Жаңа кітапхана тек кітап оқитын орын ғана емес, сондай-ақ шығармашылық үйірмелері бар орын. Атап айтсақ, қолөнерге үйрететін «Шебер қолдар» үйірмесі, үстел ойындары, яғни, шахмат, тоғызқұмалақ ойнайтын интеллектуалды алаң мен конференция залы да қарастырылған.

  • Ауданымызда оқырмандар игілігі үшін Пугачев ауылдық кітапханасы және №4 қалалық кітапхана өз оқырмандарына жаңаша бағытта қызметін бастағалы отыр. Заманауи кітапхана кітап оқып қана қоймай, түрлі бағытта қызығушылықтары бар оқырмандардың тоғысатын орталығына айналады деген ойымыз бар. Модернизациядан өтіп отырған 2 кітапхананың да ағымдағы жөндеу жұмыстары жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға жасалды. Ал одан басқа барлық жиһаздар мен техникалар «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының демеушілігімен және «Тана» қоғамдық қорының дизайн проектісі бойынша іске асырылып отыр. Біз кітапханалық жобалар бойынша жұмыстар жүргіземіз. Сонымен қатар бізде патриоттық, экологиялық және тағы басқа бағыттар бойынша қызығушылық клубтары, үйірмелер өз жұмыстарын жүргізеді, - дейді Бөрлі орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Айгүл Мұсаева.
  • 7481388b-6d82-4568-8107-65883b34e646

Жаңадан ашылған №4 қалалық кітапханада да оқу залы, медиатека, балаларға арналған шығармашылық орталық, өнер залы, креативті кеңістік пен түрлі үйірмелер жұмыс жасайды. Аталған кітапхананың қазіргі уақытта кітап қоры 5000-ға жуық. Оның 800 данасы «Қазақстан халқына»  қорының демеушілігімен келген. Кітаптардың барлығы да бүгінгі таңда жастардың сұранысына ие кітаптар.

5c5bc752-731a-4073-84eb-6f45d5648a93

Қазіргі уақытта Пугачев ауылдық және №4 қалалық кітапханаларында 5 кітапханашыдан жұмыс жасайды. Ауданымызда 27 кітапхана бар. Оның 18-і ауылда, 9-ы қалада орналасқан.

Айдана Абдрахманова

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале