13.03.2025, 18:00
Оқылды: 517

Сансызбай салған ән қандай!

Жуырда Шыңғырлау ауданы Ащысай ауылында тамаша бір ән кеші өтті. Дүбірі көпті жинаған бұл кештің  тақырыбы да «Өнерім-өмірімнің өрнегі» деп аталған екен. Кеш иесі Торыатбасы тауынан ән оздырған ауданымыздың өнерпаз перзенті, Қазақстан композиторлар Одағының мүшесі, әнші жерлесіміз Сансызбай Сұлтанғалиев.

Изображение WhatsApp 2025-03-12 в 23.43.21_8cebfedb

Шығармашылығының басым бөлігі туған ел, өскен өңір туралы патриоттық әндер мен адами құндылықтарға арналған ғибратты әндерді қамтитын әншінің тағы бір тартымды қыры-жергілікті шығармашыл жандардың туындыларын жарыққа алып шығуы. Иә, оның репертуарын әдетте Қайрат Темірғали, Жұмаберген Оспанов, Ғайсағали Сейтақ, Қаршыға Асу, Самат Байболат сынды жерлестерінің туындылары толықтырып отырады. Ащысай аспанын тербеткен бұл кештің де ажары осынау «Шыңғырлауым», «Шыңғырлау вальсі», «Шыңғырлауым-шаңырағым», «Торыатбасым», «Жер бетіндегі жұмағым», «Бақ құсым», «Шағалалар», «Әке» әндері болды. Туған жерге деген махаббат, елге деген сағыныш пен анаға құрмет, әкеге тағзым, сүйген жарға деген сүйінішке толы әндердің бірінен соң бірі шырқалып, жиналған жұрттың көңілді биіне, ыстық қошаметіне ұласып жатты.

Шындығында да әнші репертуарындағы қай ән де сөзі мен әуені үйлескен, орындалуы тамаша, үлкен сахналарға еркін шыға алатын әндер.

Изображение WhatsApp 2025-03-12 в 23.43.22_683b28e1

Бұл шығармашылық кешті ауқымды мәдени жоба ретінде көрерменге алып шыққан Сансызбай жан-жары Ырыскүлмен бірге ауданның барлық ауылдық округтеріне қойып келеді. Ащысай ауылы жобаның ақырғы нүктесі болатын. Әнге құмар ауылдағы ағайын қай жерде де аса ыстық ықыласпен қарсы алып, әншімен бірге ән шырқады, дүрілдете қол соғып, дүбірлете қошемет көрсетті.

Әндері де бірінен бір өтеді. Шырайы мен шұрайы қатар әдемі Шыңғырлаудың тауы мен тасы ән болып қалқып, ел жүрегіне әуез боп сіңгендей, «Әке», «Жер бетіндегі жұмағым» туындылары әке-ана қадірін ұқтырып, әр санаға құдіретті ұғым боп енгендей.

Әр әннің тарихынан сыр шертіп, таныстыра отырған әнші қыран қонақтар биігі көп туған  мекеннің рухты әндерін әлі талай шырқайтынын айта отырып, нәзік дауысты Ырыскүлімен қосыла шырқады. Әнге елтіген көрерменнің қошаметі арнасынан асып жатты. Көпшілік кеш соңында талай кеудені әнімен сілкіп, әуенімен сергіткен әншілер отбасына алғыстарын білдіріп жатты.

Лайықты өнер қашанда бағаланады. Ал, көрерменінің жүрек пернесін тап басқан Сансызбай жерлестерін осындай әндерімен, ән кешімен талай қуантатынын айтып жатты. Кеш көпшіліктің әнші отбасымен суретке түсу сәтімен түйінделді.

Қаршыға Елемесов

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале