14.03.2025, 11:00
Оқылды: 135

Механик Шәмшенова

Техникалық  және  кәсіптік  білім  беретін  ұйымдардың  машық  базасында  жұмыс  істейтін  ер-азаматтарды  жиі  байқаймыз.  Бірақ  бұл  салада  еңбек  етіп  жүрген  әйелдер  де  жоқ  емес.  Орал  қаласындағы  А. Иманов  атындағы  жол-көлік  колледжінің  оқытушысы Гүлімай  Шәмшенованың  еңбек  өтілі  отыз  жылдан  асып  барады.  Ол  білім  алушыларға  жол  құрылысына  пайдаланылатын  техникаларды  меңгертумен  қатар,  көлік  бөлшектерін  шашып-жинауды  да үйретеді. 

1b97bdc4-7df4-4fe1-a3ab-04b9c199e792

Жұмысшы мамандықтар жылы қарсаңында түрлі кәсіпорындарда, мекемелер мен зауыттарда тер төгіп жүрген еңбек адамдары көптеп насихатталуда. Еңбегі еленіп, есімі көпке жеткен азаматтар ұстазын ұмытпай, алғысын жаудырып жатады. Әрине, оқу орнындағы оқытушылардың педагогикалық  шеберлігі жоғары дәрежеде болса, түлектері мықты маман иесі болып қалыптасары сөзсіз. Гүлімай Шәмшенованың аталмыш оқу ордасынан түлеген алғашқы шәкірттерінің басым бөлігі – қазір белді қызметкерлер  сапында.

Гүлімай Әбесқызы 1968 жылдың сегізінші тамызында сол кездегі Фурманов ауданына (қазіргі Жалпақтал ауылы) қарасты Талдықұдық ауылында дүниеге келген.

Ауылдық орта мектептің он сыныбын тәмамдап, Орал қаласындағы педагогикалық институтқа оқуға түсуді жоспарлаған екен. Қажетті құжаттарды жинап тапсырғанымен конкурстан өте алмаған. Сөйтіп, Фурмановтағы №17 СПТУ-да ауыл шаруашылығы, тракторлар мамандығы бойынша бір жылдық оқуға түскен.

– Дипломымды қолға ала сала, білімімді жетілдіруді көздедім. Бұл бағытта жоғары білім беретін оқу орындарын іздестіре бастадым. Сөйтіп, 1986 жылы Ресейдің Саратов облысындағы Энгельс қаласындағы индустриалды, педагогикалық техникумға оқуға түстім. Онда үш жыл білім алдым. Мұндағы мамандығым  механик-техник және өндірістік оқыту шебері болатын. Техника саласында білім алғанмен, бұл диплом арқылы оқытушы болуға да мүмкіндік бар. Әуелгі арманымды жүзеге асырдым. Алғашқы еңбегімді Саратов қаласындағы Фильтрлік зауытта бастадым. 1993 жылы Орал қаласына келіп, тұрмысқа шықтым. 1993 жылдың қазан айынан осы күнге дейін А. Иманов атындағы жол-көлік колледжінде аутокран мамандығы бойынша өндірістік оқыту шебері болып қызмет атқарып келемін, – деді Гүлімай Әбесқызы.

Аталмыш оқу орны техникалық бағытта білім бергендіктен, онда қыздарға қарағанда ер балалардың саны едәуір басым. «Әйел заты үшін ер жігіттерге сабақ беру қиын ба? Сабақ уақытында тіл алмай, шулайтындар бар ма?» деп сұрап көрдік. Сөйтсек, студенттер ол кісіге құрметпен қарап, қайта сабағында белсенділік танытып, тақырыпты іліп әкететін көрінеді. Білім көкжиегі кең, сан жылдар бойы тәжірибе жинақтаған Гүлімай Әбесқызының әріптестері алдында да шоқтығы биік.

d7339c04-3c0b-4181-99f6-ff1045caffb0

Гүлімай ханымның сыныбы колледждің екінші корпусында екен.

Ғимаратқа ене бергенімде, кіші қызметкерлердің бірінен жөн сілтеуін өтіндім. Сөйтіп, оңға қарай бұрылдым да, соңғы сыныптың есігіне бет түзедім. Алдымнан жылы шыраймен қарсылап, кабинетіне кіргізді. Мұнда қабырға тақтасынан бөлек, неше түрлі ауыр техникалардың қозғалтқыштары (мотор), көлік бөлшектері бар екен. Кейіпкер өмірбаяны туралы айтып болған соң, әңгіме аясы кабинеттегі «дәу» қозғалтқыштарға  ойысты.

