Бүгін Мәстексай ауылдық мәдениет үйінде мәдениет саласының өркендеуіне үлес қосқан азамат, өз ісінің білгірі болған Ұлан Оразайұлының 40 жылдығына орай «Жарқын бейне» атты еске алу кеші өтті.

Кешке марқұмның анасы, қызы, бауырлары, ел ағалары, Орал қаласынан келген достары мен ауыл азаматтары қатысты. Кеш барысында анасы Ұлболсын, өнер жолындағы ұстазы Айбар Негаев, нағашысы Талғат Мұқатайұлы және жақын досы Камалиден Нұрланұлы Ұлан жөнінде естеліктермен бөлісті.
Жерлес ақын Абдул Рахметовтың сөзіне жазылған Саясат Бексариевтың әні «Сағындым сені, Ұланым!» авторлық әнімен Сәтжан Баязиев кешті тербетсе, жаңақалалық ақын Алтынбек Ермекқалиевтің «Ағама арнау» шығармасын Есей Ибрайқұлов оқып берді. Сонымен қатар көзі тірісінде қағаз бетіне түсіріп, жарыққа шығаруға үлгермей кеткен «Түс» әнінің тұсауы кесіліп, мәдени-демалыс орталығының директоры Мұхит Батырханұлы аталмыш округ әкімі Ержан Нағымұлының атынан анасына жаулық жауып, жабырқаулы жанның қайғысын бөлісіп, көңілін аулауға тырысқан барша көрерменге алғысын білдірді.
Өңірімізге жайдарманшы ретінде танылып, сахнада талай жас буынды шыңдаған Ұлан Баесовты еске алу кеші түстен кейін Жайдарман ойынымен жалғасты.
Айзада Ақбасова
Жаңақала ауданы