– Бұл – лабораториялық сынып. Студенттер техника қозғалтқыштарын бөлшектеп, қайта құрайды. Ол үшін арнайы сабақ жоспары бекітілген. Белгіленген уақыт ішінде бөлшектер қандай қызмет атқаратынын үйренеді. Мәселен, алдыңызда тұрған фольксваген жүк көлігінің қозғалтқышы жұмыс істеп тұр.  Жақында ғана студенттер шашып, қайта жинақтап, поршеньнің (көлік бөлшегі) көлік қозғалысындағы әсерімен танысты. Қазір ЗИЛ көлігінің қозғалтқышын бөлшектеу үстіндеміз.

Трактордың қозғалтқышы да қолданысқа жарап тұр. Аккумуляторын салса, тұтанады. Жыл сайын ауыр техника бөлшектерін шашыпжинаудан облыстық жарыс өтеді. Бұл байқауға аудандағы оқу орындарынан да студенттер келіп қатысады. Біздің лабораториялық сынып – байқаудың бұлжымас орны. Себебі оқу орны керекті жабдықтармен толық қамтылған. Бұрын студенттерге теория тұрғысында білім беру үшін оқу-әдістемелік құралдар жеткіліксіз болған. Техниканың қыр-сырын түсіндіретін кітаптардың көбі орыс тілінде. Біз оларды қазақшаға аударып, қосымша ізденіп, бірнеше кітапты жарыққа шығардық. Өзімнің республикалық деңгейде тараған «Автомобиль краны» деп аталатын еңбегім бар, – деді кейіпкеріміз.

Әр жылдың сәуір, мамыр айлары аралығында облыстық WorldSkills байқауы өтеді. Бұл жарыстың республикалық деңгейінде де аталмыш колледждің студенттері жүлделі болып жүр. Сыныптағы көлік бөлшектері жаңарған және олар іс жүзінде жарамды, жұмыс істейді. Колледжде білім алушыларға техникаларды жүргізіп үйретуге арналған автодром бар.

Теориялық сабақтардан өткен жоғарғы топ студенттері аптасына кемі екі рет автодромға келіп, техника жүргізеді. Студенттер жүк көлігін жүргізу үшін алдымен медициналық тексеруден өтеді. Егер нашар көру, талып қалу секілді ауру түрлері анықталса, толық емделгенге дейін студентке техника тізгіні  берілмейді.

Гүлімай Әбесқызының күйеуі Ақсай қаласындағы халықаралық «Sicim» компаниясында жүргізуші болып жұмыс істейді. Осы орайда көлік құралын жетік меңгерген ерлі-зайыптының үйінде қанша көлік бар деген сұрақ ойға келді. Айтқанымыздай, олардың бір емес, үш көлігі бар  екен.

– Біздің үйіміздегі көліктің ескісі – «Волга» аутокөлігі. Одан бөлек «Priora» (Приора) және жаңа үлгідегі «DUSTER» джибы (Дастер) бар. Үлкен ұлым «Болашақ» компаниясында еңбек етсе, кенжесі мектеп қабырғасында білім алып жатыр. Кенжем болашақта әскери оқуға түскісі келеді. Жол мамандығы қазір сұранысқа ие. Сондықтан бұл мамандыққа ерлермен қатар, қыздар да көптеп қызығушылық білдіруде. Марал есімді қайын сіңлім осы оқу орнында білім алған. Қазір металл мұржасын (труба) шығаратын зауытта аспалы кран айдайды. Оның алатын жалақысы көңілге қонымды, әрі өзіне жұмысы ұнайды, – деді  Гүлімай  Шәмшенова.

А. Иманов атындағы жол-көлік колледжі түлектерінің сексен пайыздан астамы тұрақты жұмысқа орналасқан. Оқу ордасының басшылығы түлектері жұмыстан тарықпау үшін өңірдегі 30-ға жуық әлеуметтік серіктестіктермен байланыс орнатқан. Серіктестіктің тәжірибелі қызметкерлері студенттерге шеберлік сағаттарын өткізіп, тың ақпараттарымен  бөлісіп  тұрады.

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале